«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

САРЫП: АДАМҒА ДА МАЛҒА ДА – ҚАУІПТІ

ТӨРТ ТҮЛІКПЕН БІТЕ Т ҚАЙНАСЫП КЕТКЕН БІЗДІҢ ХАЛЫҚ АЛДЫНДА БАҒЫП ОТЫРҒАН МАЛЫНАН ҚАУІПТЕНЕ ҚОЙМАЙТЫНЫ АНЫҚ. ДЕГЕНМЕН МАЛДАН, ОНЫҢ ЕТІ МЕН СҮТІ АРҚЫЛЫ АДАМҒА ЖҰҒЫП, АРТЫ ҚАЙҒЫЛЫ ОҚИҒАҒА АЛЫП КЕЛЕТІН АУРУ ТҮРІ ЖЕТЕРЛІК. СОНЫҢ БІРІ – ЖҰҚПАЛЫ САРЫП АУРУЫ. БҰЛ ІНДЕТ АДАМ ДЕНСАУЛЫҒЫНА ЗИЯНЫН ТИГІЗІП ҚАНА ҚОЙМАЙ, ӨМІРІНЕ ҚАУІП ТӨНДІРІП, МҮГЕДЕКТІККЕ ДЕЙІН АЛЫП КЕЛЕДІ. АУДАННЫҢ САНИТАРИЯЛЫҚ МАМАНДАРЫ ОСЫ ЖЫЛЫ АУДАНДА 3 ТҰРҒЫННЫҢ САРЫП ЖҰҚТЫРҒАНЫН ХАБАРЛАДЫ. БҮГІНГІ ТАҚЫРЫБЫМЫЗҒА ОСЫ АТАЛҒАН САРЫП АУРУЫ ТҰЗДЫҚ БОЛМАҚ. ЕНДЕШЕ, ҚАУІПТІ ІНДЕТТЕН САҚТАНУ ПЕН ЕМДЕЛУ ЖОЛДАРЫН ОҚЫҢЫЗДАР.

ІНДЕТ АУРУ МАЛДАН ТАРАЙДЫ

Мамандар бұл жұқпалы аурудың қоздырғышы – бруцелл бактериясы екенін айтады. Бұл инфекция суыққа төзімді, ыстыққа төзімсіз болады екен. 1886 жылы ағылшын дәрігері Дэвид Брюс ғылыми негізде ол жайында алғашқы қорытындысын шығарған. Кейіннен оның адамға малдан жұғатыны анықталған.

Ауру қоздырғышы жануарлар ағзасында өмір сүріп, көбейеді. Сыртқы ортаға сүт, зәр шығару, төлдеу мен түсік тастау арқылы бөлінеді. Инфекция негізінен ауру жануарлармен жанасқанда, олардың өнімін пайдаланғанда берілуі мүмкін. Сондай-ақ, ол аэрогенді жол арқылы, яғни инфекция бар шаңтозаңды жұту кезінде жұғуы да ықтимал. Адамға малға қарау кезінде қауіпсіздік ережесін сақтамаудан, ауру қоздырғышы бар ет, сүт және олардың өнімдерін қайнатпай тамаққа пайдалану салдарынан жұғады, — деді Мұғалжар аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ерлан Мұратов.

Оның сөзінше, осы жылдың 9 айында аудан бойынша сарып ауруымен науқастанған 3 жағдай тіркелген. Тіркелгендердің арасында біреуі жасөспірімдер арасында орын алған. Ал өткен жылы осы індетті бір адам жұқтырған екен.

Балалар мен жасөспірімдер арасында сарып аурушаңдығының тіркелуіне оларды ауылшаруашылығы малдарын бағуға қатыстыру, әсіресе, мал төлдегенде, бұзаулағанда төлдеген малды бақтыру, мал орнын тазалату себеп болады. Сонымен бірге жүн жуатын, ет комбинатында еңбек ететін жұмысшылар және мал шаруашылығымен айналысатын адамдар сарыппен жиі ауырады, — деді Ерлан Бүркітұлы.

