«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Нұрбол ИБРАЕВ: ЭСТРАДА САХНАСЫНДА ӨЗІМ ЖҮРМЕСЕМ ДЕ, ӨЛЕҢДЕРІМ ЖҮР

Ауданымызға белгілі, халық мақтанышына айналған ақын Нұрбол Ибраевты мұғалжарлықтар жақсы біледі. 2003-2004 жылдары «Ақын болғым келеді», «Болашақтың бастауы» атты өлең кітапшалары мен 2010 жылы «Қанаты жоқ періште» атты жыр жинағын жарыққа шығарған ол қазіргі таңда қазақстандық эстрада жұлдыздарымен жұмыс жасайды.

Көпшілік білетін, бірге қосылып шырқайтын әндердің авторы ретінде танылған жерлесіміз облыстық, республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері әрі жеңімпазы. Өлеңдері республикалық мерзімді басылым беттеріне «Қаламгер», «Әдебиет», «Мәдениет» порталдарына жарыққа шықты. Сөзіне жазылған әндерді Гүлнұр Оразымбетова, Жанар Айжанова, Нұрлан Албан, Ұшқын Жамалбек, Әсет Есжан, Олжас Абай және т.б. әншілер орындап жүр. 2021 жылы Ақтөбе телеарнасының «Тәуелсіздік құрдастары» бағдарламасының кейіпкері болып, шығармашылығы мен еңбек жолына арналған арнайы түсірілім жасалды. «Бір сен үшін» фильмінің, «Мұзбалақ» мультфильмінің, «Тәуекел» телехикаяларының саундтрек авторы. Сөзіне жазылған Гүлнұр Оразымбетованың орындауындағы «Махаббат деген…» әні 2018 жылғы «Жыл таңдауы» байқауының жеңімпазы атанды

ТІЛЕК

Мейірімге жетелеп санамдағы үн,

Кезім көп-ау жұрт үшін алаңдаған.

Мен ешкімнің шалғам жоқ аяғынан,

Құрмаса екен тұзағын маған да адам.

Ұрынса да көнемін жарға басым,

Мейлі, көл боп көз жасым сорғаласын.

Мен пенденің бәріне тілекшімін,

Мені де ешкімендеше қарғамасын!

Сөз қылғанның сұрамай еш себебін,

Ұлтын сүйген ұл болу — көксегенім.

Менің атым сүрінсе ештеңе етпес,

Жұрттың аты бәйгеге жетсе дедім.

Болған емесмендегі тілек те кем,

Ақ бақытты халқыма тілеп келем.

Дүниеге дүр етіп алып келді-ау,

Анам мені атымтай-жүрекпенен… …

О, Құдайым! Көрінбей көзіме көр,

Кеше гөр күн, болса сөзім егер.

Сен мені жазалама, бар болғаны — Жұртқа тілегенімді өзіме бер!

 

АНАМА ХАТ

(топтама өлеңдер)

-1-
Мама!
Саған хат жазамын бүгін мен,
Көңіл құсым сағынышқа жүгінген.
Ұлың сенің ұйықтамайды түндерде,
Емдеу үшін ақ жүрегін тілінген.

Өкініштер ғұмырымның өлшемі,
Қателіктер басып кейде еңсені.
Тәңір саған Ақын ұлды сыйлады,
Сондықтан да, қатты аяймын мен сені…

Өсірген ең «балапаным, күнім» деп,
Қарғыс атқыр, жарымадым ұлың боп.
Ес білгелі саған уайым сыйладым,
Сенің нәзік жүрегіңді тілімдеп.

Қоштасар да, жын әлеммен кем-кетік,
Айтып кетер ақтық сөз жоқ менде түк.
Ақынмын деп есірем де жүремін,
Сенің аппақ көңіліңді кірлетіп…

…Қара түнде жаным жылап менің де,
Періштелер күрсінеді демімде.
Жырларымды құлпытас қып басыма,
«Ақынмын!» деп оранамын кебінге.

(18 тамыз, 2010 жыл)

-2-
Тағдырымнан табылар бақ талабым,
Мама, саған не айтып ақталамын?
Не өмірде оқылар өлең болам,
Не көңілден мәңгілік жоқ боламын.

Күзге ұқсаған ұлыңды көктем демеп,
Ой кептерін ұшырам өткенге кеп.
Саған деген көңілде қаяу да жоқ,
Ал өзіме реніш те, өкпем де көп.

Өлең болып жүрекке тиіп ұшқын,
Сағыныштың шарабын құйып іштім.
Сен бар кезде қасымда сезбеймін мен,
Бар екенін қайғы мен күйініштің.

