«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

АТА КӘСІПТЕН АЖЫРАМАҒАН ШАРУА

«МАЛ — БАҚҚАНҒА БІТЕДІ» ДЕГЕН БАБА ҰСТАНЫМЫНЫҢ БАЙЫБЫНА БАРЫП, АЛДЫНА МАЛ САЛЫП, ҚОЛЫНА ТАЯҚ ҰСТАҒАН ЖҰРЫНДЫҚ ЖАНБОЛАТ САЛМАҒАНБЕТОВ БҮГІНДЕ ҚАЗАҚЫ «АҚБАС СИЫР» ТҰҚЫМЫН ӨСІРІП ОТЫР. ТІЛШІМЕН ӘҢГІМЕСІНДЕ «АҚСӘУЛЕТ» ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ИЕСІ ӨЗІНІҢ ЖҮРГІЗУШІЛІКТЕН КӘСІПКЕРЛІККЕ ҚАЛАЙ КЕЛГЕНІН, МАЛ БАҒУДЫҢ ҚЫЗЫҒЫ МЕН ШЫЖЫҒЫН, БЕЙНЕТІ МЕН ЗЕЙНЕТІН АЙТЫП, ЖАСТАРҒА КЕҢЕСІН ДЕ БЕРЕ КЕТТІ.

Әу баста ата кәсіпті дөңгелетіп алып кету бұрынсоңды мал соңында жүрмеген адамға қиын, әрине. Ал жасынан әкесімен бірге мал баққан кейіпкеріміз ол қиындықтарды басынан өткізсе де, шыдамдылық танытып, бейнеттен береке табатынына сеніпті.

58 жыл бойы Жұрын жерінде өстім, өндім, оқып білім де алдым. Алғашқы еңбек жолымды да осы ауылдан бастаған едім. Негізінен осы ауданның Жаңатұрмыс деген жерінде дүниеге келсем де, кейін ата-анамның қоныс аударуына байланысты жұрындық болып шыға келдім. Мектеп бітіргеннен кейін әкем бірден Жұрындағы «автошколға» жүргізушілікке оқуға берді. Әкемнің өзі колхозда есепші еді. Анам үй шаруашылығында бала тәрбиесімен айналысты. Сөйтіп жүргізуші куәлігін алып, оқуымды бітіріп шықтым. Мамандығым бойынша сол кездегі Октябрь ауданында көлік жүргізушісі болып жұмысқа орналастым,- деген Жанболат Тұрашұлы сол жылдар арасында әскердегі борышын да өтеп келген екен.

Екі жыл әскери кезеңнен өткен жас сарбаз Темір техникумында зоовед мамандығына оқуға түседі. Өзімен бірге оқыған сол кездегі бойжеткенмен шаңырақ көтерген. 40 жылдан астам уақыт бойы жары Құндызаймен бірге төрт қыз тәрбиелеп, оларды құтты орындарына қондырып, бүгінде жиен немерелерінің қызығын қызықтап отырған ата-әже.

Жас кезде адам баласына еш нәрсе қорқынышты көрінбейді. Мен сол кездегі Октябрь ауданында жүргізуші, завсклад, жеткізуші (снабженец), Мұғалжар аудандық салық комитеті арқылы мүлік, жер, көлік салығын жинаушы болып жұмыс жасадым. Кейін ол жұмыстарда қысқартулар болып, жұмыссыз қалған кезіміз де болды. Әрине, ауылдық жерде тұрғандықтан мал өсіріп, бақтық. Бос уақытымда әкемнің шағын қорадағы сиыры мен қойына қарап, бас-көз болып жүрдім. Үйде 8 ағайынды болып өстік. Малға жақын болғандықтан, оның үстіне жұмыстан қысқарған уақытым еді, құр жүргенше мал басын көбейтейік деп шештік. Сөйтіп шаруа қожалығын ашуды ойладық. Бастапқыда жүрексінгенімізбен атадан келе жатқан кәсіп таңсық болып па, тәуекелге бел байладық. Әрине, техника жинақтап алу тәрізді шаруалар қалтаға ауырлық салғанын жасырмаймын. Біртіндеп бәріне қол жеткізе бастадық. Жемшөпке субсидия алатындай дәрежеге жеткізіп, мемлекет тарапынан жасалып жүрген көмектерге ілігіп, қалыс қалмай, кәсібімді кеңейттім. Бәрі де еңбектің, қара тердің арқасы ғой. Еңбектенбесең, алдыңа мал салып, астыңа тай мінбейсің, — дейді ол.

Мал бағып қана қоймай, асыл тұқымдысын іздеген шаруа сиырдың «ақбас» тұқымын алуды көздейді. Сипаты бөлек, сиыр тұқымдарының ішіндегі өте сапалы ет беретін тұқым екенін білгеннен кейін осы тұқымнан бұқалар сатып алады.

