САБАҒЫҢ ҚАЛАЙ, СТУДЕНТ?
17 ҚАРАША — ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СТУДЕНТТЕР КҮНІ. БҰЛ МЕРЕКЕ КҮНТІЗБЕДЕ ҚЫЗЫЛ БЕЛГІМЕН БЕЛГІЛЕНБЕСЕ ДЕ, ҚЫЗЫҒЫ МОЛ БАЛАЛЫҚ ШАҚТАН ЕНДІ ӨТІП, ЕРЕСЕК ӨМІРГЕ ҚАДАМ БАСҚАН СТУДЕНТТЕР ҮШІН МАҢЫЗДЫ КҮНДЕРДІҢ БІРІ. ОСЫ МЕРЕКЕГЕ ОРАЙ, ШЕТ ЕЛ МЕН ӨЗ ЕЛІМІЗДІҢ ӘР ТҮКПІРІНДЕ БІЛІМ АЛЫП ЖАТҚАН МҰҒАЛЖАРЛЫҚ СТУДЕНТТЕРДІ ӘҢГІМЕГЕ ТАРТТЫҚ. БАСТЫ ТАҚЫРЫП — БИЫЛҒЫ ОҚУ ЖЫЛЫН ҚАШЫҚТАН ОҚУМЕН БАСТАҒАН ЖАСТАРДЫҢ ОНЛАЙН ОҚУДАҒЫ ҚИЫНДЫҒЫ МЕН ҚЫЗЫҒЫ ТӨҢІРЕГІНДЕ БОЛДЫ.
— Нұр-Сұлтан қаласындағы Еуразия университетінің журналистика факультетінің 1-курсында оқитын мен үшін сақтық шараларын сақтау мақсатында енгізілген қашықтан оқудың жағымды жағы да, сонымен қатар көңілге қонбайтын тұстары да бар. Уақытты үнемдеп, оны пайдалы әрі өзімді дамытуға арналған неше түрлі сабақтарға арнауым — жақсы жағы деп түсінемін. Ал интернет желісі әлсіздеу еліміздің кейбір түкпіріндегі ауылдар үшін оқудың бұл түрі әлі де біршама қиындықтар туғызып отырғаны жасырын емес. Сол себепті кей кезде сабақ барысында лекцияларды түсінбей жатамыз. Алайда бұл өткінші қиындықтар екенін білеміз. Қашықтан оқысақ та, бір-бірімізді танып-білуге, керек кезде көмектесіп отыруға тырысып келеміз. Қазір бір-бірімізді көрмесек те, сондай жанашыр, ұйымшыл топқа айналып үлгердік. Қашықтан оқудың өз қызығы да бар. Бастапқы уақытта «Zoom» тәрізді бағдарламаларды қолдануда неше түрлі оқиғалар болған. Кейде біреулерде камера ашық қалып, мысығы келіп жатып алса, енді біреуінде дауыс құрылғысы іске қосылып қалып, үйінде болып жатқан не болмаса өзі сөйлеп отырған тұстар кездесіп, кейде күлкі сыйлап, көңіліміз бір көтеріліп қалатыны бар. Топ мүшелері жан-жақтан жиналғандықтан, әр өңірдің тумасымен дос болу өзім үшін де қызық болып жүр. Тездетіп қызықты сәттердің бірге куәсі болсақ деймін. Еліміздегі барлық студенттерді мерекелерімен құттықтаймын. Зор денсаулық, табысты, шығармашылық ізденістер мен биік шыңдарды бағындыруларын тілеймін.