«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЖОЛ КАРТАСЫ: АУДАН ӘКІМІ ЕСЕП БЕРДІ

АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ МҰҒАЛЖАР АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТЫНДАҒЫ «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ФРАКЦИЯСЫНЫҢ КЕҢЕЙТІЛГЕН ОТЫРЫСЫНДА АУДАН ӘКІМІ ДАРХАН ЕРМАҒАНБЕТОВ «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫН ОРЫНДАУ ЖӨНІНДЕГІ «ХАЛЫҚПЕН БІРГЕ!» 2023-2027 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН ЖОЛ КАРТАСЫНДАҒЫ ТАРМАҚТАРДЫҢ ОРЫНДАЛУЫ ТУРАЛЫ ЕСЕП БЕРДІ. ФРАКЦИЯ ЖЕТЕКШІСІ КАМШАТ ЕРМАҒАМБЕТОВ ТӨРАҒАЛЫҚ ЕТКЕН ОТЫРЫСҚА АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАСЫ БАХЫТЖАН КАДРАЛИН, «АМАNАТ» ПАРТИЯСЫ МҰҒАЛЖАР АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ ҒАНИЖАМАЛ САТЫБАЛДИНА, АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫ, БПҰ ТӨРАҒАЛАРЫ МЕН «ЖАСТАР РУХЫ» ЖАСТАР ҚАНАТЫНЫҢ МҮШЕЛЕРІ ҚАТЫСТЫ. АУДАН БАСШЫСЫ ПАРТИЯНЫҢ САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ АЯСЫНДА БЕКІТІЛГЕН 91 ТАРМАҚТЫҢ 84-І ОРЫНДАЛУ БАРЫСЫНДА ЕКЕНІН ЖЕТКІЗДІ.

ЕКІ АУЫЛҒА ГАЗ БЕРІЛДІ

Есебін ауданда атқарылған басты жұмыстардан бастаған аудан басшысы Мұғалжар және Жаркемер ауылына көгілдір отын желісі тартылып, тұрғындардың игілігі үшін газ берілгенін атап көрсетті. Мұғалжар ауылына газ құбыры Ембі қаласынан тартылды. Жүргізілген газ құбырының жалпы ұзындығы 40 шақырымды құрайды. Ауылды газдандыру жұмыстарын «Алия сервис» ЖШС-і жүргізді. Бүгінде Мұғалжар ауылындағы 250 үй көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Мұғалжар ауданы әкімдігінің «ҚазақОйл Ақтөбе» ЖШС-мен бірге жүргізілген келіссөздері нәтижесінде көгілдір отын берілген ауылдың бірі – Батпақкөл ауылдық округіне қарасты Жаркемер ауылы. Жағабұлақ ауылынан тартылған газ құбырының құрылыс жұмыстарын «Енисей-22» ЖШС-і жүзеге асырды. Газ тартуға «ҚазақойлАқтөбе» ЖШС-і демеушілік көмек көрсетті. Бүгінде Жаркемер ауылындағы 17 үйде 81 адам тұрады. Аудан әкім Дархан Ермағанбетов жыл соңына дейін Жаңатұрмыс және Жарық ауылдарына газ жеткізілетінін мәлімдеді.

