«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ҚАНДЫАҒАШТЫҚ КӘСІПКЕР ЖҰП ТІГІН ЦЕХЫН АШПАҚ

БІЗДІҢ ҚОҒАМДА ӘЛІ КҮНГЕ ДЕЙІН «БИЗНЕС БАСТАУ ӨТЕ ҚИЫН, ҚЫМБАТ, ӘРІ БАРЛЫҒЫНЫҢ ҚОЛЫНАН КЕЛЕ БЕРМЕЙДІ» ДЕГЕН ПІКІР БАСЫМ. БӘЛКІМ, СОДАН БОЛАР, КӨП АДАМДАР КӘСІП БАСТАУҒА ЖҮРЕКСІНІП, ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІ ҚАРЖЫЛЫҚ ЖАҒДАЙЫН ЖАҚСАРТУҒА ТЫРЫСПАЙДЫ, НАҚТЫ ШЕШІМ ҚАБЫЛДАУҒА АСЫҚПАЙДЫ. САЙЫП КЕЛГЕНДЕ, КӘСІП ДЕГЕНІМІЗ ЕҢБЕК ЕТУ ЕКЕНІ БЕЛГІЛІ. АЛ ЕҢБЕКТЕНЕМІН ДЕГЕН ҚОС ҚОЛҒА КҮРЕК ТЕ ТАБЫЛАДЫ. АЛДЫНА НАҚТЫ МАҚСАТ ҚОЙЫП, ТИЯНАҚТЫ, ТОЛЫҚҚАНДЫ ЖОБА ЖАСАП, ҰЙЫМДАСТЫРА БІЛГЕН АДАМ ТІПТІ, ҮЙІНДЕ ОТЫРЫПАҚ ӨЗ КӘСІБІН БАСТАЙ АЛАДЫ. СОНЫҢ БІР ДӘЛЕЛІ — ҚАНДЫАҒАШТЫҚ ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫ ЫСҚАҚОВТАР.

Қандыағаштық бұл кәсіпкер жұптың лазерлі станокпен жұмыс атқарып келе жатқандарына 2 жылдан асыпты. Айтуларынша, бұл станокпен жұмыс жасау өте ыңғайлы әрі оңай. Келген тапсырысты дер кезінде орындау үшін де таптырмас құрал.

-Бастапқыда бұл істі бастамас бұрын жан жақты зерттедім. Әбден көзім жеткен соң ғана барып, бір тоқтамға келіп, іске кірістік десем де болады. Келіншегім Динара көрпе тігіп, қыз жасауын дайындап, түрлі қазақы нақыштағы әшекей бұйымдар жасауға әуес. Осы әуестігін кейін кәсіпке айналдырдық. Алғашқыда көрпе-жастық үстіне қоятын оюларды Ақтөбе қаласына барып жасатып, кестіріп жүрдік. Бұл уақытымызды алды, әрі қосымша шығын шықты. Сол себепті осы құралды алуға жұмыстандық. Онымен жұмыс жасау процесін көріп, үйреніп алдық. Сөйтіп уақыт үнемдедік және бір жағынан бұл құрал ою-өрнектерді біркелкі, әдемі қылып шығарады, — дейді Нұржан.

Динара да жолдасының дегенін растап, бала күннен ою ойғанға әуес болып өскенін, кейін шеберлік сабақтарына қатысып, шеберлігін шыңдағанын жеткізді.

Әйел адам әрдайым ізденісте жүрсе, бір іс бастаса, одан міндетті түрде нәтиже шығады. Себебі ғалымдардың айтуынша, бизнесте көп жетістікке жететіндер де нәзік жандылар екен. Мен оған келісемін. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен әйел затының қолынан келмейтін іс жоқ деп білемін. Мен де өзімнің жаным қалаған дүниені кәсіп көзіне айналдыруды жолдасыммен ақылдасып, дұрыс деп таптым. Жалпы қазіргі жасап жатқан дүниелеріміз көп. Лазерлі станок алғалы мүмкіндіктер де ашылды. Жан жақтан станокпен кесуге тапсырыстар түсіп тұрады. Бастысы, келген адамның материалын қалдықсыз, тиянақты кесіп беру. Осылайша іске жауапты болсаңыз, тұрақты клиент ұстай аласыз, — дейді Динараның өзі.

