«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

АМЕРИКАДА КӨК ТУДЫ ЖЕЛБІРЕТПЕК

ӘЛІБИ ІДІРІСТІҢ ЧЕМПИОН БОЛАТЫНЫН АНА ЖҮРЕГІ СЕЗГЕНДЕЙ МЕ, ҚАЛАЙ?! СЕБЕБІ КІШКЕНЕ КҮНІНЕН «ЧЕМПИОН БАЛАМ» ДЕП ЕРКЕЛЕТЕТІН БОЛЫПТЫ. БҮГІНДЕ АНАНЫҢ ҮКІЛЕГЕН ҮМІТІ АҚТАЛЫП, ӘЛІБИ ӘЛЕМДІК АТАҒЫ БАР ҚАЗАҚСТАНДЫҚ «NAIZA» ЛИГАСЫ БЕЛДІГІНІҢ 3 ДҮРКІН ИЕГЕРІ АТАНДЫ. ЕРЕЖЕСІЗ ЖЕКПЕ-ЖЕКТІҢ БАРЛЫҒЫНДА, ЯҒНИ СЕГІЗІНДЕ ЖЕҢІСПЕН АЯҚТАҒАН ӘЛІБИДІҢ ЕНДІГІ АРМАНЫ — МҰХИТТЫҢ АРҒЫ ЖАҒЫН БАҒЫНДЫРУ.

Әлиядай батыр қызды дүниеге әкелген Қобда топырағында туған Әліби әңгімесін «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік» деген батырларымыздың рухты сөздерімен бастап, «Ел қорғаған батырларға қарап, бойда ағып жатқан қанымызда жауынгерлік қасиеттің болмауы да қате шығар» деп жалғап, спортшыға тән ерлік пен намысты байқатты. Ол бала күнінен спортқа жақын болып өскенін айтады. Бала бойындағы қызығушылықты байқап, спортқа бағыттап, дамытып, шынықтыратын жандардың болғаны абзал. Осы тұста Әліби өзінің жаттықтырушылары Әли Алтыбай мен Сергей Ведюшкиннің еңбегін ерекше айтып өтті.

Мен бала кезімнен спортты қатты жақсы көрдім. Қолым қалт етсе, спорт залдарда жүретінмін. Бос уақытта спортқа машықтандырған жаттықтырушыларыма алғысым шексіз. Балалық арманым мен қалауымды орындау үшін тер төгіп, ұстаздарымның үмітін ақтау мақсатында өзімді жігерлендіріп, еңбектенудемін, — деді ол.

Отбасылық жағдайға байланысты отбасымен Қандыағаш қаласына қоныс аударған Әліби Қандыағаш қалалық №2 мектебінің табалдырығын аттайды. Сабағын үздік оқып, үлгілі оқушылардың қатарында болады.

Мектепте жақсы оқыдым. Тоғызыншы сыныпқа дейін үздік болдым. Бірақ баланың шалалығы болар, жасөспірім шағымдағы өтпелі кезең әсер етті ме, оқуға деген ынтам жоғалып, зейінім ашылмай қойды. Сөйтіп жүргенде ҰБТ-да жоғары балл жинай алмай, колледжге оқуға түстім. Онда «Басқару автоматының слесарі» мамандығын үздік бітірдім. Бүгінде өзім оқыған колледж басшылығы қонаққа жиі шақырып, жастарымен кездесу өткізеді. 3 жыл бойы өз мамандығыммен жұмыс жасап, отбасыма көмектестім. Өз қалауыңмен жасамаған жұмыс та ұзаққа бармайды екен. Шынымды айтсам, сол уақытта отбасымда қиын жағдай болып, анамның қалауымен спортты уақытша тоқтатып, тек жұмыс істеуім керек болды. Жасым 25-ке толғанда әкем мен анамның алдарынан өтіп, спортқа біржолата ден қойғым келетінін айтып, рұқсаттарын сұрадым. Арманыма жету жолында жұмыс жасағым келетінін айттым. Олар қарсылық білдірмей, баталарын берді, — деді ол.

