«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Өңірдегі өзекті мәселелер жүйелі түрде шешіліп жатыр

Кеше Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімі Асхат Шахаров Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі тапсырмалары аясында облыста атқарылған жұмыстар, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру, сондай-ақ осы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында баяндап берді, — деп хабарлайды «Ақтөбе» газетіне сілтеме жасаған Mugalzhar.kz.

Рекордтық көрсеткіш: 1,1 триллион теңге инвестиция тартылады

Облыс әкімі Асхат Шахаров биыл жыл басынан бері өңірімізде макроэкономикалық жағдай тұрақты түрде сақталып келе жатқанын, оның ішінде инвестициялық өсім 108,2 пайызға жеткенін атап өтті.

  • Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бүгінде облысқа инвестиция тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Атап айтқанда, осы жылдың 10 айында облыс экономикасына 804 миллиард теңге инвестиция тартылып, өсім 8,2 пайызға жетті. Жыл соңына дейін облысымызға рекордтық 1,1 триллион теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр, — деді ол.

Облыс әкімінің айтуынша, биыл облыста бірқатар маңызды әрі ірі инвестициялық жобалар қолға алынған. Соның бірі — ERG компаниясының Дөң тау-кен байыту комбинатында 1973 жылдан бері жинақталған шламды өңдеу зауыты. Аталған жоба аймақтың экологиясына оң әсерін тигізеді. Фабриканың іске қосылғанының арқасында 270-тен астам жаңа жұмыс орны ашылған. Ал ішкі нарықты қажетті мұнай жабдықтарымен қамтамасыз етіп отырған жылжымалы бұрғылау қондырғыларын шығаратын жаңа зауытта 100 адам жұмыс істейді.

Ірі өнеркәсіптік өндірушілер Ақтөбе мыс компаниясы, ERG, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ өз кәсіпорындарын жаңғыртуға 200 миллиард теңгеден астам қаржы бөлген. Бұдан бөлек бүгінде өңірді дамыту үшін маңызы зор басқа да жобалар жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде Батыс Қазақстан өңірлерін жеммен қамтамасыз ете алатын, құны 500 миллион теңге болатын «Жаңа-Әлжан» ұн комбинатының жаңа цехы бар.

— Бұл бағыттағы жұмыстар келер жылы да жалғасады. Жалпы, алдағы 4 жылда құны 4,1 триллион теңге болатын 51 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Олардың қатарында ERG компаниясының жел станциясы, никель-кобальт рудасын өңдеу зауыты, алтын өңдеу зауыты және тағы басқа жобалар бар. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ақтөбе әуежайында мультимодальды орталық құру бойынша шетелдік инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде, — деді А.Шахаров.

Өңір басшысы инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың барлық кезеңі өзінің жеке бақылауында екенін, өңірдің инвестициялық әлеуетін толық ашу үшін қажетті шаралар қабылданып жатқанын атап өтті.

«Ауыл аманаты»: 1200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды

Өз сөзінде облыс әкімі биыл өңірде ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті. Мәселен, жыл басынан бері осы салаға мемлекет тарапынан 14,5 млрд теңге қаржы бөлінген. Мал азығына кеткен шығынды өтеу үшін қосымша 2,9 млрд теңге қаражат қарастырылған. Көрсетілген мемлекеттік қолдаулардың арқасында осы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласында 397 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Пайдаланылмай жатқан 350,1 мың гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылған.

Асхат Шахаров Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауыл-аймақтарда мал, егін шаруашылығымен айналысатын шаруаларға, шағын және орта бизнес саласына алдағы уақытта да жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді. Сондай-ақ «Ауыл аманаты» жобасының ауқымын одан әрі кеңейту жоспарланып отырғанын айтты.