Қос шебердің қолынан шыққан бұйымдар да неше түрлі. Қазақы оюмен көмкерілген көрпе де, көлікке арналған сан түрлі бұйымдар да, сыйлыққа ұсынуға таптырмас дүниелер де Нұржан мен Динараның шағын қоймасынан табылады. Кәсіпкер болу үшін, ең алдымен, бастайын деп тұрған саланы бүге-шүгесіне дейін зерттеп, көз жеткізіп барып, кірісу керектігін айтады кәсіпкер жұп.

Әйтпесе, жұрт жасап жатыр екен деп, оң жамбасыңызға түспейтін нәрсені қолға алып, өзіңізге жақын болмаса да тәуекел ету — бос әурешілік. Одан кейінгі кезекте «көрпеңе қарай көсіл» деген мағыналы сөзді есте сақтай отырып, көп шығынға батпай, аз-аздан бастау керек. Өзім ұстанатын, әрі айтып жүретін үшінші қағидам, мүмкін кеңесім дейміз бе, тәжірибеге жұмыс жасау керек. Бұл тәсіл де сіздің алдағы қойған үлкен жоспарларыңызға маңызды қадамдар, — деген ісмер келіншек Хамза атты ұлдарын да еңбекке баулып жүргенін, оның тапсырған тапсырманы лезде қағып алатынын айтып мақтан етті.

Балаға ата-ананың көрсетіп жатқан әрбір ісі үлгі болуы керек. Ол кішкентайынан біздің еңбектеніп жатқанымызды көзбен көріп өсіп келе жатқандықтан, ертеңгі күнінен мол үміт күтеміз. Бір жағынан қазақы дәстүрді насихаттап жүргеніміз бала үшін тегінің тарихын, қазақ дәстүрінің қадір-қасиетін білетін азамат болып қалыптасуына да үлкен мүмкіндік дер едім. Мәселен, біз қолданатын әрбір оюдың өзінің бір тарихы, түпкі мағынасы бар. Оны кез келген көрпе-жастықтың үстіне қоя алмайсың. Қыз жасауына бөлек, күнделікті қолданыстағы көрпелерге бөлек қолданылады. Оны да Хамзамызға айтып, әрбір оюмен таныстырып отырамыз. Кәсіпкерліктің кілті — осындай бірлікте дегім келеді, — дейді Динара шебер.

Жас отбасының алдағы уақытқа құрған жоспарлары әйдік. Алдымен тігін цехын ашуды мақсат етіп отыр.

Әркімнің осы дүниеге өлшеп берілген ырзығы бар. Оны аздан береді ме, көптен береді ме, әуелі берекесімен берсін дейміз. Бизнесте бәсекелестік басым. Бірақ бәсекелестік деп бір орында қалып та қойып, немесе оқ бойы озудың да керегі жоқ. Бастысы, нарықтағы жаңалық пен өзгерістерден хабардар болып отырсаң болды. Енді осы бренд деп жа тамыз ғой, сол шаруаның жұмысымыз жүрген жайымыз бар. Орын таптық, атауын да ойлап қойдық, ендігі кезекте жарнама әзірлеп, тарату ғана қалды. Ашылу салтанатының да ауылы алыс емес шығар, — дейді кәсіпкер жұп.

Айдана АЛТЫБАЕВА

Ұқсас ақпараттар

Алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамы

admin_mugalzhar

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық Заңына сәйкес аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдігіне үміткерлеріне газет бетінен орын беру төлемінің мөлшері, шарттары мен тәртібі туралы МӘЛІМЕТ

admin_mugalzhar

БАТПАҚКӨЛ: ЖЕМ ЖАҒАСЫНДАҒЫ ЕЛ ЖАЙЫНДА

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.