Жалпы адамдар үшін аурудың жұқтыру көзі — ауру жануарлар. Айталық, қой, ешкі, ірі қара мал, шошқа және т.б. Ауырған малдың қайнатылмаған сүтін ішкенде, сол сүттен дайындалған қаймақ, сарымай, ірімшік, шала пісірілген ет тағамдарын пайдаланғанда алиментарлы жолмен жұғада екен. Сол сияқты, ауылдық жерлерде отын ретінде мал тезегін дайындау кезінде де жұғуы ықтимал.

БЕЛСІЗДІК ПЕН БЕДЕУЛІККЕ АЛЫП БАРУЫ МҮМКІН

Дәрігерлер сарып ауруының негізгі белгілері ауру жұқтырғаннан кейін 7-30 күн өткен соң біліне бастайтынын айтады. Адам өзінің тез шаршап, тамаққа зауқы соқпай, басы ауырып, дел-сал болып бойының ауыр тартқанын сезеді екен. Емделмеген жағдайда ауру күшейіп, науқастың дене қызуы 38-39 градусқа дейін көтеріліп, қол-аяғы сырқырап, белі ауырып, ұйқысы бұзылып, мойын, қолтық асты, шабының бездері ісіп ауырады.

Дене қызуының көтерілуі, тершеңдік, дене салмағын жоғалту белгілері байқалса, дереу дәрігерге көрінуі керек. Ауру дұрыс емделмесе, еңбекке жарамсыздыққа әкелуі мүмкін. Науқас адам ауруханада емделуі тиіс. Сондай-ақ, дер кезінде дәрігерге қаралмаған жағдайда бруцеллез асқынып, мүгедектікке әкеліп соқтыруы ықтимал. Балалар мен жасөспірімдерді белсіздік ауруымен зақымдау қаупі бар. Ал өзінше емделген жағдайда ауру созылмалы түрге айналып, науқас адамның белі шойырылып, қол-аяқ буындары ісіп, қозғалтпай ауырып, әрең бүгілетін жағдайға жетеді. Буындарға сары су толып, қалыпты түрі өзгереді. Ауру 2-3 жылдан көп жылға дейін созылып, кей жағдайда жұмысқа жарамай сал, мүгедек болып қалуы ықтимал, — деді ол.

Санитариялық дәрігерлер сарып ауруы жыныс мүшелерінің зақымдануына әкеліп, бедеулік пен белсіздікке соқтыратынын айтады.

САҚТЫҚ ШАРАЛАРЫ – МАҢЫЗДЫ

Санитариялық мамандар сарып ауруынан сақтанудың жолы – ауру малды жоюдан бастаған жөн екенін жеткізді. Ең бастысы, мал ұстау бойынша ветеринариялық-санитариялық қағиданы сақтау қажеттігін ескертті. Әсіресе, оларды күтіп-бағу кезінде жеке гигиена қағидасын естен шығаруға болмайды екен.

Бағып отырған малдарын уақытында сарыпқа қарсы тексертуден міндетті түрде өткізу керек. Ауруы анықталған малды дереу сау малдан оқшаулап, 15 күн ішінде арнайы мал сою орындарына тапсыру маңызды. «Аса қауіпті инфекциялық аурулардың алдын алу бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялықпрофилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларының 207 тармағына сәйкес қарым-қатынаста болған адамдарға жыл бойы әрбір 2 ай сайын зертханалық зерттеуден өтуі тиіс. Сонымен бірге мал шаруашылығымен айналысатын азаматтар, қасапшылар, тері өңдеумен айналысатын жұмысшылар бірқатар талаптарға назар аударғаны дұрыс. Атап айтқанда, ауру малды төлдету, қойдың жүнін қырқып, одан өнім алу кезінде халат, резеңке етік пен қолғап, алдына су өтпейтін алжапқыш секілді арнайы киімдерді пайдаланғаны абзал. Қолды жиі сабындап жуып жүрудің де маңызы өте зор, — деді Ерлан Бүркітов.