КӨШЕЛЕРГЕ АСФАЛЬТ ТӨСЕЛУДЕ

Аудан басшысының баяндамасында аудан аумағындағы қалалық және ауылдық округтерге жол салу жұмыстарының жүргізіліп жатқаны белгілі болды. Айталық, Ембі қаласында қалаішілік көшелердің жолдары жөнделуде. Жөнделіп жатқан көшелердің бірі — З.Бралов көшесі. Аталған көшеге орташа жөндеу жұмыстарын «ТенгриСтройИнвест» ЖШС-і жүргізуде. Көшенің жалпы ұзындығы — 1157,25 метр. Ұзындығы 2600 метрді құрайтын Есет батыр көшесінеде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталмыш көшенің жөндеуін «Elif Alliance» ЖШС-і жүргізуде. Аудан әкімінің сөзінше, аталған көшелерді жөндеу жұмыстары ауыспалы кезеңмен келер жылы аяқталады деп жоспарланған. Ал Мұғалжар ауылында 8 көше жөнделіп, пайдалануға берілді. Олар — Құлқай әулие, Теміржолшылар, Кеншілер, Ынтымақ, Зауыт, Наурыз, Жастар, Тәуелсіздік көшелері. Жалпы ұзындығы 5,7 шақырымды құрайтын ауылішілік жолдарды салу жұмыстарын «Жайық Сити» ЖШС-і жүргізген. Құмжарған ауылдық округінің орталығы Бірлік ауылында «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында ауылішілік үш көшеге асфальт төселген. Бүгінде жол белгілерін қою жұмыстары толығымен аяқталып, пайдалануға берілген. Б.Бірімова, М.Захаров, Достық көшелерінің құрылыс жұмыстарын «Бақдаулет-N» ЖШС-і жүргізген. Достық көшесіне тас жол төсеу үшін бюджеттен 72 млн теңге бөлінген. Ал Б.Бірімова мен М.Захаров көшелеріне жол салу үшін бір жоба дайындалған. Аудан әкімі Қандыағаш-Жарық тас жолының толық аяқталғанын, Жұрын-Қаракөл, Ақкемер-Көтібар-Көктөбе ауыларалық жолдарды жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Сонымен бірге жалпы ұзындығы 2,1 шақырым Жағабұлақ ауылының кіреберіс жолын асфальттау жұмыстары жүргізілуде. Асфальт төсеу жұмыстарын мердігер «ТенгриСтройИнвест» ЖШС-і жүргізуде. Ал Сағашилі-Талдысай ауылдары арасындағы жол келер жылы жөнделеді.

ДЕНСАУЛЫҚ – БАСТЫ НАЗАРДА

Соңғы жылдары аудан аумағында медицинаның дамуы қарқын алуда. Денсаулық саласына бойынша айтқан аудан әкімі Дархан Ермағанбетов ескірген емханалар жөнделіп, заманауи құрылғылар мен жедел-жәрдем көліктері сатылып алынғанын жеткізді. Сонымен бірге ол биыл аудан аумағындағы екі ауылда медициналық амбулатория мен медпункт салынып, пайдалануға берілгенін мәлімдеді. Құмжарған ауылдық округінің орталығы Бұлақты ауылында бой көтерген медициналық пункт 20 адамды қабылдауға қауқарлы. Бүгінде пункт қажетті заманауи құралдар және жаңа жиһаздармен жабдықталған. Жаңадан пайдалануға берілген медициналық пункт«Amanat» партиясының «Жол картасы» сайлауалды бағдарламасы аясында салынған. Құрылыс жұмыстарын «Baspana Buld» ЖШС-і жүргізген. Ал Ақкемер ауылында жақында пайдалануға берілген амбулаторияның құрылысын Техно-С ЖШС-і жүргізген. Амбулаторияда 19 кабинет бар. Барлық кабинет қажетті медициналық заманауи құралдармен толық жабдықталған. Амбулаторияда жалпы саны 13 адам халыққа қызмет көрсетуде. Күндізгі стационардан ауыл тұрғындары ем-домдарын алуда.

АУЫЛДАРДА СПОРТ АЛАҢДАРЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Осы жылы аудан бойынша үш ауылда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында көпфункционалды спорт алаңдары пайдалануға берілген. Бұл туралы аудан басшысы өз есебінде айтты. Аталған көпфункционалды спорт алаңдарының құрылысы Жұрын ауылдық округінің орталығы Жұрында, Батпақкөл ауылдық округіне қарасты Сағада, Құмжарған ауылдық округінің орталығы Бірлік ауылында жүргізілді. Жұрын ауылындағы салынған спорт алаңының жалпы көлемі 924 шаршы метрді құрайды. Құрылыс жұмыстарын «Техно-С» ЖШС-і жүргізген. . Ал Саға және Бірлік ауылдарындағы бой көтерген спорт алаңының құрылыс жұмыстарын мердігер «Жайық-Сити» ЖШС-і жүргізді. Бүгінде ауыл балалары көпфункционалды спорт алаңдарында футбол, волейбол, баскетбол ойындарын ойнап жүр.

Н.КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

МАУСЫМДЫҚ АЛЛЕРГИЯ МАЗАҢЫЗДЫ АЛДЫМА?..

admin_mugalzhar

Алимент төлемегендер қылмыстық жауапкершілікке тартылды

admin_mugalzhar

ІНДЕТТІ ТАРАТПАУДЫҢ ЖОЛЫ — ЕКПЕ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.