«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ТЕМІРЖОЛ БОЙЫНДАҒЫ 30 ЖЫЛ

Ембілік Жанабай ДАЙРАБАЕВ 30 жылға жуық уақыттан бері теміржол саласында еңбек етіп келеді. Бүгінде Жем станциясындағы Локомотив депосында нұсқаушы-машинист болып жұмыс жасайтын «Еңбек адамы» айдарының бүгінгі кейіпкері дәл осы саланы таңдағанына еш өкінбейді.

Теміржолда жұмыстың жеңілі жоқ. Ал асқан төзімділік пен қырағылықты талап ететін машинист мамандығының екі есе ауыр екенін кейіпкеріміздің сөзінен байқадық.

1994 жылы Ембі қаласындағы №49 орта мектепті бітіріп, 1995 жылы машина цехына жұмысқа кірдім. Алғашқы еңбек жолым осылай басталды. 1998 жылы Ақтөбе ішкі филиалы оқыту орталығында төрт айлық «машинист көмекшісі» курсын бітіріп, содан кейін локомотив депосына машинистің көмекшісі болып орналастым, — деп бастады сөзін Жанабай Тәжіғалиұлы.

Теміржолда жүріп, одан әрі біліктілігін арттыру мақсатында 2002 жылы «машинист тепловозы» курсын да өте жақсыға тәмамдаған ол бір жылға жетпей көмекшіліктен тепловоз машинисі болып ауысады.

Араға бір жыл салып, 3-ші сынып машинисі болдым. Осы темір жолда жұмыс жасап жүріп, Ақтөбе колледжін сырттай бітіріп, одан кейін жоғары оқу орнын да ойдағыдай аяқтадым. Ал 2008 жылы 2-ші сынып машинисі болдым. Осы жылдар аралығында тәжірибе жинақтап, көп нәрсені үйрендім. Осы депоға келіп, жұмысқа орналасқанда жас жігіт едім. Білуге, үйренуге бейім болдық. Тәжірибелі аға буынның әңгі-месін ұйып тыңдайтынбыз. Жұмыстың қыры мен сырына әбден қанықтық, – дейді өзі.

Араға уақыт салып, 2013-2017 жылдар аралығында локомотив депосында депо кезекшісі болып жұмыс жасап, 2018 жылдан бастап күні бүгінге дейін машинист нұсқаушысы болып еңбек етеді.

Әкеміз бізді төзімділікке үйретті. Қазір қандай жетістікке жетіп жүрсек те, сол тәрбиенің жемісі. Әйтпесе, мен теміржолға келген уақыттарда жағдай оңып тұрған жоқ еді. Қазір адамдарда жұмыстан көрі сұрақ көбейгендей көрінеді маған. Себебі, байқайтыным, бір нәрсе бола қалса, «неге мынандай?..» деп шыға келеді. Ал ол уақытта сұрақтан жұмыс көп еді. Сұрақ қойып жүруге де уақыт таппайтынбыз. Адамдардың пиғылы кең, жоқтан бар жасап, әр нәрсені кеңдікпен қабылдайтын. Өзіміз де ескі тепловоздарды құрап-сұрап ретке келтіріп, тізгіндеп кете беретінбіз, – дейді теміржолшы өткен күндерді еске алып.

2021 жылдың шілдесінен бастап Жем локомотив депосы бастығының орынбасары қызметін атқарған ол биылдан бастап қайтадан машинист нұсқаушы болып жұмыс істейді.

Нұсқаушы ретінде локомотив бригадаларымен жұмыс жасап, білмегенін үйретеміз. Машинист көмекшісіне бірден бұл саланы алып кету оңай емес. Сондықтан көмекшіні де машинист болуға үйретеміз, одан кейін ретімен жүк, жолаушы тасымалына дайындаймыз. Жалпы, былай айтқанда, кішігірім мұғалімбіз. Маман дайындап, оқытамыз, үйретеміз. Мен де машинист көмекшісі болғанмын, үлкен ағалардан көп нәрсені үйрендім, қазір өз салама төселдім деп айта аламын. Темір жол саласында неше түрлі жағдайлар болады. Ауыры да, жеңілі де өтті бастан. Бірақ барлығын машинист нұсқаушылармен және де басшымызбен бірге ақылдасып, шешеміз. Ұжымымызда ауызбіршілік өте жоғары деңгейде, бірігіп жұмыс жасаймыз. Жалпы өзім мамандық таңдаудан қателеспедім деп санаймын. Өйткені темір жол саласын таңдағаныма өкінбеймін, — дейді Жанабай Дайрабаев.

Алғашқы еңбек жолын бастаған тұста 1998 жылы оқу курсын оқи жүріп, болашақ жары Венера Жалғасовамен отау құрған ол бүгінде көпбалалы әке, бес қызы бар. Екінші қызы да әке жолын жалғау мақсатында бүгінде темір жол саласында оқып жатыр.

Қазір жолдар жаңартылып, пойыздардың жылдамдығы көтеріліп жатыр. Машинист нұсқаушылардың әлеуметтік жағдайы да қазір өте жақсы. Өйткені, теміржол – болашағы зор сала, өркендеп өсе береді. Жастар болашағы бар саланы таңдап, маманданса, ешқашан жұмыссыз қалмайды, ертеңгі күніне сенімді болады, — деп сөзін аяқтады теміржолшы Жанабай Дайрабаев.

Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

«КҮМІС ЖАС»: 64 АДАМ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛДЫ

admin_mugalzhar

АУЫЛДЫҢ БЛОГЕР КЕЛІНІ

admin_mugalzhar

Димаш Құдайберген Пласидо Домингоға қазақы дәстүрмен шапан жапты

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.