«Ақбас сиыр» — еті мол мал. Салмағы ауыр, егер бұқасын бордақылайтын болсаңыз, етінің салмағы 800-950 келіге дейін жетеді. Өзінің таза тірі салмағы 700-900 кг болатын тұқым. «Ақбас» — сиыр тұқымдарының ішінде сапалы ет бергенімен, жақсы азықтандыру мен бағыпкүтуді қажет етеді екен. Салмағы мен денесі бойынша бұл тұқымның жануарлары «герефорд» тұқымына ұқсайды. Төлінің тірі салмағы туған бойда 27-30 кг, арнайы баптап өсірген кезде 8 айға дейін 220-270 кг жетеді. Күнделікті салмақ қосу 1200-ден 1600 грамға дейін баруы мүмкін. Мал ерте жетіледі, жақсы жүреді және бордақыланады. Сою өнімділігі 53-55%- ды құ-райды, жақсы азықтандырылған бұқаларда ол 60-65%-ға жетеді. Бұл сиырлардың еті шырынды, бұлшықет арасында май жиналады. Қазақтың ақ-бас сиырларының бір жылда орташа сүт өнімділігі — 1000-1500 литр. Сүттің орташа майлылығы 3,8- 4,0%, кейбір жағдайларда — 4,8%-ға дейін барады. Сөйтіп өзімнің жинаған қаражатыма сиырдың тұқымын өзгертуге бұқа сатып алып, мал шаруашылығымен толықтай айналыса бастадым. «Мал — баққанға бі-теді», дегенмен малдың бейнеті көп, қиын кездер де болды. Қыстың күні малдың шөбі аздау болса, қыс қатты болса, қырылып қалуы да мүмкін. Сосын малдың неше түрлі ауруы бар, мысалы сиырдың 40 түрлі кеселі бар. Оның үстіне малшылар жақсы қарамаса, мал ұс-тау, оның бабын келтіру қиын.

Жұрындық шаруа малын етті бағытта өсіріп отырғандықтан күз, қыс айларында Қандыағаш қаласындағы жәрмеңкелерден қалмай, малын күздік пен соғымға жекелеп, немесе көтерме бағада алатын саудагерлерге тапсырады. Тіпті Ақтөбе қаласынан түсетін сұранысты да қанағаттандырып отырады.

Осы жұмыстарды жүргізу үшін қазір ауылдың екі адамын жұмысқа алдым. 60 жылға уақыт Жұрын халқы туғанымдай болып кеткен еді. Соңғы жылдары Ақтөбе қаласына қоныс аударсам да, шаруашылығым ауылда қалды. Шаруашылықтың жайын білуге жиі-жиі ауылдан табыламын. Бір байқағаным, қазір ауыл жастары «не істеймін, немен айналысамын?» деп уақыт жоғалтпайды. Әсіресе, жастар арасында кәсіппен, мал шаруашылығымен айналысуға қызығушылықты және бәсекелестікті көремін. Ол жақсы әрі қалыпты дер едім. Бәсеке болған жерде өсу бар, даму бар. Өз тарапымнан жастарға айтарым, бүгінде мемлекет тарапынан жасалып жатқан мүмкіндіктерді пайдалана білу керек. Жастарды, ауылды, кәсіпкерлерді қолдауға арналған түрлі басқосуларға қатысып, теориядан жұмыстың ретін үйрену керек. Қабылданып жатқан бағдарламалардан тыс қалмай, құжат жинап, қайтарымсыз грант пен аз пайызды несие алып, іс бастаудан қорықпау қажет. Көпшілігіміз 60-70 мың теңге жалақыға зейнетке шыққанша жұмыс істеуден шаршамаймыз. Бірақ адамдар үш  жылда өз бизнесін аяққа тұрғызуға сабырсыздық танытып, шыдамайды. Мал шаруашылығымен, кәсіп-пен айналысам деген адам қорықпай, екі білегін сыбанып, екі қолға бір таяқты ұстап, малдың артынан қалмай, оны күтіп-бағып жасайтын болса, рахатын көретіні сөзсіз. Өз тәжірибеммен бөлісетін болсам, малды алғанда санына емес, сапасына көңіл бөлу керек. Кеңестік кезеңде жергілікті тұрғындар сиырдың «алатау» тұқымын өсірумен айналысты. Алатау тұқымы сүтті және етті бағытта жүреді. Бүгінде «абердинангус», қазақтың «ақбас сиыр» тұқымдарын дамыту қолға алынып отыр. Менің әлі де «ақбас сиыр» тұқымын көбейтсек деген ойым бар. Себебін тағы қайталап айтамын, бұл сиыр тұқымы өте пайдалы. Сиырлары ірі, сүтті «голштин» тұқымынан көп бермесе, аз бермейді. Ел-де әлі де бұл сиыр тұқымы өте аз, — дейді шаруа қожалығының иесі.

«Адам өз ісінен жаны рахат тапса, жақсы өмір сүруге деген ынтасы болса, ауылда да талай нәрсеге қол жеткізуге болады» деп санайтын кейіпкеріміз «ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көш-пейді» дегенді түсіндім дейді тағы.

-Егер біз өзіміз ауылды дамытуға үлес қоспасақ, аймақтар, еліміз қалай дамымақ? Өзім көкпар, аңшылық, саятшылық дегенді жақсы көремін. Темір тұлпарды сәндеп мінгеннен гөрі ер-тұрманынан бастап, тағасына дейін талғаммен қарайтын ер азаматтардың қатары көбейсе екен деймін. Алдағы уақытта шаруашылығымды дөңгелетіп, ауыл тұрғындарынжұмыспен қамтамасыз етсем деген арманым да бар, — деді сөз соңында жоспарымен бөліскен Жанболат Салмағанбетов.

Айдана НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

«Таза Қазақстан»: 5 Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатысушылар Астанада ағаш отырғызды

admin_mugalzhar

Жаңбыр жауып, 40 градусқа дейін күн ысиды — 12-14 шілдеге арналған ауа райы болжамы

admin_mugalzhar

АЭС салу — энергия тапшылығынан арылтады

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.