«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

БАНКРОТТЫҚ ЖАРИЯЛАУ: ҚАРЫЗДЫҢ ҚАМЫТЫН КИГЕНДЕРГЕ МҮМКІНДІК

Осы жылдың наурыз айынан бастап «Қазақстан азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңның күшіне енгені белгілі. Сол уақыттан бері ел бойынша 61 мыңнан астам азамат банкроттыққа арыз берген. Оның 10 мыңы ғана банкрот деп танылған. Ал ауданда жағдай қалай? Қарыздың қамытын кигендердің өтініштері қалай қаралуда? Олар нені білуі керек? Бұл туралы төменде тарқатамыз. Сонымен…

БАНКРОТТЫҚҚА 232 ӨТІНІШ ТҮСКЕН

Аудандық кірістер басқармасының мамандары аталған заң күшіне енгелі жалпы саны 232 мұғалжарлықтан өтініш түскенін айтады. Оның 45-сі банкрот деп танылыпты. Ал 187 жеке тұлғаның өтініші қабылданбай, банкроттықтан бас тартылған.

-Өзін-өзі банкрот деп жариялау үшін біздің мамандардан кеңес алатындардың қатары көп. Бүгінгі таңда 19 жеке адамның банкрот рәсімі қаралуда. Банкрот деп танылуға өтініш білдірген азаматтарға заңмен бекітілген тиісті талаптар қойылады. Біріншіден, борышкердің атына тіркелген мүлкі болмауы керек. Оған ортақ меншіктегі мүлік те кіреді. Сондай-ақ 12 ай ішінде кредитор немесе коллекторлар алдындағы борышы бойынша бірде-бір рет төлем жасамағаны да қаралады. Төлем мерзімі өткеннен кейін кемі 18 ай ішінде қарыз шарты бойынша берешекті реттеуге не өндіріп алуға талпыныс жасауы қажет. Айталық, борышкер банкке несиенің пайызын өсірмеуді немесе мерзімін шегеруді сұрап өтініш жазуы да маңызды. Осы құжат арқылы өтініш түсірген азамат қарызға батпауға барынша тырысқанын, қандай да бір амалдар жасап, қарызын өтеуге ниеттенгенін айғақтайды. Тағы бір айта кететін жайт, өтініш беруші 7 жыл ішінде банкрот болып танылмаған тұлға болуы керек, — деді аудандық кірістер басқармасы басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұхамбетов.

БАНКРОТТЫҚ — ҮШ ТҮРЛІ РӘСІМ

Мамандар заң бойынша банкрот болып танылудың үш түрлі рәсімі бар екенін айтады. Олар — соттан тыс, сот арқылы және төлем қабілетін қалпына келтіру. Соттан тыс тәсілі қарыз көлемі 5,9 млн теңгеден (1600 АЕК) аз болса жүргізіледі. Ол үшін жоғарыда жазылған негізгі талаптарға сай келу керек. Ал қарыз көлемі 5,9 млн (1600 АЕК) теңгеден жоғары болса сот арқылы банкрот деп танылу үшін сотқа жүгінуіне тура келеді.

Сот арқылы банкрот болу кезінде борышкердің мүлкі саудаға салынады. Борышкердің жалғыз үйі кепілде тұрса ғана сатылады. Кепілге қойылмаған болса, ешкім тартып ала алмайды. Мұнда кейінгі үш жылда борышкердің атына тіркелген мүлік қаралады. Сот арқылы банкрот деп танылу рәсімін қаржыны басқарушылар жүзеге асырады. Қаржыны басқарушының қызметін жүзеге асыруға құқығы бар тұлғалар тізіміне заңды және жеке кәсіпкерлердің банкрот рәсімін жүзеге асыратын әкімшілер, кәсіби бухгалтерлер, заң кеңесшілері, аудиторлар кіреді, — деді ол.

