БИЫЛҒЫ ОҚУ ЖЫЛЫ ДА АЯҚТАЛУҒА ЖАҚЫН. ОСЫ ЖЫЛЫ БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНА БІРШАМА ӨЗГЕРІСТЕРДІҢ ЕНГІЗІЛ- ГЕНІ БЕЛГІЛІ. БИЫЛҒЫ МЕКТЕП БІТІРУШІЛЕРІ ҰЛТТЫҚ БІРЫҢҒАЙ ТЕСТТІ ҚАЛАЙ ТАПСЫРАДЫ? ОҚУШЫЛАР БЖБ, ТЖБ ТАПСЫРМАЛАРЫН ОРЫНДАЙ МА? СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ САЛТАНАТЫ ҚАЙ КҮНІ ӨТЕДІ? ОСЫ ЖӘНЕ ӨЗГЕ СҰРАҚТАРҒА ГАЗЕТ ТІЛШІЛЕРІ ЖАУАП ІЗДЕП КӨРДІ. ЕНДЕШЕ…
Соңғы қоңырау 25 мамырда өтеді
2022-2023 оқу жылында оқушылар алғаш рет мамырдың соңына дейін оқыған еді. 31 мамырда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болғандықтан, соңғы қоңырау рәсімі 1 маусымға өткізілді. Ал биылғы оқу жылында сабақ 25 мамырда аяқталатын болды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты.
—Бұл мәселеге қатысты қоғамда сын көп болып, педагогтер қауымдастығы тарапынан ұсыныстар болды. Бұл әлемдік тәжірибе екенін мойындауымыз қажет. Дегенмен мұндай жаңашылдықты енгізген кезде барынша тыңғылықты дайындық қажет. Министрліктің шешімі дұрыс болды деп санаймын. Бірақ асығыстық болды. Осыған орай осы оқу жылында 34 апталық оқу ұзақтығына оралып, сабақты 25 мамырда аяқтау дұрыс деп есептеймін, — деді ол.
Министрдің айтуынша, алдағы оқу жылы ішінде қажетті дайындық жұмыстарын жүргізіп, оқу бағдарламасын бейімдеу керек және 36 апталық оқу ұзақтығына оралу мәселесін 2025 жылдан бастап қайта пысықтаған дұрыс.
ҰБТ: тест уақыты қысқарады
Аудандық білім бөлімінің мамандары биыл бітіруші түлектер үшін 2024 жылғы тестілеуде өзгерістер бар екенін айтты. Атап айтқанда, бейіндік пәндерге жаңа тапсырмалар қосылып, тест уақыты қысқарады. Бұрын 4 сағат берілген болса, енді талапкер 3 сағат 30 минутта жауап беріп үлгеруі керек. Дегенмен ерекше қажеті бар балаларға берілетін қосымша 40 минут сақталады. Жалпы алғанда пән санында өзгеріс жоқ.
—Бұрынғыдай үшеуі міндетті және екеуі — таңдауына қарай, дегенмен «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» дегенміндетті пәндерден тапсырма саны 5 сұраққа азаяды. Ал бейіндік пәндер бойынша сұрақ саны артып, жалпы тест тапсырмасы 40 болады. Өзгерістер қатарында бейіндік пәндерде берілген тізім ішінен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылады. Тесттегі сұрақ саны — 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» — 20, «Оқу сауаттылығынан» — 10, «Математикалық сауаттылықтан» — 10 және екі бейіндік пән бойынша — 40 тапсырма. Жоғары балл — 140, ол да өзгеріссіз қалды, — деді аудандық білім бөлімінің басшысы Бахраман Аманжол.
Ал шығармашылық бағытты таңдаған талапкерлер «Қазақстан тарихы» мен «Оқу сауаттылығы» пәндерімен қатар, «Математикалық сауаттылықты» міндетті пән ретінде тапсырады. «Математикалық сауаттылықтан» тест тапсырмалары өмірде математикалық логика бойынша алған білімдерін, дағдыларын қолдана алуын тексеруге бағытталған, сондықтан бұл пән барлық тест тапсырушыға міндетті. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, үздік нәтижемен грант тағайындау конкурсына қатысу мүмкіндігін ресми түрде бекіткен. Егер ақылы негізде оқығысы келсе, онда 2024 жылғы талапкерлер тестілеуден бес рет өте алады. Айта кету керек, биыл аудан бойыншажалпы саны 511 оқушы мектеп бітіреді, оның 497-сі ҰБТ тапсырады. Мектеп бітірушілердің ішінде 27 оқушы «Алтын белгіге», 74 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер.
Оқулықтар толықтай цифрландырылады
Оқу процесін басқаруды цифрландыру үшін республика бойынша 7 мың мектепте электронды журналдар мен күнделіктер жүргізу, бағалау, үй тапсырмасын беру, жоспар қалыптастыру және қашықтан оқыту сияқты негізгі қызметтерді қамтитын білім беру платформалары енгізілген.
—Қазіргі таңда оқулықтардың 79%-ы цифрлық форматқа көшіріліп, мемлекеттік сараптамадан өтті және оқулықтар тізіміне кірді. Сонымен қатар виртуал зертханалар мен геймификация элементтері цифрлық контентке енгізіліп жатыр. Электронды оқулықтар әзірлеу жұмысына еліміздегі 11-ден аса отандық баспа атсалысты. Пәндерді электронды оқулықтармен 100% қамту 2024 жылға жоспарланған. Педагогтер үшін электронды оқулықтарды тиімді пайдалану әдістемелері әзірленіп, оқыту жұмыстары басталды, — деген еді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Ал аудандық білім бөлімінің басшысы Бахраман Аманжол аудандық білім бөліміне қарасты 35 мектеп 2023-2024 оқу жылында «WWW.Topiq.kz», «Алматы кітап» баспасының ұсынған электронды платформасындағы оқулықтарды пайдаланады.
