«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Жыл қорытындысы: өңдеу өнеркәсібіндегі серпінді жобалар және Қазақстанда жаңа тауарлар өндірісін дамыту

Биыл еліміз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында жариялаған және халықтың өмірін жақсартуға бағытталған жаңа экономикалық модельге көшуді бастады.

Ол үшін еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыруға баса маңыз берілген құрылымдық экономикалық реформалар белгіленді.

«Өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет. Біз ел тағдыры үшін айрықша мәні бар бірқатар жобаны жүзеге асыруымыз керек. Экономиканы әртараптандыру бұрынғыдан да маңызды міндетке айналуда. Бұл ретте металды терең өңдеу, мұнай-газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және байыту, автобөлшектер және тыңайтқыштар шығару сияқты бағыттарға айрықша назар аударған жөн. Басқаша айтсақ, жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құру керек», — делінген ел Президентінің халыққа Жолдауында.

Primeminister.kz редакциясы жылды қорытындылай келе, отандық өнеркәсіпте қол жеткізілген нәтижелерге шолу жасады.

Биыл елімізде өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 488 млрд теңге болатын 126 жаңа жоба іске қосылды. 8,9 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылды. Айта кетейік, жұмысқа орналастыру шараларымен қалалар, моноқалалар және ауыл тұрғындары қамтылуда.

Ел экономикасы үшін ең негізгі және маңызды жобалар қатарында:

– Тамыз айында Дөң тау-кен байыту комбинатының жиналған шламдарын өңдейтін байыту фабрикасы іске қосылды. Зауыттың қуаттылығы жылына 400 мың тонна хром концентратын құрайды, жалпы инвестиция көлемі — 96 млрд теңге. Жоба аясында 400-ге жуық жұмыс орны ашылды. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде бұрыннан жинақталып қалған 14,5 млн тонна қалдық өңделетін болады.

Қараша айында Қарағанды ​​облысында арнайы кокс шығаратын ауқымды жоба техникалық түрде іске қосылды. Қуаттылығы жылына 400 мың тонна болатын кәсіпорында 184 жұмыс орны ашылды. Арнайы кокстан бөлек, зауытта жылына 72 мың тонна көмір шайыры мен көмір майын өндіру де жоспарланып отыр.

– Қараша айында Қарағанды облысы Саран қаласының индустриялық аймағындағы Silk Road Electronics зауытында отандық тұрмыстық техника өндірісі ашылды.

Автоматтандырылған кәсіпорында Artel брендімен су жылытқыштар, шаңсорғыштар, ас үй плиталары, шағын пештер, ас үй ауасын тазартқыштар, жартылай автоматты кір жуғыш машиналар мен теледидарлар сияқты 7 түрлі өнім шығарылады. Зауыт 2025 жылға қарай толық қуатына шыққанда жылына 1,1 млн дана өнім шығаратын болады.

– Қарағанды ​​облысында ашылған тағы бір маңызды жоба — қуаттылығы жылына 330 мың тонна өнімді құрайтын әк шығаратын зауыт. Импортты алмастыруға зор үлес қосатын кәсіпорынға «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолдау көрсетілді. Зауыт республиканың әктасқа қажеттілігін толық жабады деп күтілуде.

– Қыркүйекте Жетісу облысындағы керамикалық плитка өндірісінің қуаты жылына 1,2 млн шаршы метрден 3,5 млн шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Бұл еліміздегі осы өнім импортының 10%-ын жабуға мүмкіндік береді. 226 жұмыс орны ашылды.

Қостанайда әлемдік өндірушілермен өнеркәсіптік кооперация аясында бірқатар жоба жүзеге асырылды. Атап айтқанда, жылына 10 мың дана Jetour автокөліктерінің сериялық өндірісі, сондай-ақ жылына 15 мың дана Skoda автомобильдерінің өндірісі іске қосылды.

Локализацияны дамыту аясында қуаттылығы жылына 25 мың дана Kia Sportage және Kia Cerato автомобильдерін ұсақ тораптық әдісі арқылы (дәнекерлеу және кузовтарды бояуды қоса) шығару ұйымдастырылды. Қуаттылығы жылына 30 мың дана Chevrolet Onix автокөліктерін ұсақ тораптық әдіспен шығару жобасын іске қосу басталды.

Қостанай индустриалды аймағында қуаттылығы жылына 70 мың автомобильді құрайтын жаңа Kia зауытының құрылысы басталды. Сонымен қатар ШОБ-тың қатысуымен автокомпоненттер шығарылатын локализациялау орталығының құрылысы жүріп жатыр.

– Алматыда Hyundai Trans Almaty зауытын жаңғырту аяқталды: Golden Dragon қалалық автобустарын, сондай-ақ Hyundai жүк көліктерінің барлық моделін дәнекерлеу және бояу бойынша технологиялық операциялар іске қосылды.

– Сонымен қатар Алматыда орындық, мультимедиа жүйелері мен пластикалық бөлшектер шығаратын Hyundai автомобильдік локализациялау паркінің құрылысы басталды. Локализациялауды тереңдету аясында инвестиция көлемі 12,4 млрд теңге құрамақ. 400-ден астам жұмыс орнын ашу жоспарланған.