— Биыл облыстың диқандары бірқатар қиындықтарға тап болды. Ауа райының қолайсыздығы, жауын-шашынның көп түсуі, ақбөкен мен шегірткелердің кесірінен жайылымдардың зақымдануы байқалды. Дегенмен астықтың орташа түсімі гектарына 10,2 центнер болып, барлығы 428,5 мың тонна өнім жиналды. Ендігі кезекте біздің алдымызда өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін одан әрі дамыту міндеті тұр. Мәселен, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ақтөбе облысының бірлескен инвестициялық жол картасына сәйкес 2026 жылға дейін жалпы құны 502 миллиард теңге болатын 93 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Атап айтсақ, алдағы екі жылда көкөністерді сақтау мерзімі мен көлемін және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесін арттыруға бағытталған сүт-тауарлы фермалар, құс фабрикалары мен көкөніс сақтау қоймаларын салу бойынша облыс үшін маңызды жобалар жүзеге асырылатын болады, — деді Асхат Шахаров.

Облыс әкімінің айтуынша, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру мақсатында алдағы жылдары «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру жалғасады.

— Облыста бұл жоба екінші жыл қатарынан жүзеге асырылуда. 2023-2024 жылдары бұл жобаны қаржыландыруға 19 миллиард теңге қаржы бөлінді. Бүгінде 7,3 миллиард теңгеге 1627 жоба мақұлданды. Нәтижесінде жеке қосалқы шаруашылықтар 219 мыңнан астам құс сатып алып, 209,8 гектар жерге көкөніс және бақша дақылдары егілді, жалпы көлемі 1 гектардан асатын 77 шағын жылыжай салынды. Ауылдық жерлерде 101 кондитерлік цех пен наубайхана, 129 сүт цехы, 65 ет өңдейтін шағын цех және 429 басқа да шағын бизнес-жоба іске қосылды. Ауылдық жерлерде 1210 жаңа жұмыс орны ашылып, 1062 адам жеке кәсіпкер ретінде тіркелді, — деді облыс әкімі.

818 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді

Жыл басынан бері облыста қаржыландырудың барлық көздерін пайдалана отырып, 818 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Сондай-ақ биыл жыл соңына дейін облыста рекордтық көрсеткіш 1,3 миллион шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілмек.

— Өңірімізде әлеуметтік тұрғын үйге ерекше көңіл бөлінуде. Мәселен, бюджет қаражаты есебінен жыл соңына дейін 974 пәтерді пайдалануға беру жоспарлануда. Сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал топтары мен көпбалалы отбасылар үшін дайын 360 пәтер сатып алу жоспарланып отыр. Сондай-ақ аталған оң нәтижелерге қарамастан, бүгінде облысымызда үлескерлердің тұрғын үй алу үшін қаражат салып, баспанасыз қалу мәселесі өте өзекті проблема болып отыр. Мәселен, Ақтөбеде барлығы 11 тұрғын үйдің құрылысы кешіктіріліп, оған 540 үлескерден 3,5 миллиард теңге инвестиция тартылған. Осыған орай «Кооперативтер құрудың проблемалық мәселелерін шешудің жол картасы» әзірленіп, қазір қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсету бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде, — деді А.Шахаров.

Оның айтуынша, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес үлескерлер мәселесін шешу үшін Ақтөбе қаласы әкімдігінің жанынан уәкілетті ұйым құрылған. Бұл ұйым алдағы уақытта үлестік құрылысқа қатысты мәселелерді тиімді шешуге және азаматтардың құқығын қорғауға мүмкіндік береді.

Газдандыру деңгейі 95,5 пайызға жетеді

Баспасөз мәслихатында облыс әкімі Асхат Шахаров өңірдің, оның ішінде ауылдық елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымын қоса алғанда, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту және жүйелі мәселелерді шешу бойынша шаралар қабылданып жатқанын атап өтті.

— Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай халықты 100 пайыз сапалы ауызсумен қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл орайда біз биыл жыл соңына дейін 27 ауылды сумен қамтамасыз ететін боламыз және бұл көрсеткішті 99,2 пайызға жеткіземіз. Келер жылы 11 ауылды ауызсумен қамту жобаларын жүзеге асыру арқылы бұл көрсеткішті 99,8 пайызға жеткіземіз. Сондай-ақ Президент өз Жолдауында ауылдық елді мекендерді одан әрі газдандыру қажеттігін де атап өтті. Бүгінде облыс тұрғындарының 93,4 пайызы газбен қамтылған. Жыл басынан бері 17 ауыл газдандырылды, жыл соңына дейін облыс тұрғындарының 95,5 пайызын газбен қамтамасыз етеміз, келесі жылы 8 ауылды газдандыру жоспарланып отыр, — деді өңір басшысы.

