«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ҰЛТЫ ТАТАР, ЖАНЫ ҚАЗАҚ – МАРЗИЯ АПАЙ

Бірлік күніне арналған мерекелік нөмірдегі кейіпкеріміздің бірі татар ұлтының өкілі – Марзия Гатаулина. Ол ұзақ жыл мемлекеттік қызмет саласында елеулі еңбек етіп, аудан ауылшаруашылығының алға өрлеуіне үлес қосып жүрген жан.

Талдысай ауылында дүниеге келген Марзия апайдың балалық шағы керемет өтті. Әкесі Ахат совхозда басқарушы қызметін атқарған. Ал анасы Жәмила май құю бекетінде еңбек етіпті.

Мен бала кезімде татар екенімді сезбей өстім. Себебі анам қазақ болды. Сондай-ақ қаймағы бұзылмаған қазақ ауылында туып-өстім. Баланың тәрбиесінде ананың рөлі үлкен қызмет атқарады емес пе?! Жалпы, адами құндылықтардың барлығы ананың сүті мен, қанымен берілетіні рас дүние. Сол сияқты мен де қазақы тәрбиемен сусындап өстім. Әкем Темір ауданының татары еді. Оның да ұлты татар демесең, жаны қазақ болып кеткен жан. Ол тіпті татар халқының дәстүрін де, тілін де білмеді. Бабаларымның қазақ жеріне қалай келгені туралы менде толық мәлімет жоқ. Атамыз бен әжеміз де осы өңірде өмір сүрген. Атамызды қуғын-сүргін кезінде халық жауы деп алып кеткен. Сол себепті де көп ақпараттар біз үшін беймәлім. Біздің отбасымыздың мүшелерінің бәрі қазақтар десем болады. Біздің шаңыраққа түскен келіндер де, күйеу балалар да қазақ. Тек татар ұлтынан жалғыз күйеу баламыз бар, — деп жымиды Марзия апай.

Марзия Ахатқызы 1981 жылы орта мектепті біргеннен кейін Темір қаласындағы техникумға оқуға түсіп, бухгалтерлік мамандық алып шығады. Еңбек жолын ауылшаруашылығы саласындағы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерде есепші ретінде бастайды. Қызметін өте тиянақты жасайтын білікті маманды байқаған сол кездегі аудандық ауылшаруашылық бөлімінің мамандары мемлекеттік қызметке келуін өтініп, жұмысқа шақырады.

Мен жеке серіктестікте жұмыс жасап жүргенімде аудандық ауылшаруашылық бөліміне келіп, ай сайын есеп тапсыратын едім. Бір күні осында жасайтын қыздар мені осы бөлімде бос жұмыс орны барын айтып, өздерімен қызметтес болуға шақырды. Мен де келісіп, мемлекеттік қызметке өту тестін тапсырып, жұмысқа орналастым. Басында қиын болды. Бірақ сол кездегі әріптестерімнің арқасында барлығын лезде үйреніп алдым. Мен алғаш жұмысқа келген кезде ауылшаруашылық бөлімінде Жарқынбай Қайырқұлов басшылық етті. Сол кісі менің маман болып қалыптасуымда үлкен көмегін тигізді. Сол уақыттарда жұмыс жасаған Ақзия Құздыбаева мен Зәуре Төлебаев әпкелерімнің берген ақыл-кеңестері шыңдалуыма жол ашты, — деді кейіпкеріміз.

Ол мемлекеттік қызметке келген 2003 жылдары еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі тоқырау кезеңінен кейінгі қайта қалыптасу жылдары өте ауыр болғанын, ауылшаруашылық саласында мал басы санының күрт азайып, шаруашылық техникалардың мүлде болмағанын есіне алды.

Ол жылдарда ауылдардың жағдайы тым нашар болды. Шаруаларға толыққанды көңіл бөлінбеді. Бүгінде ауылшаруашылық саласы дамып келеді. Мемлекет тарапынан де шаруа қожалықтарының иелеріне түрлі жеңілдіктермен арнайы техникаға, жемшөпке, жанар-жағармайға субсидия алады. Кәсіп жасаймын деген мамандарға жеңілдетілген несие беріледі. Бұрын бір жылда 1 түйір ауылшаруашылық техникасын алсақ, бүгінде 20-дан астам техника аламыз. Міне, осындай бағыттар бойынша аудан тұрғындарына қажетті кеңес беріп, олардың құжаттарын дайындауға барынша көмегімізді тигіземіз. Мемлекеттік қызмет үлкен жауапкершілік пен төзімділікті қажет етеді. Мемлекеттік қызметшілер ел игілігіне бағытталған абыройлы міндеттердің үдесінен шығу жолында еңбек етуі керек деп есептеймін, — деді Марзия Гатаулина.

Жалпы халықтың мүддесіне қызмет ету жауапкершілігі зор жұмыс. Өйткені, халықтың сенімі мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік қызметті қаншалықты сапалы көрсеткендігіне қарап нығаяды. Марзия апай осы жауапкершілікті жан жүрегімен сезіне білген адам. Әрине, оның бұл еңбегі нәтижесіз де емес. Ол аудан экономикасының, оның ішінде ауылшаруашылығының өркендеуіне қосқан үлесі үшін аудан және облыс әкімдерінен, ауылшаруашылық агенттіктерінің және Кәсіподақ ұйымдарының басшыларының бірнеше мәрте алғысын арқалады.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

 

Ұқсас ақпараттар

«KEGOC» АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНДА ІРІ ЖОБАНЫ ҚОЛҒА АЛМАҚ

admin_mugalzhar

Бүгіннен бастап балағаттағандар 70 мың теңгеге жуық айыппұл арқалайды

admin_mugalzhar

МҰҒАЛЖАРЛЫҚ ОҚУШЫЛАР ЕЛ ЧЕМПИОНАТЫНАН ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.