Қандыағаш қалалық №4 ЖББОМ-де 9-сынып оқушыларына арналған “Мамандықтар жәрмеңкесі” ұйымдастырылды.
Шараға Мұғалжар гуманитарлық колледжінің қазақ тілі пәнінің мұғалімі Гүлсім Туретова, Қандыағаш өнеркәсіптік-экономикалық колледжінің әдіскері Ақбөбек Ахметова, Ақтөбе техникалық колледжінің психолог мамандары Анель Биржанова мен Милана Реймова және мектеп оқушыларының ата-аналары қатысты.
Келген мамандар кездесу барысында өздерінің оқу орындары туралы айтып, оның ұтымды және жақсы тұстарына тоқталып, оқу процестері, оқытылатын мамандықтарға қатысты сауалдарға жауап берді.
«Мамандық таңдау – жай ғана оқып, диплом алу емес, өмірлік жолыңды таңдау. Сондықтан болашақтарыңды айқындау барысында талапкер де, ата-ана да «жеті рет өлшеп, бір рет кескені» абзал. Сол үшін осы бастан дұрыс бағытты таңдап, лайықты маман болудың жолын қарастыру керексіздер. Өйткені өз саласының білгірі ғана қай кезде де сұранысқа ие болмақ», – деді Мұғалжар гуманитарлық колледжінен келген оқытушы Гүлсім Туретова.
Шара барысында оқушыларға оқу орындары жайында слайдтар көрсетілді. Өз ойларымен бөліскен қонақтар сан алуан мамандық болғанымен, таңдау біреу екенін нақтылап айтты.
«Оқушыларға болашақ мамандығын таңдауға жауапкершілікпен қарауды сұраймын. Бұл — әрбір адамның өміріндегі маңызды сәт, оны жіберіп алмау керек және таңдауға байыптылықпен қарау керек. Әрбір оқу орнындағы табысты білім — еңбек нарығында білімі мен біліктілігі бағаланатын білікті маман болуға мүмкіндік береді», — деді Қандыағаш өнеркәсіптік-экономикалық колледжінің әдіскері Ақбөбек Ахметова.
Ал Ақтөбе техникалық колледжінің мамандары мамандық таңдау кезінде қоғам тынысына құлақ түріп, заман талабына сай, сұранысқа ие мамандықты да таңдау қажеттігіне назар аудартты.
Шара соңында оқушылар түрлі мамандықтармен танысып, өздеріне бірқатар пайдалы мағлұмат алды. Сондай-ақ жәрмеңкеге қатысқан ата-аналар үшін де пайдалы шара болды.