Қашып жүріп мезі еткен ойдан нұрлы,
Жүрегімнің түбіне қойғам жырды.
Сен уайымсыз өсірген ұлыңды өмір,
Уайымы көп ақынға айналдырды.

Сол себепті жүректе жарам да ауыр,
Маған артқан үмітің санамда жүр.
Ақын ұлдың кешінде тілек айтар,
Бақытты өмір бұйырсын саған да бір…

(12 қыркүйек, 2010 жыл)

-3-
Мама, ұлыңның өр көңілі аспандап,
Жүр қалада жүрегінен жас парлап.
Көрген жұрттар «мынау ақын жігіт» деп,
Арманыма салып берді баспалдақ.

(Есіңде ме бала Нұрбол, жас Нұрбол?)
Деуші едің ғой «адам емес, қасқыр бұл…».
Жан біткенді тамсандырып өзіне,
Көшелерде жыр оқиды мас тағдыр.

Сірә, менің көгермейді-ау көсегем,
Мінезімді бетке басып бөседі ел.
Күйікті мұң сыйладым ба, кім білсін?
Сүйікті ұлың бола алмасам, кеше гөр!

Жүрегіме жұбаныш боп текке жыр,
Миығынан күліп тұрып өтті Өмір.
Бақытына қалатындай жете алмай,
Өзің кейіп ұрысатын «жетпегір».

Қақпасы да елестемей Жұмақтың,
Сұм дүниеден өтіп барам сұлап тым.
Әкім ұл боп қуантқаным жақсы еді,
Амал қанша, ақын ұл боп жылаттым…

Балаң жайлы сөз айтпайды ел тегін,
Бақытты боп бітсе екен тек ертегім.
Шаштарыңа ақ кіріпті, ал маған
ес кірмеді. Өзгерген жоқ тентегің.

Өлеңімнің маңдайынан сипалап,
Нені аңсап жүрмін осы, не қалап?
Не ғой… Мама… Келіп кетші қалаға,
Сізді тағы шақыруда деканат.

(14 сәуір, 2012 жыл)

-4-
Анашым!
Мен үшін жаһұт та сен, лағыл да сен,
Гүлім боп жүре берші бағымда əсем.
Сен барда қайғы-мұң да қуаныштай,
Сен барда жазмышымнан жаңылмас ем.

Тұнығым қу тірліктен бүлінді мың,
Тəубеге келгендей ме ұлың бүгін?..
Мен ғана қайғырайын керек болса,
Сен ғана күліп жүрші күнім, гүлім!

Болмыс та осы мендегі, кескін де осы,
Жоқ қой, ана, ұлыңның ешкімге өші.
Жан жараңды алайын жырмен емдеп,
Маматай…
«Ақ сүтімді кештім» деші…

Ұлыңа берген кезде жұрағат дем,
Күнімді өткіздім бе сірə ағатпен?
Жолыңа құрбан болу түк емес қой,
Ақ сүтің ақталмайды-ау бірақ əттең!?

(21 қазан, 2012 жыл)

-5-
Қайтпасын деп тіледім көштен есем,
Ұлың түнде күнəһар, түсте көсем.
Халық үшін туғаным неге керек,
Анам үшін бір жақсы іс істемесем?

Өмір-тойдан алынған сарқытты, анам,
Ақындық деп бердің бе артып маған?
Ақ параққа жыр төккен жүз түнімнен,
Сені ойлаған бір сəтім артық маған.

Сен туралы ой кернеп санамды мың,
Толқып тұрған жүрегі балаңды ұғын!
Ақын болып күн кешу көк тиын ғой,
Маған қымбат тек сенің амандығың.

Сен күрсінсең себебі, күлкім де кем,
Қандай баққа бөлейін, шіркін, бөтен?
Мейірімін жоғалтқан қоғамда бұл,
Сенсіз ғұмыр кешуім мүмкін бе екен?!

Толғандырып ұлыңды күйің анық,
Сенің күлкің қашанда сыйыма құт.
Қарт болғанша жүрейін мен де еркелеп,
Əжім толы бетіңнен сүйіп алып…

(8 ақпан, 2013 жыл)

-6-
Көлбеңдеп өте шықса көбелек-күн,
Анашым, өмір мəнін сенен ұқтым.
Он шақырым алыстап кетсем болды,
Сен алаңдап жүр ме деп елең еттім…

Бақытқа байласын деп бағымды Алла,
Сендей дұға тілеген табылған ба?
Кешірші, ана…
Кейде ұлың отаға боп,
Сені емес, əйелін сағынғанда.

