Құмжарған ауылдық округінің орталығы Бірлік ауылында Жем өзені арнасынан асып, Аязбаев көшесіндегі бірқатар үйлерге су кіріп кеткен.
Ауыл әкімі Қанағат Қалиев үйлері судың астында қалған тұрғындарды көрші үйлерге орналастырғанын, жағдайдың әлі тұрақталмағанын, судың деңгейі қайтпағанын айтты.
«Биылғы қыста қар қалың түсті. Еріген су Жем өзеніне құйылып, тасып, көшедегі 7 үйге кірген судың биіктігі белден асады. Бүгінде жалпы саны 20 адам және қорасындағы малы қауіпсіз жерге көшірілді. Сонымен қатар 7 шақырым жерде орналасқан «Алтынай» шаруа қожалығының иесі әйелі және малшысымен бірге аралда қалып қойып, үйлерінің төбесінде 4-5 сағаттай жан бағып отырды. Кешке сағат тоғыздардың шамасында Ақтөбе қаласынан құтқару бригадасы келіп, Ембі қаласына алып кетті», — деді ауыл әкімі.