Құрметті «Мұғалжар» газетінің редакциясы, сіздің газет арқылы алтын бесік-туған жерім, келін болған, еңбек жолын бастаған ауылым «Восток», қазіргі Көктөбе туралы жазғым келіп отыр.
Ауыл әйелдерінің еңбексүйгіштігіне таң қаламын! Бұл қасиет бұл жандарға туа біткен тәрізді. Олар шаршауды, өкпелеуді білмейтін жандар. Күндегі күйбең тірлікті үнсіз жүріп-ақ атқарады. Сиыр сауылып, сүт тартылып, май шайқалып, тары түйіліп, құрт-ірімшік қайнатылып, пеште нан пісіп жатыр.Үлкендердің де жағдайлары жасаулы, балалардың қарны тоқ, кезек-кезек қонақ күтулі. Міне, осының бәрін жасап жатқан, таңның атысымен күннің батысына дейін тыным таппай, қабағын шытпай, дөңгелетіп жүрген менің ауылымның әйелдері. Олардың әр басқан қадамы, айтқан сөздері, киген киімдері, бастарындағы ақ жаулықтары, кимешектері өздеріне жарасымды-ақ.
Өз басым ауылымның үлкендерінің осы қасиеттеріне қаншалықты жақындығымды білмеймін. Бірақ осының барлығынан өзім үшін сабақ алып, тәжірибе жинап, өзімнен кейінгілерге үйретуге тырысып келемін. Бала келін болып келіп, ана келін атандым. Көргенім мен түйгенім бар. Соның барлығын саралай келе, ауыл әйеліне деген шексіз құрметімді жеткізгім келеді.
Батима ФАЗЫЛОВА, Көктөбе ауылы