«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Жастар – қоғамның айнасы

Сейсенбі күні Мұғалжар ауданының 20 жылдығы мен Қандыағаш қаласының 50 жылдығына орай, «Мұғалжар! Жарқын болашақ!» атты жастар және еріктілер форумы өтті. Ауданда өткен бұл ауқымды шараға Ақтөбе облысының дін істер басқармасының басшысы Жолдас Қалмағамбетов, облыстағы өзге аудан әкімдерінің орынбасарлары, аудандық ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, аудандардағы  жастар ресурстық орталықтарының және Шалқар, Темір, Хромтау, Алға аудандарында ашылған жастар арасында дін мәселелері және қоғаммен байланыс жөніндегі орталықтардың директорлары қатысты. Аталмыш форумның аясында,  Қандыағаш қалалық №1 орта мектебінде «Діни тұрақтылық – қоғам қауіпсіздігінің кепілі» тақырыбында облыстық конференция, аудандық Мәдениет үйінде «Ойраны шыққан отбасы» спектаклі, «Мұғалжар – туған байтағым» атты өңіраралық ақындар айтысы және «Сұлтан» мейрамханасында келген қонақтарға гала концерт ұйымдастырылды.

Діннің рөлі бөлу емес, біріктіру

Дін жолында бағытың жөнді болуы үшін, жөн сілтейтін рухани ұстаз қажет. Ал ғаламтор мен әлеуметтік желіден рухани азық іздегендердің тағдырлары теріс пыйғылдылардың жемтігіне айналады. Әлімссақтан мұсылманбыз дейтін қазақ бабаларымыз дінсіз де, діншілде болмаған. Адалдықты ту еткен бабаларымыз орта жолды ұстанған. Әрбір ұлттық құндылықтарымызды шариғатқа сүйеніп дүниеге әкелген. Өкінішке орай, «Құдайға құлшылық қылдым» деп сол құндылықтарымызды жоққа шығарып, бейбітшілік пен бірлікке үндейтін Ислам дініне күйе жағып жүрген қаракөздеріміздің қазақ қоғамын алаңдаттырып отырғаны қабырғамызды қайыстырып-ақ отыр. Біз қазіргі таңда, санасы уланған, өз ұлтынан жеркенетін, ұлтынан безген ұрпақ тәрбиелеуге дейін жеттік. Әрине, бүгінде олардың қатары азайып келеді. Дегенмен, осы бір осал тұсымыз опық жегізіп отырғаны жасырын емес. Аталған форумның аясында «Діни тұрақтылық – қоғам қауіпсіздігінің кепілі» тақырыбында өткен облыстық конференцияда облыстық дін істер басқармасының басшысы Жолдас Қалмағамбетов бұл мәселені тереңнен қаузады.

Басқарма басшысының айтуынша, алдағы уақытта  осы ахуалға байланысты елімізде 11 заңнамаға өзгерістер енгізіледі. Оның екеуі кодекс, қалған 9-ы заңнамалық актілер. Бұлардың барлығына 47-і өзгеріс енеді. Мәселен, 16 жасқа толмаған бала өз бетімен ғибадатханаларға бара алмайды. Егер кәмелет жасқа толмаған бала ата-анасыз ғибадатханаға кірген болса, сол діни бірлестіктің басшысы жазаға тартылатын болады. Жат ағымды насихаттайтын киім үлгілерін, яғни қоғамдық орындарда адамның тануына кедергі келтіретін беті-қолын жабатын киімдерді сатқан немесе таратқандарға да жауапкершілік көрсетіледі. Сонымен қатар, көпшілік орында бетін жауып киінетіндерге де жаза бар. Алайда, бұл жерде орамал, хиджап мәселесін жоққа шығарып отырған жоқ. Себебі, қызын ұлттың ұяты деп білген қазақ бабаларымыз ешуақытта орамал тағуды теріс көрмеген. Бірақ орамал тағудың да жөні бар.

-Біз зайырлы құқықтық мемлекетте тұрып жатқандықтан зайырлы заңдарға бағыну, соған құлақ асуға міндеттіміз. Бұл зайырлық дегеніміз – атеизм емес. Елімізде Аллаға құлшылық етуге тыйым салып отырған жоқ. Мейлі қай дінде болсаңда. Бірақ елдің тыныштығын, береке бірлігін сақтау әрқайсымызға парыз. Сеніңіз, ал сеніміңіз біреуге таңбаңыз. Біреуге менің жолыммен жүр деудің қажеті жоқ. Дін қорқытушы құрал болмау керек. Шын дін адамға сенімділік береді, жақсылыққа үндейді. Әр адам жасаған ісі үшін өзінен сұралады, басқадан емес, —деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, бүгінде Ақтөбе облысында 2200-ге жуық азамат жат ағымның жетегінде жүр. Облыста төрт бас бостандығынан айыру мекемесі болса, онда 100-ге жуық өзіміздің бауырларымыз терроризм-экстремизм баптары бойынша жазасын өтеп жатыр. Бірақ соның ішінде мешіт имамынан тәлім алған, дәстүрлі бағытты ұстанған бірде-бір адам жоқ. Барлығы асыра діншілдіктің салдарынан шалыс басқандар. Олардың әрқайсының артында қаншама отбасы бүгінде жылап отыр…

Аталмыш конференцияда «Нұр ғасыр» мешітінің наиб имамы Нұрлыбек Күзенбаев, облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев, ауданның құрметті азаматы Аманжол Адаев жас санасын улаған теріс ағымдар, ата-аналардың балаларына екпе алдырудан бас тартуы мәселелер төңірегінде ойларын білдірді.

