«Amanat» партиясы Мұғалжар аудандық филиалының атқарушы хатшысы болып Роза Наурызбайқызы Мүсенова тағайындалды. Аудан әкімдігінде өткен жиында «Amanat» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ербол Данағұлов таныстырды.
Роза Мүсенова Мұғалжар ауданында дүниеге келген. 2003 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін «Қаржы және несие» мамандығы бойынша бітірді. Әр жылдары Мұғалжар аудандық қаржы бөлімінің жетекші маманы, бас маманы, бухгалтерлік есеп және есептілік бөлімінің бастығы, бюджеттік және бухгалтерлік есеп және есептілік секторының меңгерушісі, басшысының орынбасары, бөлім басшысы қызметін атқарды. 2018 жылдан 2023 жылға дейін Мұғалжар аудандық мәслихатының хатшысы болды. Жиында аудан әкімі Дархан Ермағанбетов пен партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ербол Данағұлов оның қызметіне сәттілік тілеп, партия жұмысын жандандыруды тапсырды.
Жиында биылғы жылы атқарылатын жұмыстар пысықталды. Әсіресе, «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша тұрғындардың қаржылық сауатын арттыру, Сайлауалды бағдарламаның орындалуы, депутаттық фракция, партиялық бақылау, қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмыстарын үйлестіру туралы айтылды. Мәселен, «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша 700 тұрғынның қаржылық сауатын арттыру көзделген. Оған 5 қаржы сарапшысы жұмылдырылып отыр.