Қандыағаш қаласындағы қалалық мәдени және демалыс саябақтарға жаңа атау берілді. Бұл туралы аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің мамандары хабарлады.
Саябақтарға ат таңдау барысында бөлім басшысы Сәуле Хамзина аудандық мәслихат сессиясында депутаттарға «Қандыағаш қаласының атауы жоқ құрамдас бөліктеріне атаулар беру туралы» атты жобасын ұсынып, таныстырды. Сонымен бірге қалалық қоғамдық кеңесте және әкімдіктің ресми сайтында қандыағаштықтарға саябақтарға ат таңдауға мүмкіндік берілді. Ақтөбе облысы әкімдігі жанындағы облыстық ономастикалық комиссиясының мәжілісінде мақұлданып, нәтижесінде қала аумағындағы саябақтарға ресми түрде жаңа атау берілген.
-«Тәуелсіздік» даңғылы бойындағы Мұғалжар ауданының әкімдігі ғимаратының алдындағы Ы.Алтынсариннің, А.Құнанбаевтың, үш бидің ескерткіштері орналасқан аумағы 25 938,0 шаршы метрді құрайтын атауы жоқ саябаққа «Мәңгілік Ел» атауы берілді. «Тәуелсіздік» даңғылы бойындағы «Қарлығаш» бөбекжай бала-бақшасының жанындағы Алпамыс батыр ескерткіші орналасқан аумағы 16400,0 шаршы метр болатын саябаққа «Батырлар», Ж.Жабаев көшесінің бойындағы аудандық мәдениет үйінің алдындағы «Анаға тағзым» монументі орналасқан аумағы 16400,0 шаршы метр саябаққа «Анаға тағзым», Ж.Жабаев пен Ө.Қалыбаевтың қиылысындағы жаңадан салынған балалар ойын алаңындағы Жамбыл Жабаевтың ескерткіші орналасқан аумағы 2776,0 шаршы метр саябаққа «Бақыт ты бала», «Тәуелсіздік» даңғылы мен Н.Байғанин көшесінің қиылысында орналасқан аумағы 5110 шаршы метр саябаққа «Жауынгерлер» саябағы деп атаулар берілді, — деді бөлім басшысы Сәуле Хамзина.
Еске сала кетейік, аталған демалыс орындарының іргетасы 2018 жылы қаланған. Тек жазда емес, жылдың барлық мезгілінде тынығуға қолайлы саябақтар қала тұрғындарының негізгі демалыс орнына айналды.
Н.ТІЛЕП