Ал төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімін тұрақты кірісі бар азаматтар қолдана алады. Олар сот арқылы қарызын 5 жылға дейін бөліп төлеуге мүмкіндік алады. Бұл кезде борышкерге қойылатын жалғыз шарт – қарыз мөлшері борышкерге тиесілі мүліктің құнынан аспауы керек.

БЕС ЖЫЛ НЕСИЕ АЛА АЛМАЙДЫ

Мамандар азамат банкрот деп танылғаннан кейін түрлі шектеулердің болатынын тілге тиек етті. Айталық, банкрот деп танылған азамат 5 жыл бойы несие немесе түрлі займдардар қаржы ала алмайды. Сондай-ақ 7 жыл бойы қайта банкрот бола алмайды. Азаматтар банкрот деп танылғаннан кейін үш жыл бойы қаржы мониторингі жүргізіледі екен.

Сот шешімімен банкрот деп танылған азаматтардың банк және қаржы ұйымдарының алдындағы қарыздан басқа адамдарға қарызы, мекемелер мен мемлекет алдындағы қарыз да есепке алынады. Бірақ алимент бойынша, басқа адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу бойынша, қылмыстық құқық бұзушылық бойынша шығындар кешірілмейді. Ал соттан тыс рәсімде тек банк, қаржы ұйымы және коллекторлар алдындағы қарыз қарастырылады, — деді Нұрлыбек Лайықұлы.

ЖАЛҒАН БАНКРОТТЫҚҚА ЖАЗА БАР

Біз тақырыпты толыққанды ашу үшін мемлекеттік кірістер басқармасы мамандарынан азамат банкрот болғаннан кейін жалақысы өмір сүру деңгейінен бірнеше есе жоғары жұмысқа тұрса, қалай болатынын, «банкке несиесін қайта төлейді ме?» деп сұрадық. Олар кешірілген несиесін қайта төлету заңнамада көрсетілмегенін айтты. Дегенмен, күдікті жағдай болса, тексеріс болуы мүмкін екен.

Қайтару міндеттелмеген. Бірақ банкрот деп танылғаннан кейін азамат үш жыл бойы мемлекет бақылауында болады. Ол адам кенеттен байып, түрлі мүлік сатып алса, мемлекеттік орган сұрақтар қойып, тергеуі мүмкін. Азамат кредитор алдындағы міндетін орындамау үшін қитұрқы әрекетке барса, мүлкін, табысын жасырса, жалған ақпарат берсе, әкімшілік жауапкершілікке тартылады, — деді Нұрлыбек Мұхамбетов.

Жалған банкрот деп танылған адамға 200 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Мүлкін жасырғандар – 100 АЕК, қарызды реттеу мәселесі кезінде жасалған заңсыздық үшін 15-100 АЕК көлемінде айыппұл төлейді.

Біле жүріңіз!

Соттан тыс рәсіммен тапсыратындар өтінішті Egov.kz порталында немесе e-Salyq Azamat мобильді қосымшасында толтыра алады. Уәкілетті орган өтініш берілген күннен бастап алты ай өткеннен кейін соттан тыс банкроттық рәсімін аяқтау және борышкерді банкрот деп тану туралы шешім шығарады. Сот арқылы банкрот деп танылу үшін және төлем қабілетін қалпына келтіру үшін борышкер тұрғылықты жердегі сотқа жүгінуі керек. Өтінішті қарау мерзімі – алты ай, оны тағы алты айға ұзартуға болады.

Банкроттық туралы толық ақпарат алу үшін «1414» бірыңғай байланыс орталығына (қосымша «3» нөмірін теру керек) немесе Telegramдағы SalyqBot көмегіне жүгінуге болады. Банкроттық рәсімінен өту тәртібі туралы ақпарат қаржы министрлігінің және мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында жарияланған.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

 

Ұқсас ақпараттар

ЖАРКЕМЕРГЕ ГАЗ ТАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

admin_mugalzhar

«Аватар» фильмі қазақ тіліне аударылды

admin_mugalzhar

АУДАНҒА «СЫР ДИДАРЫ» ГАЗЕТІНІҢ РЕДАКТОРЫ КЕЛДІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.