Классик жазушы Ғабит Мүсірепов «біреулерді қызмет көріктендірсе, енді біреулер қызметке көрік береді» деген екен. Бойында ерекше қабілет-қарымы бар, ішкі жан дүниесі бай, мәдениет пен өнердің жанашыры, ғұмырының 41 жылын сол саладағы қалтқысыз қызметке арнаған мәдениет саласының үздігі, ембілік Нұржамал Шамуршанова сол қызметке көрік берген жандар қатарынан-ау деп түйдік.
«Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, бала кезден өнерге жақын өскен, әуелете ән салатын Нұржамал қыз жыл сайын ауданда өтетін көркемөнерпаздар сайысына қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрді. Аудан қала берді, облыстық сайыстарда да жеңімпаз атанып, мектеп бітіргелі отырған 10 оқушы арасынан іріктеліп, Алматы қаласына жолдама алады.
— Осы жолдама арқылы «Алло, мы ищем таланты» байқауына қатысып, кейін жолдаманың арқасында Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжіне оқуға жіберілдім. Бірақ өкінішке орай, сол мезетте жанымда құжаттарымның болмауына байланысты кейін қайтуға тура келді. Содан Мұғалжар ауылдық орта мектебін 1979 жылы аяқтап, 1982 жылы Гурьев мәдени-ағарту училищесіне оқуға түсіп, «би ансамблінің жетекшісі» және 1996 жылы Әл-Фараби атындағы Шымкент педагогикалық институтын «ұйымдастырушы» мамандығы бойынша бітірдім. Кейін 2 жылдай Ақтөбе ғылыми методикалық орталығында әдіскер болып жұмыс жасадым. Міне, содан кейін өз ауданымызға келіп, зейнет жасына дейін мәдениет саласында қызмет атқардым, — деді өнерлі жан өзі туралы қысқа қайырып.
Ал біз тарқата айтсақ, өзінің мағыналы ғұмырын қойнауы сырға, көмейі жырға тұнған Ембі қаласының мәдени-рухани саласының кемелденіп өсуіне бағыттаған Нұржамал Темірғалиқызы ауданның мәдениет саласындағы қызметін 1987 жылы Ахмет Жұбанов атындағы мемориалдық музейінің жанынан құрылған Халықтық «Қарлығаш» қыздар вокал тобының мүшесі болып бастап, талай байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Кейіпкеріміздің еңбек жолы 1989 жылы аудандық мәдениет үйінің директорлығымен жалғасып, одан кейін әр жылдары Ембі қалалық мәдениет үйінің, Қ.Жұбановтар мемориалдық музейінің, Жем қалалық мәдениет үйінің және 2019 жылдың сәуір айынан бастап зейнетке шыққан 2023 жылдың желтоқсан айына дейінгі аралықта Ембі қалалық мәдени орталығының директоры қызметтерін атқарды.
—Мен осы жылдар ішінде мәдениет саласына қолымнан келгенімнің бәрін бердім десем болады. Денсаулығымды, арманымды, мақсатымды, жастық шағымнан зейнет жасына дейінгі барлық уақытымды арнадым. Күн-түн демей жұмыс жасап, отбасы, бала-шағаны ұмытқан кездер де болды. Бірақ сол еңбегімді бағалап, түрлі марапаттар алып, Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталарын иелендім. Мен өзімді бақытты адаммын деп санаймын. Себебі өзімнің жүрегім қалаған мамандықты таңдап, өмір бойы сол салада тер төктім. Қиналған уақыттар болмады демеймін. Алайда жаның қалаған жұмыстан шаршаған да тез ұмытылады екен, — дейді ол.
Табиғатынан қарапайым Нұржамал Темірғалиқызы марапаттарының атын атап, түсін түстемесе де, еңбегінің еленгенінің бір дәлелі ретінде өзіміз сұрап алдық. Өнерлі жан 2002 жылы облыс бойынша «Ең үздік мәдениет қызметкері» атағына ие болса, 2022 жылы ҚР «Мәдениет саласының үздігі», 2023 жылы І-ші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгілерімен марапатталған. Бірнеше мәрте аудан, облыс әкімдерінің Алғыс хаттарын алған.
Мәдениет саласында өткізген 41 жылының 30 жылға жуығында басшылық қызметте болған Нұржамал Шамуршанова ұйымдастыру жұмысының жілігін шағып, майын ішкен маман десе де болады. Осы жылдар ішінде жұмыс жасай жүріп, өз ізбасарларын да тәрбиеледі. Қазіргі таңда сол шәкірттері мәдениет саласында елеулі еңбек етуде.
—Бүгінгі талап та жаңашылдықты қажет етеді. Іздену мен тынымсыз еңбек — жетістікке жеткізетін жол. Тыңдармандарыңды таңқалдыру оңай емес. Шын талантты өнерде шыңдау, сахна мәдениетіне тәрбиелеуде қажырлы еңбек жатыр. Біздің еңбектің ақталғаны – көрермен мен тыңдарманның алғысы, ілтипаты. Жылдар желісінде өзімізге жүктелген жұмысты абыроймен атқаруға тырыстық, — дейді мәдениет майталманы.
Бір сәтке де тынбайтын, отбасы мен жұмысты қатар алып жүрген жан өмірлік серігімен екі қыз, бір ұл өсіріп, бүгінде немере баққан әже атанды. Зейнетке шыққан кейіпкеріміздің алға қойған жоспары да жоқ емес. «Қарлығаш» қыздар вокал тобының алғашқы мүшесінің бірі болған ол сол кездері өзімен бірге ән салған қыздардың, бүгінгі әжелердің басын қосып, «Әжелер ансамблін» құрды. Сол ансамбльдің құрамында ән айта жүріп, алдағы уақытта жас кездегідей үлкен сахналарда өнер көрсетсек дейді.
Қызметіне адал, қарапайым, болмысынан нағыз қазақылықтың қаймағы кетпеген, ең бастысы білікті басшы бола білген Нұржамал Темірғалиқызының өнегелі өмірі осылай өріліп келеді…
Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