Соқыр сенім — сорың

Қара түнекке қолына шам алмай сүңгіп кеткен бауырларымызды соқыр сенімділіктен арылту үшін қазіргі уақытта идеология саласында ауқымды жұмыстар қолға алынды. Тура жол деп туралықтан тайған талай тағдыр арбаудың шырмауынан құтылды. Әрине, олар үшін шалыс басқан қадамдары өкініш. Жұмақты үйден емес, түзден іздеп жаңылған жандардың сол бір іс-әрекеттері қазір көпке сабақ болып отыр. Әлі де болса, жат ағымның жалауын көтеріп жүрген бауырларымыздың беті бері қараса екен деп тілейді ел.

Мақсатсыз ағымның жетегіне еріп, сан соғып қалған сондай адамдардың қателері өзгелерге сабақ болу үшін соңғы уақытта театрлық көріністерде жиі қойылып жүр. Өткен жылы Ақтөбедегі Т. Ахтанов атындағы драма театр ұжымының «Есігіңді қаққан кім?» қойылымы көптің назарына ұсынылған еді. Сирияға аттанған қазақ жастары туралы Қарағандыдағы қазақ драма театры ұжымы да «Адасқандар» спектаклін қойды. Сондай мазмұндағы тың туындыны аудандық Мәдениет үйі жанындағы халықтық атағы бар театры ұжымы сахнаға алып шықты. Жерлес ақын Жұбаныш Көшербаевтың «Ойраны шыққан отбасы» қойылымын театр ұжымы өте әсерлі сахналады.  Тамашалауға келген көрермендер көздеріне жас алып, бүгінгі қоғамның жанды жарасына ашық үңілді.

Айрандай ұйыған бір отбасының әлпештеп отырған қос бірдей ұлы мен қызы жат ағымының жетегіне еріп, қазақтың ұлттық ғұрыптарын жоққа шығарып, туған ата-анасынан безіп, Отанынан жырақтап, кезекпен-кезек Сирияға атанып кетеді. Ол жақта бірі қолына қару алып, жазықсыз жандардың қанын төгіп, ал бірі жалған ұранмен, соқыр сеніммен соғысып жүрген еркектердің ермегі болады. Сөйтіп жүріп жат елде ағасымен қарындасы кездесіп, қасиетті «жиһад» деп барған жерлерін олар «қатерлі жиһад» екендігін сонда барып біледі. Бірақ бәрі де кеш еді. Тығырықтан шығар жол таба алмаған ағасы қарындасының көзінше өзіне-өзі қол жұмсап мерт болады. Қара көз қарындасы бейбітшілігі берекесіз елде күң болып қала береді.

Елде жылап, қайғы жұтып қалған анасы қос бірдей ұлы жат елге аттанып кеткен күні-ақ, ауруханаға түседі. Ал әкесі ішімдікке салынып, кісі қолынан қаза табады. Солайша, бүтін бір отбасының соқыр сенімнің салдарынан ойраны шығады. Осы бір көріністі шебер сахналаған театр ұжымына көрермен аяғынан тік тұрып қошемет көрсетті. Астары бар дүниені ұсынған ұжымға аудан әкімі Ербол Данағұлов ризашылығын білдірді.

Бас жүлде 1 млн. теңге

Форумның аясында өткен өңіраралық ақындар айтысына астаналық Мұхтар Ниязов, Сырым Әділбеков, атыраулық ақын Шалқарбай Ізбасаров, Жамбыл облысынан Аруна Керімбек, Батыс Қазақстан облысынан Мұрадым Мирланов, ақтөбелік Ершат Қайболдин сынды басқа да көптеген ақындар қатысты. Айтыстың басты тақырыбында – Мұғалжар ауданы мен Қандыағаш қаласының дамуы, егемен еліміздің қалыптасу тарихы және қоғамдағы өзекті мәселелер қамтылды.

Айтыстың қорытындысы бойынша, бас жүлдені республикалық айтыста 2 мәрте «Алтын домбыра» иегері атанған астаналық Мұхтар Ниязов жеңіп алып, қанжығасына 1 миллион теңгені байлады. Ал І орынды ақтөбелік Нартай Тілеуқұл (600 жүз мың теңге), ІІ орынды жамбылдық Аруна Керімбек (400 мың теңге), ІІІ орынды ақтөбелік Данияр Алдабергенов (300 мың теңге) иеленді.

Мұғалжар ауданының әкімі Ербол Данағұлов өңіраралық айтысты ауданда ұйымдастырылуына атсалысқан Орал Бәйсеңгір мен Оралбай Кәмитияға және айтыстың жеңімпазы атанған Мұхтар Ниязовқа, Аруна Керімбекке Мұғалжар ауданының жыл адамы атағын берді.

Еріктілер қабылданды

Форумның қорытынды шарасы «Сұлтан» мейрамханасында өтті. Аудан әкімі Ербол Данағұлов облыстық деңгейде ұйымдастырылған айтуылы іс-шараға қатысқан қонақтарға лебізін білдіріп, келген өкілдердің басшыларына сый-құрметін көрсетті.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының аясында бұған дейін облыстық медиа шығарма байқау ұйымдастырылып, аталмыш форумның барысында байқаудың жеңімпаздары марапатталды. Сонымен қатар, аталған қорытынды мерекелік шарада ауданның белсенді жастары еріктілер қатарына ресми түрде қабылданып, оларға төсбелгілер табыс етілді. Аталған шара концерттік бағдарламамен жалғасты.

Әнуар ЕСҚАРА

 

 

 

Ұқсас ақпараттар

Ақтөбелік шаруаларға қосымша субсидия беріледі

admin_mugalzhar

Қазақстанда бірнеше университеттің лицензиясы тоқтатылды

admin_mugalzhar

АҚКЕМЕРЛІКТЕР САЙЛАУДА БЕЛСЕНДІЛІК ТАНЫТУДА

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.