Облысты одан әрі дамыту үшін маңызы зор «Бұхара-Орал» газ құбырының үшінші желісін салуға арналған инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру 2024 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Жалпы құны 43,4 млрд теңгелік жоба облыс орталығында қазірдің өзінде жылына 1,6 млрд текше метрге жететін газ тапшылығын алдағы 50 жылдың «күн тәртібінен» шығаруға мүмкіндік береді.

Алдағы екі жылда 44 жаңа мектеп салынады

Асхат Шахаров өз сөзінде әлеуметтік салада атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталып өтті. Оның айтуынша, бүгінде облыстағы білім және денсаулық сақтау салаларында жылдар бойы қордаланған бірқатар мәселе бар.

  • Қазіргі таңда өңірде үш ауысымды — 4, апатты жағдайда тұрған 5 мектеп бар. Бұдан бөлек, саман, қамыс және ағаштан салынған, заман талабына сай келмейтін 41 ескі мектеп жұмыс істейді. Жалпы, өңірде оқушылар арасындағы орын тапшылығы 18 мыңға жетіп отыр. Міне, осы мәселелерді шешу мақсатында біз алдағы екі жылда
    24 мың орындық, жалпы құны 122 миллиард теңге болатын 44 жаңа мектеп салатын боламыз. Биыл 5 мектеп пайдалануға берілді.
     Оның ішінде республикада жеке инвестор есебінен салынған, көлемі жағынан ең үлкен мектеп — «Смарт Білім» аталатын оқу ордасының іске қосылғанын атап өткім келеді. Бұл мектеп 5 мыңнан аса оқушыны қабылдай алады. Ал ескі бейімделген 41 мектептің алтауы бойынша биыл мәселе шешілді. Қалған 35 ауылдық мектептің мәселесін алдағы жылдары кезең-кезеңімен шешетін боламыз, — деді А.Шахаров.

Облыс әкімі «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында алдағы уақытта өңірде 29 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланып отырғанын жеткізді.
Атап айтсақ, аталған нысандардың бесеуі жыл соңына дейін пайдалануға берілсе, қалғаны келер жылы ашылады. Сондай-ақ Хромтау, Мұғалжар және Шалқар аудандарында үш ауданаралық көпбейінді аурухана қолданысқа беріледі. Бұл нысандар облыс, аудан орталығынан 500-600 шақырым қашықтықта орналасқан ауыл тұрғындарына  дер кезінде сапалы медициналық көмек алуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек алдағы жылдары өңірде медицина саласында жеке инвестициялар есебінен бірқатар ірі жоба жүзеге асырылмақ. Мәселен, мұндай жобалардың қатарында Батыс Қазақстанның барлық аймақтарын қамтитын ядролық медицина және томотерапия орталығы бар «Орхун Медикал» көпсалалы емханасы, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті жанынан ашылатын жаңа клиниканың құрылысы бар.

— Жуырда өңірімізге арнайы жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы  облысымыздың өнер ордасы — Тахауи Ахтанов атындағы драма театрдың жұмысымен танысып, заман талабына сай жаңа драма театр салуды тапсырды. Бұл жоба бойынша қазір тиісті құжаттарды әзірлеуді бастадық, келер жылы жаңа нысанның құрылысына кірісетін боламыз, — деді облыс әкімі.

Сондай-ақ өңір басшысы келер жылы облыста жастар басқармасы қайта құрылатынын, бұл мекеме жастармен ауқымды жұмыстар жүргізетінін атап өтті.

