«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ҚОЙНАУЫ ТАРИХҚА ТОЛЫ – «ҚОНЖАР» БАЛАЛАР ҮЙІ

Қазақтың қай жерін алсақ та, тарихқа толы, әрбір тасы мен топырағы небір тылсым сырларды бойларына бүгіп жатыр… Соның бірі — Мұғалжар жеріндегі «Қонжар» атауының сырына келер болсақ, бұл атауға байланысты қазақтар «Қалмақ ханы Хонтәжіні жарып өлтіріпті, содан бері ол жер Қонжар (Хонтәжі жарылған) болып аталады» деген болжамдар айтады. («Мұғалжар ауданы энциклопедиясы», «Полиграфкомбинат» ЖШС, 2011 ж., Алматы қаласы, 385-бет).

Сонымен қатар халық арасында тараған тағы бір аңыз-әңгімелерге сүйенсек, Есет батыр арғын елінде шайқаста жүрген кезінде ауылдарын тұтқиылдан шабуылдаған Қонон ханды қазақ батырлары өкшелей қуып жетіп, тірілей ұстап алмақшы болады. Қолға түскен Қонон батыр Есет Көкіұлымен жекпе-жекке шығып, ауыр соққыдан қаза табады. Есет батырға тән мінез танытып, қаза болған Қонон ханды өлген жеріне жерлеуді бұйырады. Сол Қонон хан көмілген жерді халық кейін «Қонон жар» деп атаған екен. Уақыт өте бұл атау өзгеріске ұшырап, Қонжар аталып кеткен. Бұл айтылғандарға, әрине, нақты дәлелдер жоқ.

Осындай өзінің терең тарихы бар Қонжар елді мекенінде, Шүрен руынан тараған атамыз — Бимұхаммед Жанкелдіұлы (Бижан Жанкелдин деп те аталған) заманының қиындығына қарамай, ең алғаш білім ордасын ашқан. Бұл кісі Шекті ішінде Шүреннің Жанкелді деген би, мырза болған кісінің баласы, өзі де атақты, беделді би, дәулеті тасыған, еліне сыйлы адам болған екен . Бимұхаммед атамыз біраз жылдар Орынбор жерінде тұрған екен. КәсібіБұхармен екі арада керуен жүргізіп, орыс, татар көпестерінің жүгін тасиды. Батыр Есет Көтібарұлымен кездесу ұйымдастыру мақсатында генерал Александр Александрович Катенин Орынборға барып, Бижанды шақыртып: «Сізді киргиз халқының ішіндегі ең беделді адамы деп естимін. Бұрын да өкіметке адал қызмет еткен, награда алған екенсіз. Сіз осы қыста Есетті шақыртып, кездесуге келуге көндіріңіз. Бұлай соза беруге болмайды, ел ішін тыныштандыруымыз қажет, өзі келіп, қарсылығын қойса, бізге келіп берілсе, бұрынғы айыбын кешемін», — деген екен. Бижан атамыз басында келіспегенімен, артынша губернаторға келісімін береді. Катенин кездесуді Жем бойында ұйымдастыратынын және ол жерге әскерсіз өзі баратынын да жеткізген. Осы жағдайды пайдалана отырып Бижан генерал Катенинге қазақ балаларын оқыту үшін мектеп салдыру туралы өтінішін білдіреді. «Тақсыр, дәулетжағынан кемтар болмағаныммен, хат танымағандықтан, әсіресе, орысша білмегендіктен, көп қорлық көріп жүрмін. Жасым болса біразға келді, мына қараңғы халыққа септігімді тигізсем, ана дүниеде де септігі тиер ме деп ойлаймын. Өзім оқымасам да, немерелерім, ұрпағым оқысын. Әрине, оңай шаруа емес, бірақ тәуекел деп осыған бел байладым», — деген екен. Бұлжерде орысша білмегендіктен, көп қорлық көрдім дегені — сол кезде тілмаш болып жүрген татарлардың қазақтың айтайын деген сөзін орыстарға бұрмалап, аяғына дейін дұрыс жеткізбей, соның кесірінен шаруаларының жүзеге аспай қалып жатқандығын айтқан екен. Сондықтанмектеп ашудағы мақсаттарының біріншісі, қазақ балаларының көзін ашу болса, екіншісі, қазақ пен орыс арасындағы істерін тілмашсыз-ақ шешуге жету болды. Бимұхаммед Жанкелдіұлының бұл өтінішіне генерал: «Жарайды, бұл мәселенің шешімін табармыз,» — деп сөз бергендей сыңай танытқан.

