Аудан орталығы Қандыағаш қаласында ауданның педагогтері бас қосып, дәстүрлі тамыз кеңесін өткізді. «DIGITAL QAZAQSTAN: ЖАҢА ЗАМАНДАҒЫ БІЛІМ БЕРУ» тақырыбында өткен кеңесте басымдық цифрландыру технологиясының тиімділігі мен жасанды интеллектке берілді.
Жиын шымылдығы ҚР Гимнімен ашылды. Түрлі пән мұғалімдері инновациялық жобалар мен цифрлық платформалардың қатысуымен жасанды интеллект, виртуалды шындық, STEM білім секілді нақты тақырыптарға арналған көрме ұйымдастырып, жиналғандарға таныстырды. Тамыз кеңесіне аудан әкімі Дархан Ермағанбетов қатысып, ұстаздар қауымын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
— Бүгінде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану – негізгі талаптардың бірі. Бұл әрбір білім алушы оқушының, мұғалімнің және білім беру ұйымының оқу процесін жетілдіру үшін сөзсіз қажет. Бүгінгі таңда елімізде цифрландыру жүйесі қарқынды дамып келеді. Біз де осы үрдістен қалмай, дамудың даңғыл жолын ашып, білімге, ғылымға бет бұрғанымыз абзал, — деді аудан әкімі.
Жиын барысында сөз алған аудандық білім бөлімінің басшысы Бахраман Аманжол ауданның білім беру саласында атқарылған жұмыстар жөнінде, өткен оқу жылында жеткен жетістіктер мен күрмеуі күрделі мәселелер төңірегінде баяндама жасады.
—Биылғы оқу жылының басты жаңалығы — білім саласына жасанды интеллект технологияларының озық үлгілерінің енгізілуі. Бірқатар мектептерде сабақ кестесі жасанды интелекттің көмегімен құрылады. Бұл — ұстаздарға айтарлықтай көмек болары сөзсіз. Осы орайда, аудан аумағындағы білім беру ұйымдарының мамандары мектепке дейінгі білім берудегі инновациялар, жасанды интеллектті орта білім беру жүйесіне интеграциялау, ауыл мектептерінде оқыту үдерісін цифрландыру бойынша оқушыларға түрлі тақырыпта сабақ өткізеді, — деді бөлім басшысы.
Ол оқушылардың білім сапасына, педагогтердің біліктілігіне, мұғалім мәртебесіне тоқталып, ұстаздық ете жүре оғаш әрекетке баратындар мен біліктілікті арттыру аттестациясынан өте алмай жүргендердің барын айтып, оларды сынға алып, жаңа оқу жылында мұғалімдерді білімнің сапа деңгейін көтеруге шақырды. Сонымен бірге өткен оқу жылында аудан мұғалімдері мен оқушылардың жеткен жетістіктеріне де тоқталды.
—Өткен оқу жылында аудан мектептері «Біртұтас тәрбие» бағдарламасымен жұмыс жасады. Еткен еңбегіміз нәтижесіз болмады. Оқушылар түрлі аудандық, облыстық, республикалық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындардан көрінді. 2023-2024 оқу жылында мектепті 576 түлек аяқтап, оның 572-сі ҰБТ тапсырды. Тестілеудің нәтижесі бойынша 280 түлек мемлекеттік гранттарға ие болды. Бұл — біз үшін, аудан үшін үлкен жетістік. Ал биылғы оқу жылында мектеп табалдырығын 1489 бүлдіршін аттағалы отыр. Көптеген мектептердің материалдық базасы жаңартылды, білім беру ұйымдары салынуда, — деді білім бөлімінің басшысы Бахраман Қуанышұлы.
Шарада мұғалімдер оқыту жүйесін оңтайландыратын тың тәсілдерге негізделген жаңа технологиялармен білім берудің оң ықпалы туралы айтып, өздері сабақ барысында пайдаланатын түрлі бағдарламаларымен таныстырып, өз тәжірибелерімен бөлісіп, заманға сай цифрландыру үдерісін талқылады. Жиын барысында бірқатар ұстаздар Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың, облыс әкімі Асхат Шахаровтың, облыстық білім басқармасының басшысы Сұлтан Жайықтың, аудан әкімі Дархан Ермағанбетовтың, аудандық білім бөлімінің басшысы Бахраман Аманжолдың, аудандық білім беру қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Жұмагүл Жұмабаеваның Алғыс хаттарымен және қаржылай, естелік сыйлықтарымен марапатталды.
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