● Бұдан бөлек, ішкі нарыққа бағытталған өнімдер шығаратын бірқатар шағын және орта жобалар іске қосылды:

– Шымкентте инвестицияның жалпы құны 4,9 млрд теңге болатын дымқыл майлықтар, сұйық және қатты сабын өндірісі жобасы іске қосылды. Зауыттың қуаттылығы жылына шамамен 15 мың тонна өнім шығаруға жетеді.

– Батыс Қазақстан облысында жалпы инвестиция көлемі шамамен 1,3 млрд теңге болатын бигбег (жұмсақ контейнерлер) шығару жобасы іске қосылды. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 5 млн өнімді құрайды.

Биыл Қазақстанда бұған дейін елімізде өндірілмеген жаңа тауарлардың өндірісі жолға қойылды. Олардың қатарында мұнай-химиялық реагенттер, айнымалы жиілікті жетектер, күн батареясының картридждері, жоғары тұрақты электр үнемдейтін кварцтық генераторлар, электронды температура түрлендіргіштері және мембрандық бөлгіштер жүйелері, сондай-ақ жоғары вольтті вакуумдық автоматтық ажыратқыштар және көп функциялы есептегіштер бар.

● Биылғы елеулі жетістіктердің бірі — Qarmet комбинатының Қазақстан меншігіне қайтарылуы. Қазақстан Үкіметі мен ArcelorMittal арасындағы келісімді еліміз үшін айрықша маңызға ие мега-мәміле деп атауға болады. Меншік иесінің ауысуымен кәсіпорынға бірінші кезеңде шамамен $1,3 млрд жеке инвестиция салынады. Бұл қаражат құрал-жабдықтарды жаңғыртуға, заманауи өндірістік технологияларды енгізуге және өнеркәсіптік қауіпсіздік стандарттарын жақсартуға бағытталады.

● Ел Үкіметі шартты бұзған жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттары мен лицензияларын қайта қарау жұмыстарын жүргізуде. Биыл 54 келісімшарт тоқтатылып, қатты пайдалы қазбаларды барлауға берілген 96 лицензия қайтарылды. Міндеттемелерді бұзғаны үшін 6,4 млрд теңге айыппұл салынды.

Нәтижесінде алтын, көмір, темір, мыс, көмірсутек, боксит, полиметалл және т. б. кен орындары мемлекеттік қорға қайтарылды, олар кейіннен жаңа инвесторларға беру үшін ашық аукционға қойылады. Бұл жер қойнауын пайдалану секторына қосымша инвестиция ағынын қамтамасыз етеді.

2023 жылы өткізілген аукциондардың қорытындысы бойынша ел бюджетіне 4,3 млрд теңге көлемінде қол қою бонусы төленді. Бұл ретте көмірсутек шикізатын геологиялық барлауға тартылған жаңа инвестициялар көлемі шамамен 23 млрд теңгені құрайды.

● Қазақстанның жаңа өнеркәсіптік саясаты өнімділігі жоғары, экспортқа бағдарланған экономиканы құруға және шикізаттан өңдеуші өнеркәсіпке көшуге бағытталып отыр. Осы мақсатта биыл мемлекеттік ынталандырудың қаржылық және қаржылық емес шараларын қамтамасыз ету механизмдері қосылған Өңдеу өнеркәсібін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді.

● Өткен жылы және биыл даму институттары өңдеу өнеркәсібі жобаларын қаржыландыруға 620 млрд теңгеден астам қаражат бөлді. Атап айтқанда, жеңіл өнеркәсіпке 3%-бен, тұрмыстық техника сияқты терең өңделген өнім өндірушілерге 9%-бен несие беріледі. Шағын және орта бизнестің 2 млрд-тан 7 млрд теңгеге дейінгі жобалары үшін 8%-бен несие беру қарастырылған.

Өндірушілерді шикізатпен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілді. Алюминий, мыс және қорғасын үш маңызды металл ретінде анықталды. Қазіргі уақытта металдарды ішкі тұтыну үлесі: алюминий — 17%, қорғасын — 19%, мыс — 1,5%. Қазір олардың отандық қайта өңдеушілерге арналған бағасы нарық бағасынан 5%-ға дейін төмен. Атап айтқанда, бұл жыл соңына дейін алюминий өңдеуді шамамен екі есеге — 31 мың тоннадан 51 мың тоннаға, мысты 7 мыңнан 9 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

● Өңдеу кәсіпорындарын қолжетімді шикізатпен қамтамасыз ету бойынша заңнамалық міндеттемелерді іске асыру үшін түзетулер пакеті әзірленді. Бұл 2029 жылға қарай металдарды ішкі өңдеу көлемін, яғни алюминийді 5 есеге – 166 мың тоннаға, қорғасынды 4 есеге — 81 мың тоннаға, мысты 13 есеге — 91 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

● ШОБ-қа инфрақұрылымдық қолдау көрсету үшін «Шағын өнеркәсіптік аймақтар» бағдарламасын іске қосу жұмыстары басталды. Ол өңдеу өнеркәсібі саласына шағын және орта бизнес субъектілерін тарту үшін жаңа өндірістік орындар салуды және қазіргі өндірістерді реконструкциялауды көздейді.

Ұқсас ақпараттар

ҚАШЫҚТАН ОҚЫТУ: ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

admin_mugalzhar

Елжан Біртанов ел азаматтарына Оңтүстік Кореяға бармауға кеңес берді

admin_mugalzhar

ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.