БИЫЛҒЫ ТАСҚЫН СУДЫҢ ҚАРҚЫНЫ ҚАТТЫ БОЛҒАНЫ СОНШАЛЫҚТЫ — ӨҢІРДЕ КЕЙБІР ЕЛДІМЕКЕНДІ СУ БАСЫП ҚАЛДЫ. АЛАЙДА СУҒА КЕТУ ҚАУПІ ЗОР КЕЙБІР АУЫЛДЫҢ БАС КӨТЕРЕР АЗАМАТТАРЫ БІРІГІП, ӨЗ КҮШТЕРІМЕН БӨГЕТТЕРДІ БЕКІТІП, АУЫЛДАРЫН ТАСҚЫННАН АМАН АЛЫП ҚАЛЫП ЖАТТЫ. СОЛАРДЫҢ БІРІ — МҰҒАЛЖАР АУЫЛЫ.
Таумен де, ауданмен де аттас Мұғалжар ауылының тұрмысы өткен жылдарға қарағанда едәуір түзелген. Ауыл әкімі Әлімжан Қорғанбайдың айтуынша, аудан орталығынан 135 шақырым қашықтықта орналасқан ауылда бүгінде 1500-ден астам адам тұрады. Тау етегінде тұрғандықтан Мұғалжарда қиыршықтас өндіретін 4-5 зауыт, бірнеше теміржол мекемесі бар. Ауыл тұрғындарының дені сол зауыттарда, кейбірі теміржол бойында еңбек етеді, мал шаруашылығымен де айналысады. Ауыл тұрғыны, еңбек ардагері Дәулетжан Күзембаевтың айтуынша, бастауын Мұғалжар тауынан алып жатқан су қанша рет тасыса да арнасымен ағып, еш қауіп төндірмейтін. Биылғы қарқыны қатты қарғын судан қауіптенген ауыл тұрғындары дер кезінде ұтымды әрекет жасағандарын айтады.
«Көктас» зауытында тапжылмастан бір орында 44 жыл еңбек еткен, оның ішінде біраз уақыт бойы сумен жабдықтау маманы болған Дәулетжан Күзембаев Мұғалжар ауылының сай-саласын бес саусағындай жақсы біледі.
—Жем өзеніне құятын көлдердің бірі — Алталы. Ол Өтесай сайында орналасқан. Су арнасы таудан аққан бұлақпен, қар суымен толығады. Алталы кеңес кезінде ауыл шаруашылығы мақсатында үлкен бір су қоймасы ретінде пайдаланылды. Бұл бөгет «Көктас» акционерлік қоғамын көп жылдар басқарған Бөген Жақыпұлының жетекшілігімен 1980-1982 жылдары салынды. Құрылыс жұмыстарына өзім де қатыстым. Ал Айрық бөгеті қиыршықтас өндіретін зауыт үшін салынған. Оны жуу жұмыстарына қолданды. Ескірген екі бөгет те қазір қолданыста, зауыт күтіміне сай сақталып келеді. Биыл тоң қалың болып, қар тез ерігенде бөгеттің дені сол күйі тұрды, тек төмен жақтан су ақты. Су аққан маң әдейі артық судың ағып кетуі үшін жасалған еңіс жер, ол — бөгеттің құлақ тұсы. Біз тау-кен массасын, яғни көлемі ірі тастарды алдын ала дайындап қойдық. Оны пайдаланудың — қажеті болмады. Ал бөгет құлағын су деңгейі төмендегенде тау-кен массасымен жабамыз. Сол кезде суды толық сақтап қаламыз, — дейді еңбек ардагері Дәулетжан Күзембаев.
Ауыл әкімі де: «Көп жылдар бойы Мұғалжардың суын реттеп отырған ардагерден үйренеріміз көп», — дейді. Сондай-ақ Әлімжан Өмірсерікұлы тәжірибелі маманның өткен ғасырдың 80-жылдары ауыл көлдеріндегі су қорын сақтап қалу үшін жасанды арналар салуға күш жұмсағанын, биылғы тасқын кезінде ардагер ақылымен әрекет еткендерін айтты.
—Қазір бәрі реттелді. Жігіттердің арқасында ауылымыз аман қалып, ештеңе бүлінген жоқ. Мұғалжар тауынан бастау алып, ауыл ішінен өтетін тасқын судың алдын алу кезінде Мұғалжар ауылының өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері күндізтүні жұмыс істеді. Бөлімше қызметкерлерінің жан қиярлы қпен атқарған жұмыстарының нәтижесінде Мұғалжар ауылында ешқандай тұрғын үй, қора-жайларға су кіру, мал өлімі жағдайлары тіркелген жоқ. Су тасыған уақытта қиын болды, тіпті түн ішінде «ауыл суға кетейін деп жатыр» деп, жігіттерді ұйықтап жатқан жерінен оятып алған күндеріміз болды. Жұдырықтай жұмылған жігіттерге рақмет, — дейді Мұғалжар ауылының әкімі Әлімжан Қорғанбай. Оның айтуынша, ауылға тасқын су қаупі төнгенде ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асылбек Әміралин, ауыләкіміаппаратының бас маманы Жанат Бекбауов, өрт сөндіру бөлімінің бастығы Берік Әбішев, өртсөндірубөлімінің қызметкерлері Иманғали Үсенов, Артур Әндіров, Нұрперзент Ермағамбет, Ербол Өмірхан, Саламат Құлшаров, Саят Әлімбаевтар күні-түні бөгет басында жүріп, кемеріне жеткен қар суынсорып, бөгелген мұздарды тазартты.
«Көктас» кәсіпорнының экскаватор-тракторының тізгінін ұстаған Рахат Кенжеғұлов пен тракторшы Аманғазы Асауов су арнасын тазарту, бөгетті бекіту жұмыстарына атсалысты. Тілсіз жаудан төнетін қауіптің беті қайтқаннан кейін ауыл тұрғындары жиналған су қорын сақтап қалудың қамын жасап, ауыл маңындағы су арнасының жағасын 150-160 метрге дейін кеңейтіпті. Сондай-ақ Әлімжан Өмір-серікұлы тасқын судың алдын алу кезінде қол ұшын созып,бірауыз сөзін жерге тастамай, жүк көліктері мен қызметкерлерін жұмылдырған «Мұғалжар Инертті материалдар» ЖШС директоры Рысжан Сағынов, «Көктас» ЖШС бас директорының орынбасары Нұрлан Сағындық, өндіріс басшысы Самұрат Жақсыбаев, «Проект Строй НС» ЖШС директоры Уайс Өтемісов пен өндіріс басшысы Мырзаберген Қалиевке ризашылығын білдірді.
Тасқын су қаупі бар кезде ауылдың учаскелік полиция қызметкері Әділет Мугаддемов те ауылдастарының жанынан табылса, жергілікті әкімдік тұрғындар қауіпсіздігі үшін арнайы қайықтар әзірлеп,тіпті қос бірдей эвакуациялық пункт дайындап қойыпты.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ «Ақтөбе»