Қандыағаш қаласындағы аудандық мәдениет үйінде бүгін Теміржолшылар күніне орай ұйымдастырылған “Теміржолшы – тарихи оқиға шежіресі” атты салтанатты шара өтті.
Салтанатты жиынға аудан әкімі Дархан Ермағанбетов қатысып, сала мамандарын мерекелерімен құттықтады.
—Теміржол – тек көлік жүйесі ғана емес, бұл – мыңдаған адамның тағдыры, қажырлы еңбегі, бірнеше ұрпақтың табандылығы. Сіздердің күн-түн демей атқарып жүрген жауапты қызметтеріңіз ауданымыздың ғана емес, тұтас ел экономикасының алға басуына тікелей үлес қосып келеді. Осы салада еңбек етіп жүрген әрбір азаматқа шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді аудан басшысы.
Шара барысында темір жол саласын дамытуға сүбелі үлес қосқан, өз ісіне адал, тәжірибелі қызметкерлерге түрлі марапаттар табыс етіліп, саланың алдыңғы қатарлы мамандары ел алдында лайықты құрметке бөленді.
Салтанатты кештің көркін аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әрлеген концерттік бағдарлама ашты. Көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған өнер ұжымдары халық әндері мен патриоттық композицияларды орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.