«2 қыркүйек күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын жария етті.Тақырыбынан көрініп тұрғандай, бұл Жолдауда ел өмірінің барлық салалары, қоғам көкейінде жүрген көптеген мәселелер қамтылды.
Ең маңызды түйіннің бірі — 2025 жылдыңЖұмысшы мамандықтары жылы деп жариялануы болды. Расында, сонау кезеңде жастардың басым бөлігі заңгер, экономист сынды мамандықтарды беделді санап, жаппай соған ұмтылуы себепті ауыл шаруашылығы, өндіріс саласында маман тапшылығы сезілген еді. Кейіннен техникалық мамандар даярлау ісіне көңіл бөлінді. Сөйтіп, бұл мәселе шешімін тауып келеді.
Дегенмен ауыл шаруашылығын, өңдеу салаларын, жалпы ел экономикасын дамытамыз десек, басты еңбек күші — жұмысшы мамандықтарын даярлауға жете көңіл бөлінбесе болмайды. Бұл ретте қара жұмыстан қашып, «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүргісі келеді деп, көпшілікті, әсіресе жастарды сынай бергеннен нәтиже күту орынсыз. Ең алдымен, жұмысшы мамандықтарының, еңбек адамының мәртебесін көтеру керек. Оларға лайықты құрмет көрсетіліп, лайықты еңбекақы төлеу жолға қойылуы керек. Қоғамдық санада нақты бір салаға не мамандыққа емес, қай мамандық, қай істе болса да адал еңбек иелеріне деген сый-құрмет жоғары тұруы керек. Осы орайда Президент Жолдауындағы: «Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін адал атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі» — деген ойды біз қуаттаймыз.
Бұған дейін де Президент «Адал адам— адал еңбек — адал табыс» концепциясын ұсынған еді. Басқаны сынып-мінеуден бұрын, ең алдымен өзің адал азамат деген атқа лайық болуға, адал еңбек, адал табыспен өмір сүруге ұмтылу — бүкіл қоғамды алға жетелейтін қасиеттер. Жастарды осы бағытта тәрбиелесек, еліміз озық та табысты мемлекетке айналады».