«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

БЕЛ ҚАЙЫСЫП, БІЛЕККЕ КҮШ ТҮСКЕН КҮНДЕР…

Соғыс жылдарында елдегі еңбекті ерлікке балаған халқымыздың хас батыры Бауыржан Момышұлы, «Тылдағы еңбек болмаса, майданда жеңіс те болмас еді» деген екен. Зұлматты жылдарда қасірет кешпеген шаңырақ, қайғы жұтпаған адам жоқ. Солардың бірі — тыл ардагері Қалия ШАКИРОВА.

Ол 1932 жылы 12 ақпанда Ембінің қасында орналасқан 55-ші разъезде теміржолшылардың отбасында дүниеге келген. 92-дегі Қалия әже бүгінде Ақкемер ауылдық округіне қарасты Жарық ауылында тұрады. Жеңіс күні қарсаңында әжейді ауылына арнайы іздеп барып, өткен күндер естелігін түртіп алдық…

Бала болсақ та соғыстың суық ызғарын сезініп өстік, — дейді Қалия әже өткенді еске түсіріп. — 1939 жылы 1-класқа барып, 1942 жылға дейін Ембінің интернатында оқыдым. 5-класқа келгенімізде интернатты әскери госпиталь қыламыз деп жауып тастады. Содан кейін оқу қалып, жұмысқа араласып кеттік. Бас көтерген азаматтар әскерге алынған, ауылдағы барлық тауқымет аналарымызға, қарт кісілерге және балаларға түсті. Ол уақытта қандай жұмыс жасасам екен деген таңдау болған емес, қай жерге көмек керек, сол жерге баратынбыз. Ол кезде күн мен түннің айырмасы белгісіз, қай жерде шаруа бітпей жатады, бәрі «аттандап», соған қарай ұм-тылады. Кейбіреудің әлі жетпей жатады, енді бірқатарының денсаулығы кемшін. Аспаннан самолеттің дауысын естісек, терезенің бәрін жауып тастаймыз, төбемізден атып кетер деп қорқамыз-ау, сірә. Соғыс уақытында аш болдық, бидай таппай, жерге төгілген бидайды шойын жолдың бойынан теріп алып, үйге таситынбыз, соны қуырып ас қылдық.

Ел басына қара бұлт үйірілген кездегі есінде қалған көріністерге тоқталып өткен сол кездегі бала, бүгінгі тыл ардагері соғыстан кейін де заманының жақсы болмағанын жеткізді.

Шойын жолдың бойында бір адамдар, білмеймін кімдер екенін, қазіргідей әкімдіктегі адамдар шығар мүмкін, түнде келіп 100 грамнан нан беріп кетеді. Үйде екі ұл, екі қызбыз, сосын әкем мен анам бар – бәрімізге жарты келідей нан береді. Сондай күндерді бастан өткердік, «ажалың жетпесе, өлмейсің» деген рас-ау. Ал жасөспірім шағымызда да аумалы-төкпелі заман болды ғой. Ол уақытта да күніне бір үзім нан табылса, қуанатынбыз. Өйт-кені Кеңес үкіметі үшін соғыстан кейін халықты азық-түлікпен жеткілікті қамтамасыз ету оңай болмады. Қазіргі әкімдік секілді, ол кезде де басшылар отыратын ғимарат болатын. Сол жерде от жағып жұмыс жасадым, одан кейін саудамен айналысып, ұсақ-түйектер сатумен болдым. Осы тұсқа тап келген біздер тапқанымызды талғажау етіп, соны қанағат тұтып жүрдік. Қазіргідей талап қойып, «маған анау керек, мынау керек» деп ата-анамыздың білегіне жармасқан жоқпыз, — дейді Қалия әжей.

1950 жылы Қалия Шакирова Бидағұл Шакиров деген азаматқа тұрмысқа шығады.

