«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Ажалың мен бейнетің 700 теңге

…Тақырыпты осылайша айқалатып қоймасқа болмады. Өйткені, республикалық маңызы болса да жетімнің күйін кешіп жатқан күре жолмен Қандыағаш-Ақтөбе бағытына қатынап нәпақа тауып жүрген такси жүргізушілері жолаушылар қауіпсіздігіне әлі күнге дейін салғырт қарап келеді. Ал шектеулі жылдамдықтан асырып, асығып жүретін бұл жүргізушілерге шара қолданып қарекет қылып жатқан әзірге ешкім жоқ.

Аудандық орталық ауруханасының травматолог дәрігері  Марат Құрантаевтың айтуынша, бүгінгі күні  сол күре жолда жол апатына ұшыраған екі көліктің біреуі міндетті түрде такси көліктері болып отыр. Дәрігер айтқан соң лажсыз сенесің.

-Мен өзім жұмыс бабымен Ақтөбе мен Қандыағаштың ортасында көп қатынаймын. Бұл жағдай маған таныс. Расымен де, қандыағаштық такси көліктерінің жүргізушілері жолаушылар бар екен демейді, шектеулі жылдамдықтан асырып, алдында келе жатқан көліктерден қатар басып озады. Тіпті қарама-қарсы келіп қалған көліктерді де пысқырмайды. Олар жолаушылардың қауіпсіздігінен гөрі, келесі рейске үлгеруге көбірек алаңдайтын сияқты. Көбіне жол көлік оқиғаларының орын алуына себепкер сол такси жүргізушілері. Жолда екі көлік соқтығысса, соның біреуі міндетті түрде такси көлігі болып шығады. Жол апатынан зардап шеккендер аяғы сынып, омыртқалары жылжып кетіп және бас жарақыты сынды көптеген жарақаттармен ауруханаға түсіп жатады. Оның ішінде ең қауіптісі бас жарақаты. Жақын күндердің өзінде жол оқиғасынан зардап шеккен 7 адам ауруханаға түсті. Барлығына медициналық көмектер көрсетіліп, үйлеріне жіберілді. Тек бір адам ауруханаға жатқызылды, — дейді травматолог дәрігер.

Аудандық ішкі істер бөлімінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері осы уақытқа дейін ауданда 6 жол көлік оқиғасы тіркелген. Оның 4-уі Ақтөбе-Астрхань тас жолында орын алған. 12 адам жарақат алып, 1 адам қайтыс болды. Көлік апатынан көз жұмған марқұм такси көліктерінің жолаушысы болатын.

Травматолог дәрігер Марат Құрантаев биыл былтырғы жылға қарағанда жол апаты азайды деп отыр. Бұл көрсеткіш темір тұлпарды ішімдік ішіп тізгіндейтіндерге тәртіп қатайғандықтан төмендеген. Енді такси жүргізушілерінің жүгенсіздігі қолға алынса көрсеткіш анағұрлым төмендер еді бәлкім.

-Бұл такси жүргізушілерінен әрбір жолаушыға алынған сақтандыру құжатын талап етуіміз қажет. Адам өмірі ойыншық емес. Жолаушыдан жолақысын алғаннан кейін, оны аман-есен діттеген жеріне жеткізуі керек олар. Ал егер жолда бір оқыс жағдай болып, жолаушылар зардап шексе жауап беру керек. Жалпы бұл такси тұрақтары мен такси жүргізушілеріне қандай да бір шара қолданылу қажет, — дейді Мұғалжар аудандық мәслихатының депутаты Сайлау Қиясов.

Халық қалаулысы айтып кеткендей расымен де такси тұрағының иелері және такси жүргізушілері жолаушыларды сақтандырмайды. Яғни, жол апатынан зардап шеккен жолаушыға ешқандай көмек көрсетілмейді. Байқағанымыз, тіпті кейбір такси тұрағының иелері жол көлік оқиғасына ұшыраған көліктерінен ат тонын алып қашады.

-Шілденің 23-і күні Қандыағаш қаласынан шыға берісте «Опель» маркалы көлік қарсы бетке шығып, біз мінген такси көлігіне соқты. Бір қызбала көз жұмып, қалғанымыз жарақат алдық. Содан бері әлі күнге дейін емделіп жатырмын. Ал біздің жолақымызды алып, бейнетке салып қойған такси жүргізушісі көмек көрсетпек түгілі, кешірім сұрап, жағдайымызды да сұраған жоқ, — дейді Жұлдыз есімді Қандыағаш қаласының тұрғыны.

Ол оқиға орын алатын күні таксиге жеке кәсіпкер А. Шонановаға тиісілі такси тұрағынан мінген.  Ондағы диспечерінің айтуынша, барлық жүргізушілердің жолаушыларды сақтандыру құжаты бар. Зардап шеккен жолаушылар материалдық шығынын өтеп ала алады. Бірақ ол үшін медициналық қызметке жұмсаған қаражаттарының түбіртектерін жинап жүру қажет.

