БҮГІНДЕ ҚАНДЫАҒАШ ҚАЛАСЫНДА КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДІҢ АУЛАЛАРЫН АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУДЕ. ГАЗЕТ ТІЛШІЛЕРІ ҚАЛА АУМАҒЫН АРАЛАП, ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТҚАН АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫН КӨЗБЕН КӨРІП, ЖҰМЫСШЫЛАРМЕН ТІЛДЕСІП ҚАЙТТЫ. СОНЫМЕН…
Бүгінгі таңда Қандыағаш қаласында жалпы саны 120 көпқабатты тұрғын үй болса, соның 30 пайызы ғана абаттандырылған. Аталған жұмыстардың өзі соңғы бес жылдықта жасалған. Атап айтатын болсақ, осы уақытқа дейін «Финляндия» мөлтек ауданы Байкунов көшесіндегі №69, 70, 71, Шынтасов көшесіндегі №3, Жамбыл көшесіндегі №74, 75, «Достық» мөлтек ауданындағы №14, 23, 24, 25, «Жастық» мөлтек ауданы №37а, 37б, 20, 21, 22, 23, 24, 25, 44, 45, 46, 80, 81, 78, 6, 7, 3, 10, «Самал» мөлтек ауданындағы №49 және жаңадан салынған 3 қабатты тұрғын үйлерінің аулалары абаттандырылған.
—«Достық» мөлтек ауданы №20, 21 тұрғын үйдің ауласын абаттандыруға 67 млн 923 мың теңге бөлінген. Ал жұмыстарын жүргізу жауапкершілігін «Регион-Сервис-Актобе» ЖШС-і алды. Ал «Жастық» мөлтек ауданындағы №11 көпқабатты тұрғын үйге 52 млн 228 мың теңге бөлінді. Абаттандыру жұмыстарын «Қалау+» ЖШС-і атқаруда. «Жастық» м/а №5, 9 көпқабатты тұрғын үйлердің де аулаларын абаттандыру жұмыстарын «Регион-СервисАктобе» ЖШС-і 57 млн 432 мың теңгеге жүргізуде, — деді қала әкімі Қазбек Аққайыр.
Сонымен бірге абаттандырылып жатқан үйлердің қатарын «Жастық» мөлтек ауданы №1,4,16, 17, 18, 19 көпқабатты тұрғын үйлері толтырады. Ал алдағы уақытта Ж.Жабаев көшесіндегі №68, 69, 70, 71 үйлерге апаратын жолдарды қайта жаңғырту жұмыстары жасалады. Бұл жоба үшін бюджеттен бөлінген қаржының көлемі — 199 млн 417 мың теңге. Абаттандыру жұмыстарын «Стройсервисплюс» ЖШС-і атқарады.
Аулалары абаттандырылып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердегі жұмыстарды көру үшін газет тілшілері алдымен «Жастық» мөлтек ауданы №16,17,18,19 тұрғын үйлерге барды. Бұл жерде бұрынғы асфальт жабындылары сүріліп, жүк көліктерімен сыртқа шығарылып, жаңа асфальт түсетін жол тегістелуде. Сонымен бірге жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлардың жиектері салынып жатыр екен. Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан «KDC CONTRUCTION» ЖШС-нің өкілі Арман Омар бүгінде бұл жерде жалпы саны 20- ға жуық жұмысшылардың жұмыс жасап жатқанын жеткізді. Алайда біз құрылыс басынан 4-5 адамды ғана көрдік.
—Ауланы абаттандыру жұмыстарына жалпы саны 3 бригада жұмылдырылуда. Қазіргі таңда бір бригада ғана жасап жатыр. Алдағы уақытта жұмысшылар толығымен шығады. Бұл жерге жаяу жүргіншілерге арналған тротуар, автокөлік жолы, балалар ойын алаңы, воркаут және автотұрақ салынады. Құрылыс жұмыстарын қыркүйек айының соңында аяқтауды жоспарлап отырмыз, — деді Арман Омар.
