Жем қаласында «Батыр боламын» қайырымдылық қоры және жергілікті кәсіпкерлердің, жастардың қолдауымен қайырымдылық спорт залы ашылды.
Салтанатты іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Бекболат Құлмағамбетов, «Батыр боламын» қайырымдылық қорының негізін қалаушы Арман Уахап, қайырымдылық қордың президенті Ернұр Сәбікенұлы, қайырымдылық қордың Ақтөбе облысындағы өкілі Дәулет Есенгелдин және Жем қаласының тұрғындары қатысты.
Бұл спорт зал — шалғай елді-мекендерде, балалар үшін спортқа қолжетімділік деңгейін арттыру мақсатында ашылып отыр.
Спорт залдың ашылуында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Бекболат Қалдыбайұлы тұрғындарды құттықтап, қайырымдылық спорт залдың ашылуына үлестерін қосқан «Батыр боламын» қайырымдылық қоры мен Жем қаласының жанашыр азаматтары мен жастарына алғысын білдірді.
Жем қаласының өміріне жаңа дем беріп, жастар мен оқушылардың спортпен шұғылдануына себепкер болған спорт залда спорттың күрес, волейбол, футбол, теннис сынды түрлерімен тұрақты шұғылдануға болады.