Соңғы жылдары ауданда туберкулез ауруына шалдығушылардың қатары азайып, көрсеткіш төмен түскен еді. Алайда осы жылы құрт ауруымен сырқаттанушылардың саны өсіп, көрсеткіш деңгейі 38,1 пайызға артқан. Бұл туралы ауданның санитариялық дәрігерлері хабарлады. Олардың берген мәліметіне сүйенсек, 2023 жылдың 9 айында ауданда туберкулездің 25 жаңа жағдайы тіркелген. Ал балалар арасында 1 жағдай, жасөспірімдер арасында 3 жағдай анықталған.
-Өткен жылы ересектер арасында 24 жағдай тіркелді. Балалар мен жасөспірімдер арасында туберкулез ауруы анықталмаған болатын. Ал биылғы жағдай көңіл көншітпейді. Негізі туберкулез – адам мен жануарларда болатын созылмалы жұқпалы ауру. Оның қоздырғыштары ауру адам сөйлегенде, жөтелгенде, түшкіргенде ауаға ауа тамшылары арқылы тарайды. Адамдар қоздырғышы бар ауаны жұтқан кезде бактерия жоғары тыныс алу жолдарына, өкпелеріне түседі. Туберкулез бактериялары кез келген ағзада дами алады, бірақ көп жағдайда өкпеде дамиды. Сонымен қатар адам туберкулез таяқшасымен зақымданған шикі сүтті және басқа да сүт өнімдерін пайдалану кезінде, ауру жануарға күтім жасау барысында туберкулезді жұқтыруы мүмкін, — деді аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ерлан Мұратов.
Ол туберкулезге жол бермеу үшін жыл сайын жүйелі түрде флюорографиялық тексеруден өту, балалар арасында туберкулез ауруын ерте анықтау мақсатында туберкулинодиагностика жасатып, БЦЖ вакцинациясынан бас тартпауды ескертті. Сонымен бірге салауатты өмір салтын ұстап, белсенді дене шынықтырумен, спортпен айналысып, зиянды әдеттерден аулақ болып, балық, ет өнімдері, көкөністер мен жеміс жидектер, өнделген сүт өнімдерін рационға қоса отырып, тиімді тамақтануға, жеке бастың тазалығын сақтауға кеңес берді.
Н.ТІЛЕП