«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Дильназ Даулетова: Еліме пайдам тисе деймін

ШЕТ ЕЛ АСЫП ОҚЫП ЖҮР, МҰҒАЛЖАРДЫҢ БАЛАСЫ…

Білім қуып, шет ел асқан жастардың қатары аз емес бүгінде. Олардың арасында білім аламын деген жасқа мүмкіндік берер түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы да, ата-анасының қаражатымен де оқып жатқандары бар. Әрине, келешектің көкжиегін кеңейту үшін жастарымыздың дамыған елдерді көруі, сол жақтан дәріс алып, елінің кемесін алға сүйреуі қажет-ақ. Қазіргі таңда бұған мемлекет берер мүмкіндік те, жастар тарапынан ынта да баршылық. Әсіресе, дерек пен дәйек соңғы бес жылда дініміз бір, тіліміз ұқсас Түркия елінде білім алатын қазақ жастарының көбейгенін көрсетеді. Бұл елдегі студенттер арасында мұғалжарлық жастар да бар. Бүгінгі нөмір үшін олардың бірқатарына арнайы хабарластық.

-Мен 2005 жылы Қандыағаш қаласында дүниеге келдім. «Отбасы кішкентай мемлекет» демекші, айрандай ұйыған, тату-тәтті отбасында өстім, үйдің тұңғышымын. Менен кейін бірін-бірі демеп, сүйеу бола білетін үш бауырым бар. №1 ЖББОМ-нің 2022 жылғы түлегімін. Қазіргі таңда Түркия елінің Ақсарай қаласындағы Ақсарай университетінің 2-ші курс студентімін, «ғылыми биология» бөлімінде «биолог-эмбриолог» мамандығында білімалыпжатырмын. Шет елде оқу – менің армандарымның бірі еді. «Ауылдан шықпағанның ақылы ауласынан аспайды» демекші, өзге елде білім алып, ел көріп, жер шарлап, өзімді жан-жақты дамыту – қазіргі мақсатым осы. Сондықтан ең бірінші болып Түркия елінде білім алуды жөн көрдім. Мұнда келместен бұрын егжей-тегжейлі зерттеп, оқитын оқу ордасы туралы жан-жақты сұрастырып, ата-анам осында жеке хабарласып, барлығын анықтап алған еді. Содан кейін оқуға түсуге әрекеттендім. Әрине, мұнда оқу ақылы түрде болды, бірақ соған қарамастан ата-анам жолымды кеспей, бәріне келісімдерін берді.

Бұл жақта Еуропалық стандартқа сай оқытады. Түркиялық диплом Еуропада және АҚШ-та бағаланады. Әлем университеттерімен тәжірибе алмасу бағдарламалары бар. Мұғалімдері әлемдік стандартқа сай жоғары білім береді. Әрине, бұл өз елімде білім жоқ дегенім емес. Біздің елде де мықты, білімі шетелдіктерден кем емес оқу орындары бар. Оның үстіне шет елде оқу оңай емес, не дегенмен бөлек мемлекет.

Десе де, шет елде оқу адамға үлкен мүмкіндіктер сыйлайды. Өйткені адам сол елде білім алып қана қоймай, тілін, мәдениетін меңгереді. Бұл дегеніміз адамның жан-жақты дамып, ой-өрісінің, дүние танымының кеңеюіне көмектеседі. Сондықтан да өз елімнің білімімен шектелмей, болашақта өз мамандығым бойынша жұмыс жасап, әртүрлі елдерде тәжірибе алмасып, өз еліме пайдам тиетіндей тұлға болып оралғым келеді.

Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

ЕМБІЛІК САЯТШЫ ТАЗЫ ТҰҚЫМЫН «БРЕНД» ҚЫЛУДЫ АРМАНДАЙДЫ

admin_mugalzhar

ӘРІПТЕСТЕРІН ЕСКЕ АЛДЫ

admin_mugalzhar

Жыл қорытындысы: өңдеу өнеркәсібіндегі серпінді жобалар және Қазақстанда жаңа тауарлар өндірісін дамыту

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.