Бүгін Мұғалжар аудандық ауруханасының мәжіліс залында “Медицина кәсібі — адамгершіліктің асылы” тақырыбында медицина қызметкерлеріне арналған салтанатты шара өтті. Аталған шараға аудан әкімі Дархан Ермағанбетов қатысып, ақ халатты абзал жандарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, ауданның медицина саласында елеулі еңбек етіп жүрген жандарға марапаттар тапсырды.
Адам жанына араша болып жүрген абзал жандардың арасынан “Ақтөбе облысы Денсаулық сақтау саласының ардагері” медалімен Ақжібек Асанова мен Орынбай Құлпайстанов, “Халық мақтанышы” медалімен Балтабек Құсайынов пен Берік Ибрагимов, “Мейірім” медалімен Гүлжаным Аблесова мен Гүлмира Әлжанова марапатталды. Сонымен бірге өзге де еңбек етіп жүрген медицина қызметкерлері аудан әкімінің және аудандық аурухананың бас дәрігері Сәбит Кеулімжаевтың Алғыс хатын алды.
Жиын барысында аудан басшысы Дархан Жанысханұлы дәрігерлер қауымын екі жағымды жаңалықпен қуантты. Оның бірі осы жылдың аяғына дейін аудандық аурухананың қасбеті күрделі жөндеуден өтіп, есік алды абаттандырылса, екіншісі ауруханаға қызметтік көліктің сыйға тартылуы.
“Бүгінде осы игі істерді жүзеге асыру үшін жұмыстар өз деңгейінде атқарылуда. Біздің мақсатымыз — ауруханаға келушілердің де, дәрігерлердің де жағдайын жақсартып, ыңғайлы ету. Сол үшін де жұмыстанып жатырмыз”, — деді аудан әкімі.
Шара барысында жиналғандардың назарына аурухана дәрігерлерінің қарбаласқа толы бір күнін бейнелеген әсерлі бейнеролик ұсынылды.
Шара соңы аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының әдемі де, сырлы әуенімен жалғасын тапты.