«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

АУҒАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРЛЕРІ АРДАҚТАЛДЫ

Ауған соғысы ардагерлерін ардақтау шарасы аудандық мәдениет үйінде жалғасын тапты. Еске алу шарасына қатысқандар да сол жерден табылды. Залға жиналғандардың басым бөлігі мектеп оқушылары болды. Ондағы мақсат — рухы биік, жігері мықты жандарды жас ұрпаққа үлгі етіп көрсету.Мерекелік шара шымылдығы Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебінің «Дала сазы» фольклорлық ансамблінің орындауында мұғалжарлық сазгер Балымбет Күзембаевтың «Үштаған» күйімен ашылып, Малғаждар Әубәкіровтің «Талас» күйімен көркемделді.
Алғаш болып мінберге көтеріліп, құттықтау сөз сөйлеген аудандық мәслихат төрағасы Бақытжан Кадралин аудан соғысының ардегерлерін мерекелерімен құттықтап, «Біз соғыста қаза тапқан интернационал жауынгерлердің ерліктеріне бас иеміз.

Бұл кездесу елінің азаматы ретінде, болашақ Отан қорғаушы жастардың бойларына рух беріп, Отан алдындағы борышын адал өтеуге ынталандырады», — деп ыстық ықыласын білдіріп, Ақтөбе облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Әділет Отарбаевтың «Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына — 35 жыл» төсбелгісімен ауған соғысының ардагерлерін марапаттады. Атап айтсақ, Әли Алтыбай, Тұрғанбек Булдуов, Марат Досжанов, Жансерік Еламанов, Марат Иманғазин, Болат Маханов, Сейілхан Нұғыманов, Баймұрат Нұрлыбаев, Жаңбырбай Сағынбаев, Әмірбек Сәрсенбаев, Әжібай Сражев, Сайлаубай Тәжіғарин, Роман Тасқымбаев, Құрманғазы Шалтабаев марапатталды.

Жиын барысында аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Нұрлан Сейткамалов пен аудандық қорғаныс істері бөлімінің басшысы Азамат Байдосов сахнаға көтеріліп, ауғанның асуында от кешкен кешегі сарбаз, бүгінгі ардагерлерді ардақтап, жылы лебіздерін білдірді.
Одан кейін ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Әли Алтыбай сөз алып, бейбіт күнде орын алған сұм соғыстың қиын сәттерін есіне түсіріп, жауынгер қаруластары туралы естелік айтып, енді соғыс болмауына тілектестігін жеткізді.
Шара соңында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары патриоттық ән шырқап, мың бұрала би билеп, рухты өлең оқыды. Ал ауған соғысының ардагері Роман Тасқынбаев «Виват Шурави» атты әскери ән шырқап, көрерменнің қошеметіне бөленді.

Ұқсас ақпараттар

ЖҰМЫССЫЗДАР ТЕГІН ОҚЫТЫЛАДЫ

admin_mugalzhar

ИХ ПРОФЕССИОНАЛИЗМ — ЗАЛОГ БЕСПЕРЕБОЙНОЙ ПОДАЧИ ЭЛЕКТРОЭНЕРГИИ В НАШИ ДОМА

admin_mugalzhar

ВЫБИРАЙ ЖИЗНЬ!

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.