Жақында, қазан айының 3-і күні ақшам уақытында Алға ауданының тереториясында жол көлік оқиғасы орын алды. Қарама-қарсы келіп соқтығысқан көліктердің бірі тағы да такси көлігі болып шықты. «Ларгус» маркалы көлік Қандыағаш қаласындағы «24 сағат» дүкенінің қасындағы такси тұрақтарының біріне қарасты. Мұны сол такси тұрағының өзге жүргізушілер де жоққа шығырып отырған жоқ. Тіпті жол көлік оқиғасына такси жүргізушісі кінәлі деп отыр. Өйткені, ол алдындағы көліктен қарсы бетке шығып озбақшы болған көрінеді. Салдарынан, жол апатынан 10 адам зардап шекті. Сенімді дерек көздерінің мәліметінше, қарсы көліктен 2 жасар бала қайтыс болған. Ал ауыр жарақат алғандардың барлығы әуелі Алға ауданындағы ауруханаға, кейін облыс орталығына шұғыл жеткізілген. Қазіргі таңда, бұл іске қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Қандыағаш қаласында санаулы ғана такси тұрағы бар. Оған такси қызметіне лайықты көлігі барлар өзара келісім бойынша тіркеліп, әр қайсысы жеке кәсіпкер ретінде мемлекет қазынасына салық төлеп отырады. Сонымен қатар, такси тұрағының иелеріне рейске шыққаны үшін төлейді. Сондықтан, оларды толықтай бақылап отыратындықтан жауапкершілік  такси тұрақтарының иелерінде.

-Жолаушылардың қауіпсіздігін әрине ескертеміз. Егер біздің ескертуімізге құлақ аспай, жолаушылардың өмірін қатерге тігіп, ол мәселе жолаушылар тарапынан шағым болып түскен жағдайда міндетті түрде жүргізушіге шара қолданылады, — дейді жеке кәсіпкер Әлімбаеваның қарамағындағы такси тұрағының диспечері Шынар Оңалбаева.

Шара қолданылады. Жауапкершілікті сезінбеген жүргізуші 10 күн немесе бір ай көлемінде рейстен қағылады. Ең қатал жаза, такси тұрағынан мүлдем шығарылады. Мұның барлығы тек жолаушылардың шағымына байланысты жүзеге асырылады екен. Бірақ бір қызығы жеке кәсіпкер Әлімбаеваның қарамағындағы такси жүргізушілерінің арасында жыл басынан бері тек 4 такси жүргізушісіне ғана шара қолданылыпты. Оның екеуі такси тұрағынан мүлдем шығарылған. Себебі сол, қызметтеріне салғырт қараған. Ал жеке кәсіпкер А. Шонанованың меншігіндегі такси тұрағында тәртіп бұзушылық орын алмаған. Сонда қалған такси жүргізушілері тәртіпті ме? Әлде жолаушылар шағымданып шаршады ма екен?..

Алайда «Ажалы келсе адам кез келген уақытта өліп қалады» деп бар мәселені ажалға артып қойып отырған диспечерлерге кім шағымдансын. Өйткені, оларға жолаушылардың мәселесіне құлақ түргеннен көрі, күнделікті табыс әкеліп отырған такси жүргізушілерінің құқығын қорғаған тиімдірек көрінеді. Болмаса жол көлік оқиғаларының орын алуына көлікті зырғытып айдағанынан емес, жолдың нашарлығы себеп болады деп айтпас еді. Рас, республикалық маңызы бар тас жолдың жағдайы сын көтермейді. Дегенмен сол жолдың нашарлығын біле тұра жолаушылардың қауіпсіздігін ойлаған жүргізуші шектеулі жылдамдықтан асырмаса керек. «Сақтансаң, сақтаймын» демей ме?!

-Такси жүргізушілерінің жауапсыздығынан тас жолдың үстінде қаншама адам мерт болып, мүгедек болып қалып жатыр. Бірақ ешкім бұған жауап беріп жатқан жоқ. Себебі, жауап беретін адам жоқ. Сол Ақтөбе-Қандыағаштың ортасына жолаушылар тасымалдау үшін көлігі бар кез келген адам жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жерді жалға алып отырған такси тұрақтарының иелеріне 250 мың теңге көлемінде ақша беріп тіркеледі. Бірақ олардың арасында бірде-бір заңды құжат жоқ. Бекітіп қойған диспечерлері бар, олар тек такси көліктерін рейске уақытымен жіберіп отырады. Басқасына жауап бермейді. Жолаушылар шағым түсірген жағдайда, шара қолданатындықтары жөнінде жалған уәде беріп, тірліктерін жалғастыра береді. Себебі, рейске кірген жүргізушілерден әлгіндей қомақты ақша алған соң, оларды қорғамағанда, кімді қорғайды? Мұндай келеңсіздік Ембі қаласындағы такси тұрақтарында да бар, – дейді депутат Сайлау Қиясов.

Бұл мәселенің барлығын жолаушылар біледі, бірақ біле тұра қайтсын, облыс орталығына жету үшін тәуекел етіп мінеді. «Бісімләсін» айтып, әне, тағы кетті біреуі зырғып. «Алла жар болсын» деп айтқаннан басқа қайран жоқ.

P.S. Бұл мәселенің күрмеуін шешудің бір ғана жолы азаматтық белсенділікті ояту. Жанындағы жолсеріктерімен өзінің өмір қауіпсіздігін ойлаған кез келген жолаушы алқынған жүргізушілердің жадына жолаушылардың қауіпсіздігін қайта-қайта салып отырулары қажет. Ал оған құлақ аспаған жағдайда жол патрулдік полиция қызметкерлеріне қоңырау шалып, шағым түсіріп, шара қолдануға болады. Бәлкім, сонда ғана такси жүргізушілері жөнге келер.

Әнуар ЕСҚАРА

Ұқсас ақпараттар

Алимент төлемегендер қылмыстық жауапкершілікке тартылды

admin_mugalzhar

Білім саласының өз ерекшелігі бар

admin_mugalzhar

В КАНДЫАГАШЕ НАЧАЛОСЬ СТРОИТЕЛЬСТВО НОВОЙ ШКОЛЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.