Білім сапасы — мұғалімнің біліктілігіне байланысты
Білім сапасының жоғары болуы мұғалімдердің біліктілігіне байланысты екені белгілі. Бүгінде сапаға қол жеткізу үшін мұғалімдердің біліктілігін арттырып, білімін жетілдіру мақсатында түрлі бағдарламалар жүзеге асырылуда. Аудандық білім бөлімінің басшысы Бахраман Қуанышұлы аудандық білім бөліміне қарасты білім беру мекемелерінің педагог кадрларының біліктілігін арттыру ҚР «Білім туралы» заңының 7-тарау 51-бабының 6-тармақшасына және «Педагог мәртебесі туралы» Заңының 1- тарау 7-бабы 12-тармақшасына сәйкес жүзеге асырылатынын мәлімдеді.
«Әр білім беру мекемесінде 3-5 жылға перспективалық жоспар жасалып, әр мұғалімнің курстан өту уақыты жоспарланады. Аудандағы 37 жалпы білім беру мекемесінде 1739 педагог жұмыс жасайды. 2023-2024 оқу жылында түрлі пәндер бойынша «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығынан 990 педагог, Педагогикалық шеберлік орталығынан 258 педагог, ақылы курстардан 141 педагог біліктілігін арттырды. Бұл барлық педагогтің 78,8 пайызын құрайды», — деді аудандық білім бөлімінің басшысы Бахраман Аманжол.
Оқушылар қазақ тілінен емтихан тапсырады
Биыл мемлекеттік тілден емтиханды 5-8, 10-сынып оқушылары тапсырады. Бұрын мұндай емтиханды 9 және 11-сынып оқитындар ғана тапсыратын. Сы-нақ қалай өтеді? Ауызша және жазбаша формада тапсырылады. Айтылым, сөйленім, оқылым және жазу дағдылары тексеріледі.
—Қазақ тілі бойынша емтихан білім алушылардың бағдарламалар мазмұнын меңгеруін бағалау мақсатында №125 бұйрықтың 35-тармағына сәйкес алынады. Жыл аяқталған кезде оқыту қазақ тілінде жүргізілетін сыныптар «Қазақ тілі» және оқыту өзге тілде жүргізілетін сыныптар «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәндері бойынша емтихан тапсырады. Емтихан қазақ тілінде өтеді. Емтиханды өткізу уақыты білім беру ұйымының педагогикалық кеңесімен ай-қындалады. Емтихан материалдарын білім беру ұйымы әкімшілігінің шешімімен педагогтер әзірлейді, — деді білім бөлімінің басшысы.
Осы жылы қазақ тілінен емтиханды аудан бойынша 7378 оқушы, оның ішінде, 5-сыныпта оқитын 1404 оқушы, 6-сыныпта оқитын 1205 оқушы, 7-сыныпта оқитын 1197 оқушы, 8-сыныпта оқитын 1181 оқушы, 10-сыныпта оқитын 700 оқушы тапсырады. Қазақ тілін қаншалықты білетіні сынға салынатындардың ішінде 9-сыныпта оқитын 1115, 11- сыныпта оқитын 576 білім алушы да бар.
IV тоқсан: Оқушылар БЖБ,ТЖБ тапсырмайды
Оқу-ағарту министрлігінің 11 сәуірдегі хаттамасына сәйкес, су тасқыны болып жатқан аймақтардағы оқушылар ағымдағы бағалаудан босатылды. Бөлім бойынша және тоқсандық жиынтық бақылаудан босатылғандардың ішінде мұғалжарлық оқушылар да бар. Себебі аудан аумағынының кейбір елді мекендерін тасқын су басып, жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланған еді.
— Аудандағы жағдайға байланысты аудандық білім бөліміне қарасты білім беру ошақтарында оқитын оқушылар төртінші тоқсанда бөлімдік және тоқсандық жиынтық бақылаудан босатылды. Осы тоқсанда оқушылар күнделікті оқу үлгерімімен, сабаққа қатысуы мен үй тапсырмасын орындауы бойынша бағаланады, — деді Бахраман Қуанышұлы.
Балабақша педагогтері мен ғалымдардың айлығы өсті
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгеге өсетіні туралы көп жазылды. Бұл ретте білім саласы қызметкерлерінің айлығы да көтерілгенін де атап өту керек. Мәжіліс депутаттары 2024- 2026 жылдарға арналған республикалық бюджетті талқылаған кезде қазақстандықтардың кейбір санатының жалақысын арттыруды да айтқан. Қаржы министрінің баяндамасында халықтың табысын көтеруге бағытталған бағдарламаны іске асыруға осы жылы 3,5 трлн теңге бөлінетінін атап көрсеткен. Оның ішінде 2,5 трлн теңге 1,5 млн бюджет қызметкерлерінің айлығын көтеруге жұмсалады екен. Нақты сала бойынша айтсақ, 96 млрд теңге балабақшада істейтін педагогтердің айлығын 30 пайызға көтеруге бағытталады. Ал 616 жетекші ғалымның еңбекақысын арттыруға бюджеттен 242 млрд теңге бөлінеді.
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