Тұрмысқа қалай шықтым, сол бойда жолдасым да Отан алдындағы борышын өтеуге әскерге аттанып кетті. Ол кезде әскер — 3 жыл. Тұрмысқа шықпай тұрып, 18 жасымда теміржолға жұмысқа орналасқан едім, ол кездегі қызметім «стрелочник» деп аталды. Содан атаң әскерге кеткесін, мен де өз жұмысыма қайта келдім. Жұмыс оңай болған жоқ, көп бейнетті көрдік. Теміржолдың тәртібі қатты болды. Жеті сайын сабақ, жыл сайын емтихан тапсырамыз. Әлі есімде, жолдың бергі беті мола, арғы бетінде сартылдап пойыз жүруде. Вагондардан ақсақтоқсақтар мініп-түсіп жатады, қасыма келіп біреуі тамағын береді, біреуі «поштаға апарып берші» деп хатын береді. Сонда бір қорқу жоқ, жүре беретін едік. Көп қиындықты көрдім, бұл жасқа жетемін деп ойламаған едім. Ал қазір Аллаға шүкір, бейнеттің зейнетін көрудемін, — дейді шүкіршілігін аузынан тастамаған тыл еңбеккері.

Бидағұл ата әскерден оралғаннан кейін ол да теміржолшы болып жұмысқа орналасады. Қосақтасып, бір салада еңбек етіп, 10 баланы өмірге әкеледі. Әжейдің 5 кластық қана білімі болса да, математикаға күшті екен, тіпті әлі күнге дейін көбейту кестесін жатқа біледі. Балаларының құжаттарын да өзі қадағалап, реттеп отырады екен.

Балаларымыздың алды 70- тен асты, арты 50-ге таяды. 2 қызым өмірден өтті, көзі тірі 5 қыз, 3 ұлым бар. Отағасы 1996 жыл 86 жасында өмірден озды. Сол жылы осы ауылға балаларымның қолына көшіп келдім, — деген тыл ардагері теміржолда еңбек етіп жүргенінде біраз жерге курортқа барғанын, жолдасы екеуінің Мәскеуге де барып қайтқанын есіне түсіріп, әңгімелеп берген еді. — Бір күні шалымыз екеуміз Мәскеуге барып келейік деп пойызға міндік. Бізге ол кезде пойызға міну тегін. Сөйтіп үлкен қаланы аралап жүрген едік, топ болып отырған орыстар бізге қадалып алып, ымдап, қорқытқандай болды. Содан отағасы екеуміз ат-тонымызды ала қашып, сол бойда қайтадан пойызға мініп, елімізден бір-ақ шықтық, сондай да қызықтар болған, — деп күліп алды.

Балаларының өзі секілді теміржолда еңбек еткенін қалаған оның арманын тек бір қызы ғана орындаған екен.

Қандыағашта тұратын бір қызым ғана әке-шешесінің жолын қуып, теміржолшы болды. Біз ең болмаса бір баламыз ізімізді жалғастырды ғой деп, соған да шүкірлік еттік.

Еткен еңбек пен төгілген маңдай терге марапат сұраған емес. Десе де сұхбат барысында біздің келуімізге дайындалған кейуананың кеудесіне таққан, соғыс жылдарында тылда еңбек еткені үшін берілген «Ұлы Жеңістің 60, 65, 70, 75 жылдық» медальдары мен «Батыр ана» медалін байқадық.

-Ол кездегі халықтың басынан кешкен қиындығын айтпаса да түсінікті шығар. «Қайтсек жерімізді аман алып қаламыз, қайтсек жеңіске жетеміз?» деп күнітүні дамыл таппай, шайқасқан азаматтар мен өз еңбектерімен соған үлес қосқан әйелдер мен балалардың еңбегінің арқасы ғой барлығы. Қазір ашық аспан астында даму үстіндегі елде өмір сүрудеміз. Балаларымыздың ұйқысы тыныш, оған да шүкір. Ендігі тілегім тек лайым әр күніміз осылай болғай. Немере-шөберелеріміз біздің көргенімізді көрмесін, бақытты балалығы, жарқын болашағы болсын, — деп тілегін білдірді Қалия әже сөз соныңда.

Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

 

 

Ұқсас ақпараттар

Универсиада ойындарында Қазақстан қоржынына қос медаль түсті

admin_mugalzhar

Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынынан қираған тұрғын үйлерді тез арада қалпына келтіруді тапсырды

admin_mugalzhar

Сайлау-2022: Теледебатқа қатысатын кандидаттар тізімі бекітілді

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.