Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын арттыру тапсырмасын орындау, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру, сондай-ақ 2023 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында баяндап берді, — деп хабарлайды «Ақтөбе» газетіне сілтеме жасаған Mugalzhar.kz.
Ол өңірде тұрақты макроэкономикалық жағдай сақталып отырғанын атап өтті. Оның ішінде инвестициялық өсім 108,2% болғанын жеткізді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облысқа инвестиция тарту бойынша жүйелі» жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, биылғы жылдың 10 айында облыс экономикасына 804 миллиард теңге инвестиция құйылып, өсім 8,2 пайызға жетті. Жыл соңына дейін облысымызға рекордтық 1,1 триллион теңге инвестиция тарту жоспарлануда», — деді Асхат Шахаров.
Биыл облыста бірқатар маңызды әрі ірі инвестициялық жобалар қолға алынды. Атап айтқанда, ERG компаниясының Дөң тау-кен байыту комбинатында 1973 жылдан бері жинақталған шламды өңдеу зауыты. Жоба аймақтың экологиясына оң әсерін тигізеді. Фабриканың ашылуымен 270-тен астам жаңа жұмыс орны ашылды. Ішкі нарықты қажетті мұнай жабдықтарымен қамтамасыз етіп отырған жылжымалы бұрғылау қондырғыларын шығаратын жаңа зауытта 100 адам жұмыс істейді.
Ірі өнеркәсіптік өндірушілер – Ақтөбе мыс компаниясы, ERG, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ өз кәсіпорындарын жаңғыртуға 200 миллиард теңгеден астам қаржы бөлді. Өңірді дамыту үшін маңызы зор, құны аз жобалар да бар. Оның ішінде Батыс Қазақстан өңірлерін жеммен қамтамасыз ете алатын құны 500 миллион теңгені құрайтын «Жаңа-Әлжан» ұн комбинатының жаңа цехы бар.
«Бұл жұмыс 2024 жылы жалғасады. Жалпы, алдағы 4 жылда жалпы құны 4,1 триллион теңгені құрайтын 51 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Олардың қатарында ERG жел станциясы, никель-кобальт рудасын өңдеу зауыттары, алтын өңдеу зауыты және тағы басқалар бар. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ақтөбе әуежайында мультимодальды орталық құру бойынша шетелдік инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде», —деді Ақтөбе облысының әкімі.
Асхат Шахаров әрбір инвестициялық жобаны жүзеге асырудың барлық кезеңдері өзінің жеке бақылауында екенін, өңірдің инвестициялық әлеуетін толық ашу үшін қажетті шаралар қабылданып жатқанын атап өтті.