Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында өңірлердегі жолдардың жөнделуін бақылау үшін платформа құруды тапсырған еді. Президенттің бұл тапсырмасы алғашқылардың бірі ретінде Ақтөбе облысында жүзеге асты. Өңірдегі автожолдарды жөндеу мен салуды бақылайтын цифрлық платформа іске қосылды, — деп жазды turkystan.kz. сайтына сілтеме жасаған mugalzhar.kz.
BIRGE PROJECT — бірегей жүйе
Ақтөбе облысы алғашқылардың бірі болып BIRGE PROJECT бірегей электронды бақылау жүйесін таныстырды. Бұл жүйе автожолдарды жөндеу мен салудың барлық процесін бақылауға мүмкіндік береді.
Цифрлық платформаның ерекшеліктері туралы BIRGE салалық кластерлер қауымдастығының басқарма төрағасы Арман Евниев айтып берді.
— Бірыңғай платформаның арқасында жобаны әзірлеуден бастап нысанды пайдалануға беруге дейінгі жөндеу жұмыстарының бүкіл процесін бақылауға болады. Оның ішінде нақты уақыт режимінде нысанның өзіне бармай-ақ, жөндеу жұмыстарының барысын онлайн режимінде көре алады. Яғни, мердігер ұйымның республикалық маңызы бар тас жол болсын немесе қаладағы жол бөлігі болсын, жолды қалай жөндеп жатқаны көрсетіледі. Платформада жобаның бюджетімен де танысуға болады, — деп түсіндірді платформаға жауаптылар.
112 жобаның жұмысы
Арман Евниевтің айтуынша, алдағы уақытта жүзеге асырылып жатқан жобаларға қоғамдық бақылауды күшейту үшін депутаттар, партиялар, қоғам қайрат-
керлері, белсенділер, БАҚ өкілдері тартылмақ.
— Қазір Ақтөбе облысында бюджет қаражаты есебінен жүргізілетін жолдарды жөндеу және салуға қатысты 112 жоба іске асырылып жатыр. Олардың барлығы жүйеге енгізілген. Платформаға кіріп, жұмыстың қалай жүріп жатқанын рұқсат етілген азаматтар көре алады. Деректерді жүйеге мердігер ұйымның өкілі енгізеді. Платформада сіз мердігердің өзі туралы ақпаратты, оның қазіргі уақытта қанша жоба жүргізіп жатқанын және жұмысты қаншалықты орындайтынын біле аласыз. Әрбір мердігер ұйымның рейтингін бірден қоюға болады, – деді Арман Евниев.
Қалпына келтірілген ақаулар
Цифрлық платформаға енген жобалардың бірі – биыл қарашада толық пайдалануға берілетін «Ақтөбе-Атырау» тас жолы келесі айда толық қолданысқа беріледі. Қазір жарықтандыру, абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Құрылыстың сапалы, әрі уақытылы жүруін жауапты мамандар жіті бақылап отыр.
Көлік қозғалысы үшін ашылған жолдың игілігін Алға, Мұғалжар, Темір және Байғанин аудандарының тұрғындары қазірдің өзінде көріп отыр. Қатынас едәуір жеңілдеген.
«Ақтөбе-Атырау-Астрахань» тас жолының Ақтөбе облысындағы бөлігі – 326 шақырым. Жоба екі кезең бойынша жүзеге асты. Құны – 113 млрд теңгеге жуық. Жаңғырту жұмыстары барысында жол бөлігінің 75 шақырымы бірінші, ал 251 шақырымы екінші техникалық санатқа ауыстырылып, екі жолағы 9 метрге дейін кеңейтілді.
Анықталған ақаулардың бәрі қалпына келтірілген. Жасалған жұмыс, қолданған материалдардың бәрі техникалық талаптарға сәйкес келеді. Кепілдігі – бес жыл. Бес жыл ішінде қандай да бір ақаулар анықталып жатса, мердігер мекеме ол ақауларды ретке келтіретін болады.
Жосықсыз мердігерлер
Ақтөбеде жол салып жатқан мердігерлер жақында облыс әкімінің сынына ілікті. Олар бұған дейін де аймақ басшысының сынына ұшыраған болатын.
– Тоғыз айдың қорытындысы бойынша жоспарланған жұмыстардың жартысы ғана орындалды. Ал бюджет қаражатын игеру маңызды. Біз қателіктерге жол берген мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік шаралар қолданамыз және жосықсыз мерді-
герлерге де қатысты шаралар қабылдаймыз, – деді А. Шахаров.
Аймақ басшысы өңірдегі автожол жобаларының жүзеге асырылу барысын қарады. Облыс әкімі кейбір жобалардың белгіленген мерзімінен кешігіп жатқанын, бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану және мердігерлердің сапалы жұмысының жеткіліксіздігін сынға алды.
Жедел жауап, белсенді бақылау
Платформаға жауаптылардың айтуынша, қазіргі таңда бұл жүйеге келер жылға жоспарланған жобаларды енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Пайдаланушылар жобаны әзірлеу қай кезеңде іске асырылатынымен танысып, өз пікірлерін айта алады. Цифрлық платформада қазір Ақтөбе облысындағы барлық жобалар туралы мәліметтер көрсетіледі.
Сондай-ақ, құрылыс алаңына барып, жұмыстар туралы толығырақ білу мүмкіндігі бар.
– Халық жол жөндеу жұмыстарының мерзімі мен сапасына қатысты жиі шағым айтады. Осы жүйенің арқасында біз түрлі өтініштерге жедел жауап беретін боламыз, мердігерлердің жұмысын бақылай аламыз және жұмыстарды орындаудағы кешігу мен кемшіліктердің алдын аламыз. Цифрлық платформа процесті белсенді бақылауға және жөндеудің әрбір қадамынан хабардар болуға ықпал етеді, – деген облыс әкімі Асхат Шахаров бақылау жүйесінің артықшылықтарын да атап өтті.
Әзірлеушілердің айтуынша, аталған платформада әкімдер, басқарма басшыларының рейтингі жүргізіледі. Пайдаланушылар басшылықтағы лауазымды тұлғалардың қызметіне баға бере алады.
4440 шақырым жол реттеледі
Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайырдың ақпаратына сүйенсек, жалпы биылға арналған жоспар бойынша 4440 шақырым жолды ретке келтіру жоспарланған. Осы мақсатта бюджеттен 69,5 млрд. теңге бөлінді. Жалпы 186 жоба іске асырылып жатыр. Бұл – облыстық, қалалық, аудандық ауқымдағы жолдар.
Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша 34,2 млрд.теңге игерілді. Бүгінде 491,9 шақырым жолдың негізі салынып, 315,7 шақырымға асфальт төселді.