Бимұхаммед Жанкелдіұлының септігімен 1858 жылы Жем бойында Есет Көтібарұлы генерал Катенинмен кездеседі. Осы кездесуден біраз уақыт өткеннен кейін, шамамен 1878 жылы Бижан атамыз Шүрендердің жеріне, Қонжар елді мекеніне Орынбордан күйдірілген кірпіш тасып, мектеп салдыра бастаған екен. («Жем бойында» Ғалым Ахмедов, 2018 ж).

Ең алғашқы мектеп туралы толығырақ айтар болсақ, оқу ғимараты екі кластық етіп салынған бір қабатты, кірпішті ғимарат. Дәліздерді қоса алғанда 9 бөлмеден тұрады. Класс бөлмелері 5, мұғалімдер бөлмесі, канцелерия салынған. Барлық класс бөлмелері 169 шаршы метрді құраған. Мектепте сол уақытта 239 бала оқыған. 454 шаршы метр 5 жатақхана болған, яғни, әр балаға орта есеппен 2 шаршы метрден тиесілі. Жатақхана мен мектептен бөлек, 1 ас бөлмесі, 5 наубайхана, кітапхана, сарай, клуб, астық сақтайтын қойма және монша болған. Ағаш едендер болмаған, пештер қолдан саздан жасалған. Ең бірінші директоры Қарағұл Сұлтанов деген кісі болған.

1934-35 жылдары балалар коммунасының директоры Уразалин деген кісі болған. Сол уақыттағы жасалған актте осы мәліметтер көрсетіліп және мектептің тарлығына, антисанитарияға байланысты 1936 жылдан бастап үлкейту көзделген.

Ал 1932-1933 жылдардағы ашаршылық кезінде осы Қонжар балалар үйін паналаған Шүренге жиен Әбілғазина Қарылға апаның әңгімесі: «1937 жылы әкемді халық жауы деп ұстап кеткен, ол кісі шетауат (есепші) болып жұмыс жасаған. Үйде шешем екеуміз ғана қалдық. Ол уақытта халық жауының отбасына жәрдем беруге болмайды, ешкім бара алмайды. Бір күні түнде бір тумалары келіп, «бүгін түнде қашыңдар, әйтпесе жер аударады» деген. Содан шешем байғұс бірдеңелерді орамалға түйіп, мені дедектетіп алып қашты. Қашып барған жеріміз Темір қаласы екен. Шешем екеуміз көшеде отырмыз, түс ауып кетті, бір мезгілде бір шал жақындап: «әй, балалар, таң атқалы отырсыңдар, қайда барасыңдар, кімге келдіңдер?» — деді. Шешем: «Қонжардың қызымын, төркініме барамын», — деді. Ертеңіне бөшке тиеген өгіз ар бамен жар жол жаяу жүріп, шешем жетектеп балалар үйіне алып барды, ондай үлкен үйді, көп адам көрмеген менде зәре жоқ. Шешемнің етегінен айырылмаймын, ішке бір бөлмеге кірдік, іңір қараңғы болатын төбемде бірдеңе жанып тұр, не екенін түсінбеймін, шешеме тығыла түсемін, шешем кабинеттегі кісіге барлық жағдайды түсіндірді. Ол кісі мұқият тыңдап алып, ерсілі-қарсылы ұзақ жүрді. Ұзақ ойлана келе «нар тәуекел, алайын» деді. Содан мектеп бітіргенше Қонжар балалар үйінде болдым, өлшеммен берер тамағы бар, өлместің күні болды.Төбемдегі жанып тұрған свет, жердегі сықырлауықтың еден екенін кейін білдім. Менің негізгі айтайын дегенім, сол кездегі азаматтардың адамшылығы, жанашырлығы, балалар үйінің директоры бастарына қауіп төніп тұрса да, халық жауының (сол кездегі тілмен айтқанда) қызын қабылдау үлкен ерлік, адамгершілік. Сол уақытта Жаулыбай Адилбеков детдомда нан таратушы болған. Кейін менің нағашым екенін білгенінде маған нанның қалыңдауын береді ғой, — деп есіне алады және сол уақытта Қонжар балалар үйіне қабылдамаса, тірі қаламыз ба, жоқ па белгісіз, — деген екен. Міне, сол кезеңдегі оқиғаның тағы бір дәлелі деп айтуға болады (бұл естелік әңгімені Қарылға апаның өзінен естіген Қалдин Сәндібек Жөкенұлы).

