Баланың болашақтағы сау тісінің кепілі – сүт тісінен қолға алынатын күтімнен басталады. Ересектің өзінің зәресін алатын тіс дәрігерінің алдына бару бала үшін екі есе қорқынышты екені рас. Сол себепті де балалар тіс дәрігерінің жауапкершілігі де жоғары болуы тиіс. Бүгінгі таңда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі әртүрлі санаттағы жандармен бірге балаларға да жоспарлы стоматологиялық көмекті тегін алуға мүмкіндік береді. Ал Мұғалжар ауданы бойынша ата-аналар тісі ауырған баласын қайда апарып, қандай көмек ала алады. Бұл туралы төменде тарқатамыз…
Аудандық ауруханада екі балалар тіс дәрігері терапевтік және хирургиялық қызметтерді көрсетеді. Сонымен бірге 18 жасқа дейінгі балалар шұғыл әрі жоспарлы стоматологиялық көмекті МӘМС-тің базасына тіркелген жеке стоматологиялардан да тегін алуға құқылы. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры стоматологиялық қызмет көрсету үшін стоматологиялық клиникалармен тікелей келісімшарттар жасай бастады. Бұрын шарт емханалар арқылы жасалып келді. Сол себепті басқа қалада жүргенде балаларға шұғыл стоматологиялық көмек қажет болса, МӘМС-тің базасына тіркелген кез келген емханаларға жүгіне алады.
—Биыл Мұғалжар аудандық ауруханасында 1844 адам тіс дәрігеріне жүгінсе, оның 756-сы бала. Ал Ақтөбе қаласына 3 бала жіберіліп, оларға стоматологиялық қызмет көрсетілді, — деді аудандық ауруханасының статистік дәрігері Ершат Байзол.
Тіс дәрігерлерінің айтуынша, қазіргі кезде балалар ауруханаға көбіне пульпит, периодонтит сияқты тіс жегінің асқынған түрлерімен көп келеді. Тіске құрт түсу, тіс жегісі, ұры тіс шығу, стоматит, тістің қисық өсуі — бұлардың барлығы балалар мен олардың атааналарының бас ауруына айналған мәселелер. Мамандардың айтуынша, қазір ауыз қуысы сау бала өте аз. Оны уақытылы емдеп, алдын алмаса, тісінің сау, түзу әрі түгел болуы екіталай.
—Жасыратыны жоқ, көбінесе ата-аналар да, балалар да тіс тазалығына немқұрайлы қарайды. «Тісті емдетіп, жұлдыру қажет» десе, ат тонын ала қашатындар көп. Тісі ауырып, қанша жанға батса да, тек дәрі ішіп, жіті мән бермейді. Осылайша уақыт өткізіп, ауруды асқындырып алады, — дейді аудандық тіс дәрігері Айнұр Латфуллина.
Қазақстанның денсаулық сақтау саласында стоматология алғашқылардың бірі болып бәсекелестік ортаға берілді. Тиісінше, қазіргі уақытта еліміздегі тіс емдейтін мекемелердің көпшілігі жекеменшікте және олардың саны жыл өткен сайын артып келеді. Олардың арасында әзірге аудандағы «Medlife+» клиникасы ғана балалар стоматологиясы бойынша тегін қызмет көрсетеді. Біз бұл жерге де барып, балаларға қандай қызметтер көрсетілетінін білдік. Кең де жарық ғимараттың алуан түрлі стоматологиялық құрал-жабдықтарға толы кабинеттерін көрсеткен клиниканың стоматологтерапевт дәрігері Сабит Тұмақбаев жылы жүзбен қарсы алды.
—Бізде МӘМС есебінен белгілі бір санаттағы адамдарға стоматологиялық қызметтер тегін көрсетіледі. Оның ішінде клиника 3-18 жас аралығындағы балаларға тегін қызмет түрлерін ұсынады Алайда бұны әлі көп адам біле бермейді, — дейді клиника қызметкері.
Оған сол клиникаға кішкентай қызын емдетуге әкелген Нұрғали Жұматаев деген қала тұрғынының сөзі де дәлел болды.
— Мен қызымды қаладағы басқа жекеменшік стоматологияға апардым, дәрігер қарап болған соң емдетуі 10 мыңның үстіне шығатындығын айтып шығарып салды. Содан Қандыағаш қаласында балаларға тегін стоматологиялық қызмет көрсететін басқа жекеменшік клиника іздедім. Осы клиника туралы таныстарымнан естіп келіп отырмын. Бұған дейін тегін көмек алуға болатынын да білмеппін, — деді ол.
Сабит Тұмақбаевтың сөзіне сүйенсек, МӘМС жүйесіндегі стоматологиялық қызметтер барлығына емес, халықтың жекелеген әлеуметтік осал санаттарына ғана қолжетімді. Мысалы, жоспарлы стоматологиялық көмекті тек балалар мен жүкті әйелдер ғана ала алады. Қатты ауырсыну кезінде азаматтардың 10 санаты, оның ішінде балалар мен жүкті әйелдер, зейнеткерлер, мүгедектігі бар адамдар және оларға күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдар, оның ішінде мүгедектігі бар немесе бірінші топтағы мүгедектігі бар балалар, әлеуметтік маңызы бар және жұқпалы аурулары бар пациенттер, көп балалы аналар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар және басқалар шұғыл көмек ала алады.
