Көктемгі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға баспаналарының кілті салтанатты түрде табысталды.
Қоныс той иелерінің құрметіне аудан әкімдігінің алдындағы саябақта мерекелік шара ұйымдастырылды. Аталған шараға аудан әкімі Дархан Ермағанбетов арнайы қатысып, баспаналы болғандарды құттықтап, үйлерінің кілттерін тапсырды.
«Көктем кезіндегі тасқын барша мұғалжарлықты әбіргерге салғаны белгілі. Бас кезінде бәрі де қиын болды. Қанша адам үй-күйсіз қалып, алдындағы жан бағып отырған малынан айырылып қалды. Осындай қиын кезеңнен бір “жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған” ауызбіршіліктің арқасында ғана аман шықтық. Бірлігіміз ешқашан ажырамасын. Біз барынша зардап шеккен адамдарға көмектестік, әлі де көмектесеміз», — деді аудан басшысы.
Салтанатты шарада жалпы саны 42 тұрғынға үй кілттері берілді. Үйлі болғандар — Бірлік, Құмжарған, Жағабұлақ, Ембі, Басшилі ауылының тұрғындары. Ал қалған үй алуға ниетті тұрғындардың құжаттары дайындалу үстінде.
Еске сала кетейік, тасқын кезінде аудан бойынша жалпы саны 76 үй мен 3 коммерциялық нысанға зақым келіп, 8 шаруа қожалығы шығындалған. Су тасқынынан зардап шеккендерге 26 миллион теңгеден астам біржолғы көмек берілді.
Тасқын кезінде су басқан Жағабұлақ ауылында бүгінде жаңадан 9 үй мен Бірлік ауылында 5 үйдің құрылысы салынуда. Құрылыс жұмыстарын «Айлин СтройТрейд» компаниясы жүргізуде.
Қалған сатып алынатын үйлер бойынша келісімшарт жасалынып құжаттары дайындалуда. Сонымен қатар аудан бойынша 8 үйге жөндеу жүргізіледі, осы мақсатта 17 миллион 450 мың теңге берілді.
Шара аудан өнерпаздарының мерекелік концертімен жалғасты.