Қала әкімі Қазбек Аққайыр аталған тұрғын үйлердің ауласын абаттандыруға бюджеттен 68 млн 9 мың теңге бөлінгенін айтты және қала әкімдігі тарапынан құрылыс жұмыстарын қатаң бақылауда ұстап отырғанын жеткізді. Бұл үйлерді артқа тастап, әрмен қарай «Жастық» мөлтек ауданы №11 үйге қарай бет алдық. Алты қабатты бұл үйдің алдына толығымен брусчаткалар төселіп, бордюрлері салынып жатыр екен. Абаттандыру жұмыстарын «ҚалауPlus» ЖШС-і атқаруда. Құрылыс жұмыстарына бюджеттен 52 млн 228 мың теңге бөлінген. Аулаларды абаттандыруға тапсырыс беруші — аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі. Құрылыс басында жүрген жұмысшылар қыркүйек айының соңына дейін жұмысты толық аяқтайтындарын айтты. Олардың сөзінше, бұл жерге де автомобиль жолы төселіп, автотұрақ, балалар ойын алаңы, жаяу жүргіншілер жолы салынбақ.
№11 үйден шығып, «Жастық» мөлтек ауданы №5 және №9 көпқабатты тұрғын үйлерге бардық. Бұл үйлердің ауласын абаттандыру жұмыстарын «Регион-Сервис-Актобе» ЖШС-і жауапкершілігіне алған. Дегенмен құрылыс жұмыстарын қосалқы мердігер мекеме «Алим» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі жүргізуде. Абаттандыру жұмыстарына бюджеттен 55 млн 870 мың теңге көлемінде қаржы бөлінген. Бүгінде аталған үйлердің аулаларына толығымен брусчатка төселіп болған. Құрылыс басынан кооператив прорабы Есет Досалинді кезіктірдік. Оның сөзінше, құрылыс жұмыстарының басталғанына бір айдай уақыт болыпты.
—Біз өзімізге бекітілген тұрғын үйлердің аулаларына толығымен брусчатка төсеп бітірдік. Автотұрақ пен балалар ойын алаңының орындары белгіленді. Балалар ойын алаңының табанына құм төселеді. Сонымен бірге көгалдандырылуға қалдырылған бос жерлерге қара топырақ төгіп береміз. Бүгінде жігіттер кілем қағуға, кір жаюға арналған орындарды дайындап, құбырларды орнатып жатыр. Алдағы уақытта толығымен асфальт төсеу жұмыстарын жүргіземіз. Бұл жұмысты әзірге тоқтатып отырмыз. Себебі күн жаңбырлы болып, асфальт төселетін жерлер батпақты болып тұр. Тапсырыс беруші қала әкімдігімен келісіп, жердің кебуін күтіп отырмыз. Қазір сулы, батпақты жерге қиыршық тас төсеп, асфальт салатын болсақ, сапасы дұрыс болмайды. Бізге жұмыстың сапалы болуы — маңызды. Осы жердің тұрғылықты тұрғыны болғаннан кейін өз қаламызға жанашырлықпен қараймыз. Биыл салынған асфальт келер жылға жетпей бөлініп қалатын болса, біздің жасаған жұмысымызға сын болады, — деді «Алим» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің прорабы Есет Досалин.
Ол бүгіннің өзінде тұрғындардың дән риза екенін айтты. Кіріп-шыққан сайын, алғыстарын жаудырып, ризашылығын білдіреді екен. Әрине, тұрғындардың тұрғылықты жерінің гүлденіп, жайлы өмір сүруіне жағдай жасалса, қуанары сөзсіз. Одан әрі №9 үйдің жанынан өтіп, ауласы абаттандырылып жатқан №4 және №1 көпқабатты тұрғын үйге бардық. Бұл жерге абаттандыру жұмыстары өткен жылы басталған. Бірақ толық аяталмаған. Қалған жұмыстары ауыспалы кезең бойынша биыл жасалуда. Аталған екі үйді абаттандыруға биылға бюджеттен 18 млн 62 мың теңге бөлінген.