—Бізге тек қандыағаштықтар ғана емес, аудандағы басқа қалалар мен ауылдық округтерден, Шұбар, Темір қалаларынан да алдын-ала жазылу арқылы келіп жатады. Жұмыс уақыты күнделікті 9:00-ден 18:00-ге дейін, ал сенбе-жексенбі күндері демалыс. Күніне орта есеппен 16-20 бала қабылдау үстіндеміз. Сонымен қатар Ақтөбе қаласындағы біздің 3 филиалымыз да балаларға тегін қызмет көрсетеді. Әрине, ақылы қызмет түрлері де бар. Оларға тіс салу, протез секілді қызмет түрлері кіреді, — деді Сабит Арманұлы.
Ал Ембі аудандық ауруханасының дерегіне сүйенсек, Ембі аудандық ауруханасында тіс дәрігері кабинеті бар, онда балалардағы тіс ауруларының проблемаларын шешуге маманданған дәрігерлер жұмыс істейді. Онда 6 жастан 16 жасқа дейінгі балалар ем алады. Штаттық кестесіне сәйкес бір тіс дәрігері жұмыс жасайды.
—Қазіргі балалар стоматологиясы балалардың тістерін емдеу және баланың мінез-құлық психологиясы туралы білімді біріктіреді. Тіс дәрігерінің қабылдауында бала өзін ересек адамға қарағанда басқаша сезінеді, сондықтан ерекше тәсіл қажет. Тіс дәрігері клиникасының балалар стоматологтары баламен сенімді қарым-қатынас орнатуға, оны өзіне орналастыруға тырысады. Біздің ауруханада өткен жылы 1341 бала тіс дәрігерінің қабылдауында болды. Сонымен бірге Ақтөбе қаласындағы облыстық балалар тіс емханасында жолдамасыз 18 жасқа дейінгі балаларға тегін тіс емдеу қарастырылған. Біз балаларды атааналардың қалауы бойынша сол жаққа да жібереміз, — деді аурухана басшысы Ерлан Бұхарбаев.
ТІСКЕ КҮТІМ ЖАСАУДЫҢ ЕРЕЖЕЛЕРІ:
—Тістеріңізді дұрыс тазалаңыз. Тісті күніне кемінде 2 рет, таңертең және кешке ұйықтар алдында тазалау керек. -Тіс жібін қолданыңыз. Ұйықтар алдында күніне бір рет тіс жібімен тазалап алыңыз, кейін пастаны қолданасыз. Жіптің қозғалысы тек тістің осі бойымен жасалады.
-Тіс щеткасын дұрыс таңдау керек. Тіс щеткасында жасанды қылшық талшықтары болуы керек. Тіс щеткасы басының ұзындығы шамамен 2-2.5 тіске тең болуы керек.
-Тіс пастасын дұрыс таңдаған жөн. Тіс пасталарының саны өте көп және әрқайсысының өзіндік қызметі бар. Профилактикалық, құрамында емдік қоспалары бар, ағартқыш т.б. секілді түрлері бар.
-Тістерді тазалау уақыты. Тістерді тазалаудың орташа уақыты – 2-3 минут. Тіске щетканы қатты батырмау керек, жеңіл ғана қызыл иектен бастап тіске дейін жүру керек.
-Ауыз қуысының жұмсақ тіндерін тазарту. Яғни, тілді де, қызыл иекті де тазалау керегін еске саламыз.
Тұрғындар не дейді?
Ақжол Садуақасов: ТІС ДӘРІГЕРЛЕРІНІҢ КӘСІБИ ШЕБЕРЛІГІНЕ — АЛҒЫС!
Біздің тіс дәрігерінен жолымыз болды! Ұлымның тісі мазалап, аудандық ауруғанаға қаралдым. Бастапқы тексеру кезінде олар бізге егжей-тегжейлі көрсетіп, тістегі ақауларды қалай жою керектігін айтты. Мен тіс дәрігерлерінің жұмыс деңгейіне қанағаттанамын. Аудандық ауруханада барлығы бар екен: хирург-тіс дәрігері де, рентген де және т.б. Әсіресе, аудандық ауруханадағы тіс дәрігері Қалжан Кустаеваға кәсіби шеберлігі үшін алғыс айтамын!
Айдана Райымжанова: БАРЛЫҒЫ ДА ҚОЛЖЕТІМДІ БОЛСА ЕКЕН
-Біздің түсінуімізше, медициналық сақтандыру қоры арқылы белгілі бір санаттағы адамдар ғана тіс емханаларына тегін қаралады. Қызметтің бұл түрі кез келген адам үшін қолжетімсіз. Десек те тіс емдетудің тағы бір тиімді жолы бар. Ол – зейнетақы жинағы арқылы емделу. Бірақ онда да тек протездеу мен имплантациялау үшін. Осыны қолға алып, яғни, тіске қатысты басқа да қызметтер осы зейнетақы жинағы арқылы қолжетімді болса екен деймін.
Гүлмира Бекеева: КЛИНИКАДА ТЕГІН ЕМДЕТТІМ
Мен бұрын-соңды үлкен балаларымның тістерін ақылы түрде емдеткен болатынмын. Ал осыдан бір ай бұрын кенже ұлымның тісі ауырып, бірақ қалтамда қаражат болмай, дәрі беріп қана шектелген едім. Бір күні көршім келіп, баламның жағдайын көріп, «Medlife» клиникасына апаруыма кеңес берді. Бәрі тегін екенін, ауырып тұрса, тіптен сол мезетте қабылдайтынын жеткізді. Сенер-сенбесімді білмей, бірден баламды жетектеп барған едім. Шыныментегінемдеп, кеңестерін айтып, шығарып салды. Өзіміз ауырсақ мейлі, балаң ауырса, жанымызды қоярға жер таппай қаламыз. Мен сияқты көп балалы отбасылар үшін бұл үлкен көмек.
Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