БИЫЛ ДА ӘДЕТТЕГІДЕЙ ЖАЗДЫҢ АЛҒАШҚЫ КҮНІНЕН ҚАУЫН-ҚАРБЫЗ САУДАҒА ТҮСЕ БАСТАДЫ. ДӘЛ ҚАЗІРГІ «ҚАРБЫЗДЫҢ УАҚЫТЫ» САНАЛАТЫН ТАМЫЗ АЙЫНДА ЖЕР-ЖЕРДЕ ҮЙІЛГЕН ҚАРБЫЗ САТЫЛУДА. ӘДЕТТЕ БІЗГЕ ҚАРБЫЗ ӨЗГЕ ОБЛЫСТАРДАН ЖЕТКІЗІЛЕДІ. ТЕК ТАМЫЗДАН БАСТАП ЖЕРГІЛІКТІ ҚАРБЫЗДАР ПІСІП-ЖЕТІЛІП, САТЫЛА БАСТАЙДЫ. ДЕСЕ ДЕ ҚАРБЫЗ ӨСІРІП, ӨНІМІНІҢ ҚЫЗЫҒЫН КӨРІП ОТЫРҒАНДАР АУДАН АУМАҒЫНДА САУСАҚПЕН САНАРЛЫҚ ДЕСЕ ДЕ БОЛАДЫ. СОЛ АЗДЫҢ БІРІ — БАУ-БАҚША ЖҰМЫСЫН БИЫЛДАН БАСТАП ҚОЛҒА АЛЫП, ӨНІМІН САТЫЛЫМҒА ШЫҒАРҒАН ЖҰРЫНДЫҚ ЖАНДАУЛЕТ ДАНАШЕВ.
—Біз Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданынан көшіп келдік. Ол жақта мал шаруашылығымен айналысқан болатынмын. 2021 жылы өңірде құрғақшылықтың салдарынан шөп болмай, малдарымыз қырыла бастады. Кейін бұл отырысымыз болмас деп, осы елді мекенді естіп, 10 күндей жерді, үйді көріп, көңілімізден шыққасын сол жылы мал-жанымызды алып, қоныс аударуға шешім қабылдаған болатынбыз, — деп бастады өз сөзін кейіпкеріміз.
Көшіп келгеннен кейін де ата кәсіп — мал шаруашылығынан қол үзбей, осы жақта да шаруасын жалғастырып отырған Жандаулетте төрт түліктің барлығы бар. Бүгінде ауылдастарын қымыз-шұбатпен қамтып отырған шаруа жақын маңдағы ауыл, қалалардан да той-томалаққа үлкен көлемде тапсырыс түсетінін жасырмады. Қырықты енді еңсерген азамат мал шаруашылығымен тоқтап қалмай, биыл егістікті де қолға алып, Жұрынның құнарлы топырағына қауын-қарбыз және картоп егіпті.
—Алғашында «осы қалай болар екен?» деп бойымызды аздап қорқыныш билегені рас. Себебі аудан шаруаларының мал болмаса, бау-бақша өсіруге онша ықылас таныта бермейтінін байқадым. Бірақ, қорқынышты тәуекелге жеңдіріп, ақыры істі бастап кеттік. Бұрын-соңды қауын-қарбыз егіп көрмегендіктен, көп іздендім. Сөйтіп, үкіметтен жалға 3 га жер алып, оның 2 гектарына қауын-қарбыз, ал 1 гектарына картоптың дәнін тастадық. Жерді егістікке ыңғайлау, оны құнарландыру, сапалы ұрық дайындау жұмыстарының өзі әжептәуір шығын, — дейді шаруа.
Әрі дән жерді жарып шыққан соң шілденің шіліңгір ыстығында оны баптау, уақтылы суару – осының бәрі біле білгенге нағыз еңбек. Жандаулет Данашев осы жолда болған біраз қиындықтар мен кедергілердің болғанын да айта кетті.
—Шыны керек, биыл жаз мезгілінің ауа-райы қолайлы болмады. Егіп болғаннан кейін, ауылда аяз түсіп, түйнектеп келе жатқан өнімдеріміз үсіп, одан жауын-шашынның көптігінен жапырақтары қурап, біраз әбігерге түстік. Кешеуілдеп, біраз уақытымыз далаға кетті. Содан ізденіп, Шымкент қаласында бау-бақша өнімдері бойынша ірі бір дүкеннің иесімен хабарласып, қажетті деген қоспаларды алдыртқан едік. Сөйтіп, бұл қиындықтардан да өттік, — деп еске алды сол кезеңдерді кейіпкеріміз.
Еңбектің ырзығы сол, аудан аумағындағы ауылдар мен Қандыағаш қаласына өнімін апарып, сатып жатқанына да екі аптаның көлемі болыпты.
—Биылғы ауа райының қолайсыздығы біраз кедергілер тудырды. Десе де, еккенім өнім беруде. Ол ауылдастарым мен Қандыағаш қаласының тұрғындарынан ауыспай, өтіп кетуде. Бағасы да қолайлы деп ойлаймын. Салыстырып, сұрастырып, қарбыздың бағасын 100 теңгеден деп бекітіп қойған жайым бар. Әлі қарбызды толық жинап болмағандықтан, жалпы қанша тонна шыққанын әзірге нақты айта алмаймын, — дейді Жандаулет шаруа.
Бүгінде кейіпкеріміз қасына бір жұмысшы алған. Алдағы уақытта кәсібі жүріп кетсе, жерді үлкейтіп, мал басын да көбейткісі келеді. Мал бордақылау жұмысын да қолға алу жоспарында бар. Жаңа кәсіп игерсем деген ойы да жоқ емес.
—Менің тұрып жатқан үйім Ембі-Шалқар тас жолынан 200 метрдей жерде орналасқан. Енді қарап отырсам, Қандыағашқа қарай 30, Ембіге қарай 60 шақырым бар екен. Жалпы алғанда 90 км болады. Міне, осы аралықта бірде-бір дөңгелек жөндеу, жамау секілді ешқандай қызмет түрлері кездеспейді. Осы жолмен көлік көп жүретіндіктен машиналарының дөңгелектері жарылып, қаншама жолаушылар жолда қалып жатыр. Сол себептен қазір осы кәсіпті де зерттеп, зерделеп жүрген ойым бар , — деп бөлісті ол өз жоспарымен.
Еңбектің көрігін қыздырып жүрген шаруа жігіт 10 баланың әкесі. Алды жақында әскерден келсе, кішісі 1 жарым жаста. Ырзығын мал мен жерден көріп отырған шаруа бала тәрбиесіне де баса мән беретінін де айтып өтті.
— Балаларымды еңбекқор болып өсіруге бар күш-жігерімді салып келемін. Еңбек еткен жан далада қалмайды. Немен айналыссаң да, бар жан-тәніңмен, үлкен жауапкершілікпен айналысу керек. Сол кезде кәсібіңнен берекет тауып, өмірің мәнді де, сәнді болады, — дейді жұрындық Жандәулет Данашев.
Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