Осы қаржыға екі үйдің алдына жақын арада асфальт жол салу жұмыстары жасалады. «Достық» мөлтек ауданында орналасқан №20, 21 көпқабатты тұрғын үй аулаларының мәселесі бірнеше жылдан бері күн тәртібінен түспей келе жатқаны белгілі. Биыл бұл мәселе де өз шешімін тауып, абаттандыру жұ-мыстары жүргізілуде. Мақала дайындау кезінде газет тілшілері бұл жерге де барып, жасалып жат-қан құрылыс жұмыстарының барысын көзімен көрді. Бұл көпқабатты тұрғын үй — Қандыағаш қаласы бойынша ең үлкен аулалардың бірі. Ауланы абаттандыруға бюджеттен 67 млн 923 мың теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстарын «Регион-Сервис-Актобе» ЖШС-і жүргізуде. Құрылыс басында жүрген мердігер мекеменің өкілі Есенаман Қалышев жұмыстың қарқынды жүргізіліп жатқанын жеткізді.
-Бүгінде құрылыс басында 10 жұмысшы жұмыс жасап жатыр. Жоба бойынша бұл жерде 4 автотұрақ, балалар ойын алаңы, жаяу жүргін-шілерге арналған а р — найы жол, автокөлік жолы , кілем мен кір жаюға және тұрғындардың демалып отыруына арналған арнайы орындар жасалып, орындықтар қойылатын болады. Ойын аландарының құрылғылары балалардың түрлі жас ерекшеліктеріне қарай қойылады. Ойын аланының табанына арнайы резеңке төселеді. Бүгінде брусчаткалардың 80 пайызын төсеп болдық. Асфальттау жұмыстары алдағы уақытта жүргізіледі. Сонымен бірге подъездердің жанынындағы тал егілген жерлерге газон егуге арналған қара топырақ төселетін болады, — деді ол.
Құрылыс жұмыстарына осы тұрғын үйдің тұрғындары да жұмылдырылған. №20 үйде тұратын Сағынбай Аубакиров құрылыс жұмыстарының басталғанына бір айдай болғанын айтады.
—Мен осы үйде тұрамын. Жасым 60-тан асса да еңбекке араласып, өз ауламыздың көрікті болуына атсалып жатырмыз. Осы жерде балам да жұмыс жасап жүр. Тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Бұрын аяғымызға су етік киіп, оны ауыстырып жүретін едік. Енді осы күзде аяғымыз балшық болмай, жүретін болдық. Қаламыздың көрікті болғаны адамдар үшін, барлық жағдайдың жасалғаны баршамыз үшін үлкен қуаныш. Бұл жұмыстар жалғасын тапса, нұр үстіне нұр болар еді, — деді Сағынбай Аубакиров.
«Достық» мөлтек ауданы №20, 21 тұрғын үй Мердігер: «Регион -СервисАктобе» ЖШС-і Қаржы: 67 млн 923 мыңтеңге
«Жастық» мөлтек ауданы №11 тұрғын үй Мердігер: «Қалау+» Қаржы: 52 млн 228 мың теңге «Жастық» мөлтек ауданы №5, 9 Мердігер: «Регион-СервисАктобе» ЖШС-і Қосалқы мердігер: «Алим» АШӨК Қаржы: 57 млн 432 мыңтеңге
«Жастық» мөлтек ауданы №16,17,18,19 тұрғын үй Мердігер: «KDC CONTRUCTION» ЖШС-і Қаржы: 68 млн 009 мың
«Жастық» мөлтек ауданы №4, №1 тұрғын үй Мердігер: «ИСАК» ЖШС-і Қаржы: 18 млн 062 мың теңге
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