Тірлікте саған деген тілегім көп,
Өзіңсіз қалай өмір сүремін бек?
Кешірші, ана…
Кейде ұлың өзіңді емес,
Баласын еркелетсе жүрегім деп.

Тізгінін ұстадым ба басқа арнаның?
Уақытымды құрбы мен досқа арнадым,
Кешірші, ана…
Кейде ұлың саған айтпай,
Əкесімен бөліссе жоспарларын.

Сен барда мəн бермеймін дауылдарға,
Сен барда жаурамаймын жауындарда.
Кешірші, ана…
Кейде ұлың саған емес,
Сый-құрметін көрсетсе бауырларға.

…Мені ойладың дұшпаны қас қылар деп,
Мендегі ақын-жүрекке жас тұнар деп.
Сондықтан, ЖҮРЕГІМДЕ қымбат жандар,
жазылған АНА жəне БАСҚАЛАР деп…

(13 желтоқсан, 2017 жыл)

-7-
Табылған күн боп қасымнан,
Анашым менің — асыл жан.
Құдайым жүзге жеткізіп,
Ұшпасын бағың басыңнан.

Айналдым ана өзіңнен,
Мейірім шашып жүзіңнен.
Өмірде жүрміз шаттанып,
Қуат ап сенің сөзіңнен.

Қарақат көзің мөлдіреп,
Ибалы жүрек елжіреп,
Əкеммен бірге аман жүр,
Басыңда жаулық желбіреп.

Амандық сұрап тағдырдан,
Аяулы жансың əн қылған.
Анашым — менің бақытым,
Жолыңда сенің жан құрбан.

Біз үшін биік дара шың,
Қартая көрме, анашым.
Жердегі барлық мақтауға,
Лайықты өзің ғанасың!

Əкемнің ғана теңісің,
Қадірлі болу — жеңісің.
Ақ сүтің мəңгі өтелмес,
Шаттықтың бəрі сен үшін!

Шаттыққа толсын керегең,
Біз үшін мықты емен ең.
Дұға етіп жүрсін өзіңе,
Ұл-қызың, шалың, немерең.

Қарақат көзің мөлдіреп,
Ибалы жүрек елжіреп,
Əкеммен бірге аман жүр,
Басыңда жаулық желбіреп.

(19 тамыз, 2018 жыл)

-8-
Мың сәлем саған анашым,
Хәл қалай?
Бәрі аман ба?
Мен үшін өзің данасың,
Данасыз мына заманда.

Жолдаймын саған жырымды,
Жүрегің сыздап, күрсінбе.
Ешкімге айтпай сырыңды,
Ешкіңді сауып жүрсің бе?

Көңілің ана бүлінді,
Мұң бар ма сенің жүзіңде?
Бақыт та бәлкім ұлыңды,
Қоспаған шығар тізімге.

Бір бәйгем бар ма күтпеген?
Сүрініп кетсем кеш, күнім.
Жолыға қалсаң жұртпенен,
Мен жайлы не сөз естідің?

Күйімді ойлап кезбедім,
Арымнан басқа жоқ, түге.
…өз мұңын қойып, өзгенің
қайғысын ойлап кетті де!

Не десе де ел о десін,
Атқа мінгеннің мұңы бұл.
Әділдігімнің жебесін,
Сындырған жоқпын, соны біл!

Жүрегімде жоқ кек мүлде,
Сен барда қалай бүлінбек!?
Ойларға шомып кеттің бе,
Хабарсыз қалды ұлым деп?…

Дұғаңмен сенің көктейін,
Анашым!
Ұлың дін аман.
Жаныңды ауыртып кетпейін,
Арылмай қалып күнәдан.

Ойлама, ана, мұң бардай!
Ұлыңның естелігі көп:
Кісінеп тұрған тұлпардай,
Дауысын естімедім деп.

Өлеңнің жалын тартпай қап,
Жырламай кетті дәуірді ол!
Жүйріктей жүрген қақпайлап,
Ұлдың да жолы ауыр жол…

(9 наурыз, 2022 жыл)

Айдана НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ

 

Ұқсас ақпараттар

АУДАН АУМАҒЫНДА ЕКІ АЙЛЫҚ СЕНБІЛІК БАСТАЛДЫ

admin_mugalzhar

ӘРБІР БАЛА — БІР ЖҰЛДЫЗ

admin_mugalzhar

АРХИВ: САРҒАЙҒАН ҚҰЖАТТАРДЫ САҚТАЙДЫ…

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.