Әліби жаттығуды бастаған уақытта көптеген қиындықтардың болғанын айтады. Ата-анасынан бөлек жалдамалы пәтерде тұрып, жаттығуынан қалмай, шеберлігін шыңдай берген. Бүгінде қиындықтың бәрі артта қалып, отбасын құрып, ата-анасын қолына көшіріп алған.

Бүгінде үйлендім. Екі балам бар. Әке атанған соң жауапкершілік те артты. Тұңғыш ұлым дүниеге келуі маған үлкен мотивация берді. Спортшы оның ішінде кезекті жекпе-жектерге дайындалып жүрген адам болса, белгілі бір режиммен жүріп-тұруы керек. Сол үшін мен бір уақыттар да тағы да бөлек пәтер жалдап тұрдым. Уақытылы ұйқы мен дұрыс тамақтану спортшы үшін – маңызды. Мәселен, қазір таңғы сағат 8-ден 11-ге дейін, кешкі сағат 6-дан 8-ге дейін жаттығу залында боламын. Сол аралықта тамақ пен ұйқыны реттеп алуым керек. Қазір салмақ тастау үстіндемін. Бірақ бұл анама ұнамайды. Мен арықтаған кезде анам маған қарай алмайды. Сонымен қатар, жекпе-жектерімді де мүлдем көрген емес, әйелім де қарамайды. Анам жекпе-жекке кетерде үнемі қоңырау шалып, уайымдап, жылап та алады, — деді желтоқсан айында өтетін үлкен жекпе жекке дайындалып жатқан спортшы.

Бүгінде Әліби халықаралық ВИЗА куәлігін алып, мұхит асып, Америкаға жол тартпақ. Қазіргі уақытта UFC спортшыларымен бір залда жаттығады. Ол қайырымдылықпен де жиі айналысады. Әліби Аманұлы «Asar Ume» қайырымдылық ұйымының белсендісі. Ұйым құрамында болып, үй салып, жағдайы төмен отбасыларға көмектесіп жүр. Спортшының сүйікті хоббиінің бірі — сноубортпен айналысу. Алматыға барған кезекті сапарында тауға шыққанда теуіп көріп, бірден ғашық болыпты.

Алматыға барғанда мүмкіндікті барынша пайдаланып, сноубортпен айналысуға тырысамын. Бірақ бұл өте қауіпті спорт түрі. Сондықтан сақ болу қажет. Менің тағы бір әдетім десем бе екен, әрбір жекпе-жектен кейін, оның ішінде жеңіс болса, бір-екі күн демалып, Шымбұлаққа көтеріліп, тауды тамашалаған ұнайды. Десе де спортта ешкім жеңілуден сақтанбайды. Ешкім жеңетінін, не жеңілетінін білмейді, тек шаршы алаңда ғана белгілі болады. Мен де өзімді әрқашан жеңемін деп сендірмеймін. Бірақ 100 пайыз дайын болып, соңына дейін баруға барымды саламын. Әрбір жеңіс — мен үшін үлкен мүмкіндік. Басқа ұлт өкілдерімен шаршы алаңда кездесіп, жеңген кезде, жеңістің дәмі тым бөлек болады. Басқа жерде жүріп жеңіске жетсең де сезім басқаша болады. Біз осы арқылы келе жатқан ұрпаққа жақсы тәлім бере білуіміз керек деп ойлаймын. Дегенмен әзірге шәкірт тәрбиелегім келмейді. Оған қазіргі таңда физикалық тұрғыдан да, моральдық тұрғыдан дайын емеспін. Мүмкін алдағы уақытта көре жатармын, — деп түйіндеді сөзін чемпион.

 

Ұқсас ақпараттар

Қазақстандық оқушылар робототехникадан үш дүркін әлем чемпионы атанды

admin_mugalzhar

Қазақстандық бірінші сынып оқушылары қосымша қысқы каникулда неше күн демалады

admin_mugalzhar

Тарихи сәт: Данияр Елеусінов әлем чемпионы атанды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.