Биыл Қазақстанда 170 мың тұрғын үй салу жоспарланған. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінде айтылған, — деп жазды KAZINFORM сайтына сілтеме жасаған mugalzhar.kz.
«Биыл еліміздің аумағында барлық қаржыландыру көздері есебінен 18 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 170 мың тұрғын үй салу жоспарланған. Статистикалық деректерге сәйкес 2024 жылдың қаңтар-тамыз айларында 10,5 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 93 658 пәтер пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш былтырғы сәйкес кезеңнің деңгейінен 4,7 пайызға жоғары (2023 жылдың қантар-тамыздағы көлемі 10 млн шаршы метр). Жылдық жоспар 58 пайызға орындалды», — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі көктемдегі су тасқынынан кейін құрылысы жоспарланған тұрғын үйлерді пайдалануға беру мәселесіне қатысты түсінік берді.
Үкімет 2029 жылға дейін Қазақстанда 111 млн шаршы метр тұрғын үй салынатынын жариялады.