— Бүгінде өңірімізде 260 мың жас болса, соның 6,6 пайызы немесе 16 588-і NEET санатына жатады. Қазіргі таңда біз жастарды тұрақты жұмыспен, баспанамен қамтуда тиісті жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Атап айтсақ, биыл жыл басынан бері өңірде 22 831 жас жұмыспен қамтылды. «Ауыл аманаты» жобасы аясында жалпы құны 2 миллиард теңгеден астам қаражатқа 442 жас несие алып, жаңа жобаларын жүзеге асыруда. Сондай-ақ кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы шеңберінде 250 жас қайтарымсыз грантқа ие болды, — деді А.Шахаров.

Түйткілді мәселелер шешімін табады

Баспасөз мәслихатында өңір басшысы Асхат Шахаров облыстағы түйткілді мәселелерге тоқталды. Олардың қатарында экология, жолдардың сапасы, қоғамдық көліктердің жағдайы, т.б. бар.

— Біз өз жұмысымызда қашанда «Еститін мемлекет» тұжырымдамасын ұстанамыз. Бұл орайда бүгінде облыс әкімдігінде ахуалдық орталық жұмыс істейді. Аталған орталыққа жыл басынан бері 55 мыңнан астам қоңырау түсті. Осы қоңыраулар арқылы түскен өтініш-шағымдарды, сұраныстарды талдау кезінде біз халықты ең көп толғандыратын 5 мәселені, атап айтсақ, жолдардың сапасы, экологиялық жағдай, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі, инфрақұрылым және интернетпен қамтамасыз ету мәселелерін анықтадық. Олардың барлығы бақылауда, шешу шаралары жүргізілуде, — деді Асхат Шахаров.

Облыс әкімі тұрғындардан түсетін арыз-шағымдардың басым бөлігі жолдардың сапасына қатысты екенін атап өтті. Бүгінде стандартты жағдайдағы облыстық маңызы бар жолдардың үлесі  — 75 пайыз. Биыл 33 млрд теңгеге жергілікті маңызы бар 458 шақырым жол жөнделген. Ақтөбе-Ұлғайсын және Қандыағаш-Шалқар республикалық маңызы бар автокөлік жолдарында ірі жобаларды жүзеге асыру жалғасуда.

  • Келер жылы 480 шақырым жол жөндеп, стандартты жағдайдағы жолдардың үлесін 82 пайызға жеткізуді алдымызға міндет етіп қойдық. Халықты толғандыратын тағы бір мәселе  қоғамдық көліктердің жағдайы. Бұл бағытта қазір өңірімізде тиісті жұмыстар жүргізілуде. Осы тұста айта кету керек, соңғы екі жылда өңірімізде 180 жаңа автобус сатып алынды. Келесі жылы тағы 70 автобус сатып алу жоспарлануда, автобус паркі 90 пайызға дейін жаңартылады. Сондай-ақ қазіргі таңда облыста ауданаралық көлік қатынасында да бірқатар мәселе бар екендігі белгілі. Жақында әлеуметтік желіде қызу талқыланған  Хромтау-Ақтөбе бағытындағы автобустардың жағдайын мысалға келтіруге болады. Бұл бағыттағы автобустар сонау 90-жылдары шығарылған. Шұғыл түрде автобустарды жаңаларына ауыстыру туралы шешім қабылданды, — деді облыс әкімі.

Сондай-ақ ол биыл облыста 315 ауылдың 236-сы қолжетімді мобильді интернетпен қамтамасыз етілгенін, алдағы жылы 47 ауылға мобильді интернет жүргізу жоспарланып отырғанын айтты. Сондай-ақ келер жылы ауыл-аймақтарда орналасқан 37 мектеп жылдамдығы жоғары интернет желілеріне қосылатынын жеткізді.

Баспасөз мәслихатының соңында облыс әкімі БАҚ өкілдерінің бірқатар сауалдарына жауап берді.

Ұқсас ақпараттар

Банктің қызметін үйде отырып, қалай пайдалануға болады?

admin_mugalzhar

ЕРІКТІЛЕР ІСІ — ЕЛГЕ ӨНЕГЕ

admin_mugalzhar

«Аватар» фильмі қазақ тіліне аударылды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.