Әрі қарай, архивтен алынған нақты мәліметтерге сәйкес, 1936 жылы 10 ақпанда жазылған актілерге сүйенетін болсақ, Қонжар мектебінде 1939 жылғы тізім бойынша 28 жұмысшы болған. Олардың арасында Ералы Жусупов директор болса, Гайнеш Айдаров завклуб, тәрбиеші болған. Сонымен қатар Нукат Тлеумахамбетов, Жиенғазы Айдаров, Жаймағамбет Ізтлеуов, Әбіл Жұмағазин, Несібелі Ізтлеуовалар бар.

Ал кейін бұл Қонжар мектебінің түлектері өте көп болды, соның ішінен іріктеп алынғандары: Макарім Дәрібайұлы, 1891 жылы туған, халық соты болып қызмет атқарған. Бауеден Дәрібайұлы, 1893 жылы туған. Тоған Қожанұлы, 1896 жылы туған, мұғалім, басқарма қызметтерін атқарған. Нығым Қалдыұлы, 1900 жылы туған, басқарма, ауыл советі, ауданда инструктор болып қызмет еткен, Сайын Балмуханов, 1922 жылы туған, академик, төраға, басшы қызметтерін атқарған. Абдыл Кожимов, 1910 жылы туған, банк саласында қызмет еткен, Ғани Курмангалиев, 1937 жылы туған, біздің өңірдегі алғашқы ұшқыш. Абат Қазыбаев, 1938 жылы туған, кәсіподақ төрағасы болып қызмет еткен. Иманғали Сакауов атамыз осы Қонжар мектебінде директор қызметін атқарған, Темір ауданының атақты адамы, мамандығыорыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі.

Қонжар мектебі туралы тың деректерді зерттеу үшін Орынбор архивіндегі құжаттарды ақтарып, біраз еңбек етіп жүрген Сәндібек Қалдин мен Сырым Балмағанбетов ағаларымыз көптеген мәліметтерді жеткізді және әлі де жинақтау үстінде. Қазақ даласына Ыбырай Алтынсарин мектебінен кейін ұрпағым білім алсын деп алғаш мектеп салғандардың бірі болған Шүрен Бижан атамыздың кім екенін біліп, дәріптеп, қайталанбас тұлға ретінде көрсету — біздің міндетіміз.

P.S. Қазіргі орны, Мұғалжар ауданы, Талдысай елді мекенінің Қонжар жері. Мектеп бұзылып, тарқатылып алынған екен.

Венера ҚАЛДИНА, Ақтөбе қаласы

 

Ұқсас ақпараттар

Наурызда қазақстандықтар қанша күн демалады?

admin_mugalzhar

Қазақстанда алдағы үш күнде ауа райы қандай болады?

admin_mugalzhar

Шілде айында ыстықтан қалай қорғану керек? – Маман кеңесі

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.