Ауданның бас санитариялық дәрігері мал немесе малдың еті мен сүтін сатып алғанда, сатушылардан малдың саулығы туралы мал дәрігерінің анықтамасын талап етуі қажеттігін айтып, ережелерді мұқият орындау арқылы тек сарып қана емес, малдан жұғатын көптеген басқа да аса қауіпті аурулардан сақтануға болатынын ескертті. Сарып ауруының бактериясы жоғары температураға сезімтал болғандықтан, сүт және сүт өнімдерін, ет және ет өнімдерін қолданар алдында термиялық өңдеуден міндетті түрде өткізу қажет.

КҮТІМІ ЖАҚСЫ МАЛДАН АУРУ ТАРАМАЙДЫ

Сарып ауруын таратпауда мал дәрігерлерінің де атқаратын қызметтері ерекше. Олар ауру анықталған ошақтан ауру көзі мен жұқтыру факторын анықтап, малдан зертханалық тексеруге үлгілер мен сынамалар алады. Соның нәтижесінде ауру ошақтарында эпидемиолог және ветеринария қызметі мамандары тарапынан бірлескен жан-жақты эпизоотологиялық-эпидемиологиялық зерттеулер жасалды.

Мал дәрігерлері аурудың шығу аймағын, ауру көзін, таралу жолдарын нақтылайды. Эпизоотологиялық ошақтарды жоюға індетке қарсы эпизоотолого-эпидемиологиялық ісшаралар кешенін ұйымдастырады. Оң нәтиже анықталған жағдайда мал қораларын залалсыздандырады, барлық сарып ауруы анықталған малдың көзін жояды, — деді аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Бауыржан Тлеулин.

Ол осы жылы аудан бойынша жалпы саны 68000 ірі қара малынан қан талдамаларын алу жоспарланғанын жеткізді. Бүгінгі таңда оның 44390-нан қан талдамалары алынып, толықтай зерттелген. Оның ішінде 206 бастан оң нәтиже көрсетіп, сарып ауруы анықталған. Бүгінде бұл малдың барлығы дерлік сойылып, ет өңдеу орталықтарына өткізілген.

Ауру анықталған мал ет өңдеу орталығына тапсырылған жағдайда мал иелеріне мемлекет тарапынан өтемақы беріледі. Айталық, тапсырылған малдың құнының 70 пайызын ет сатып алған комбинат иесі төлесе, қалған 30 пайызы мемлекет есебінен өтеледі. Бүгінде ауру анықталған барлық мал иелеріне ақшалары төленді. Өліп қалған 6 бас малдың барлығы өртеліп, көздері жойылды. Ал ұсақ малдарға келетін болсақ, осы жылы аудан бойынша 140000 бас қой мен ешкіні сарып ауруына қарсы зерттеуіміз керек болған. Бүгінде оның 104196-нан қан талдамалары алынып, зерттелді. Оның 56- сынан сарып белгілері анықталды. Бұл іс-шаралар жылына екі мәрте орындалады, — деді Бауыржан Тлеулин.

Биыл сарып ауруының ошағы Құмсай ауылдық округінде анықталған. Аталған округтегі «Мейірхан» шаруа қожалығында 96 ірі-қара, 24 ұсақ малдан сарып індетінің белгілері байқалған. Бүгінде оның барлығы ет өңдеу орталықтарына тапсырылыпты.

Аудан бойынша Ақкемер ауылында да малдың сарып ауруын жұқтырғаны тіркелді. Бүгінде жоспар бойынша жасалуы тиіс жұмыстар атқарылуда. Жасалған жұмыстардың нәтижесінде Егіндібұлақ пен Еңбек ауылдық округтерінің малы таза шықты. Бір де бір сарып ауруы анықталмады. Бұл қуанарлық жағдай. Малдың аталған ауруға шалдықпауына мал иелері де аса жауапкершілікпен қарағаны абзал. Мал күтімі жақсы болып, шөбі шүйгін, бабы жайлы болса, аурудың таралып, асқынуына жол берілмейді, — деді ол.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

«ӨНЕР БАРЫСЫ» ӨТТІ

admin_mugalzhar

Жолдау тікелей эфирден көрсетіледі

admin_mugalzhar

13 облыста ауа райына байланысты ескерту жарияланды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.