«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

КӨПТІҢ АЛҒЫСЫН АРҚАЛАҒАН САЛАМАТ

Газетіміздегі тұрақты айдарлардың бірі — «Еңбек адамы». Бұл айдар аясында біз түрлі еңбек адамдарын оқырманға таныстырып, еңбек жолын баяндап, жұмыстарын ашып көрсетуге тырысамыз. Бүгінгі кейіпкеріміз де — нағыз еңбек адамы. Аудан орталығындағы «Коммуналшы» мекемесінің аралаушы слесарі Саламат Әмірханов өз жұмысының шебері.

Ол 2010 жылы Ақтөбе қаласындағы Құрылыс және жаңа бизнес колледжінен «Тас қалаушы дизайнер» мамандығын алып шығады.

Оқу бітіргеннен кейін жастардың ең өзекті мәселесі — мамандық бойынша жұмыс табу емес пе?! Мен де қандай жұмыс бар соған кірісіп кеттім. Оқу бітірісімен ауылға қайтпай, Ақтөбеде жүк көлігінің жүргізушісі болдым. Бұл — ең алғашқы жұмысым десем де болады. 2013-2014 жылдары «Анвар», «Дина» дүкендерінің бірінде шағын көтерме саудагер, бірінде сауда алаңын бақылау жұмыстарында болдым,— дейді кейіпкеріміз.

Ал 2014 жылы «Новосел-Строй Сервис» ЖШС-де Мұғалжар ауданының мектебі мен балабақшаларына азық-түлік жеткізуге жауапты маман қызметін атқарған. Содан 2016 жылы Қандыағаш қаласына келіп,  военкоматқа жас маман болып жұмысқа орналасады. Ол жерде сарбаздарды тіркеу, жазу, әскерге шақырту тізімдерін дайындау секілді жұмыстарды атқарған екен.

Ал біз айтқымыз келген салаға ол 2018 жылы келеді. «Коммуналшы» мекемесіне алдымен жүргізуші болып орналасқан ол 2021 жылы жылу жүйесі учаскесіне аралаушы слесарь болып ауысады.

Мен қазір жауапты маманмын, кәсіби тілмен «аралаушы слесарь» деп атайды. Біздің басты жұмысымыз — халықты жылумен қамтамасыз ету. Қандыағаш қаласы бойынша жылу жүйесін үнемі бақылап, бұзылса, немесе су кетсе, жөндеп, қазандықтарды қарап жүреміз. Барлығы дұрыс па, үйлердің барлығына жылу барып тұр ма, қай жерде қандай ақау болып тұр, соның барлығын тексеру біздің мойнымызда, — дейді Саламат Сәрсенбайұлы.

«Халыққа пайдам тисе екен» деген ниетте жүрген кейіпкеріміздің жұмысының өз қиындығы да бар. Күн-түн демей, кез келген уақытта шақырту түссе, жүгіре жөнеледі.

Әрине, жұмыстың оңайы жоқ, әр жұмыстың өз қиындығы болады. Біздің жұмыс та солай. Түнгі сағат 2-3-те де «жылу жөннен шықты» деген шақыртулар көптеп түсіп жатады, сол себепті ұялы телефонымызды ешқашан дыбыссыз режимге қоймаймыз. Кез келген шақыртуға тез арада жетуге тырысамыз. Ең бастысы, тұрғындарға көмегім тисе, қуанамын. Әсірелеп айту болып естілер, десе де халық үшін әрдайым еңбек етуге дайынмын, — дейді ол.

Оның жұмысы үнемі жауапкершілікті, икемділікті және табандылықты талап етеді. Себебі жылу жүйесі — өте күрделі жүйе. Содан болар бұл салаға қызығушылар да көп емес. Десе де дәл осы жұмысты таңдағысы келетін жастарға кейіпкеріміз ең бірінші ұжымда мендікке салынбай, ауызбіршілік пен ұйымшылдыққа икемделу керек екенін жеткізді. Өйткені істен шыққан құрылғыларды аз уақытта сапалы жөндеп, қатарға қосу – ұжыммен бітетін жұмыс. Қасыңдағы адамға сенімнің болуы — маңызды.

-Адамға керек тағы бір қасиет — адалдық деп білемін. Әрбір маман өз ісін үлкен-кішілігіне қарамай, жауапкершілікпен атқарып, адалдық пен әділдікті ту етсе, сол кезде ғана еліміз дамиды, — дейді Саламат Әмірханов.

Ол жасайтын жылу жүйесі учаскесінде талап мықты. Себебі екінің бірі жасай беретін жұмыстардың қатарынан емес.

Біз құбырлармен жұмыс жасаймыз. Қазір жылу беру маусымы. Яғни, ыссы сумен жұмыс жасаймыз деген сөз. Егер бір жерден ақау шығып, ыссы су кетсе, оны тоқтату және қалыпқа келтіру өте қауіпті. Күйіп қалу, құлап қалу, жарақат алу секілді оқиғалар орын алады. Міне, осы кезде қауіпсіздік ережелерін жатқа біліп, оны сақтай білу — біздің басты міндетіміз. Осы жерде өте дәлдікті қажет ететіндіктен қателесуге болмайды. Десе де, қиындығы мен күрделілігіне қарамастан, осы жұмысқа келгеніме еш өкінбеймін. Көп нәрсені үйрендім, тәжірибе жинадым, — дейді мекеменің жауапты маманы.

Оның осы салаға келгеніне көп уақыт өте қоймаса да, жұмысында біраз жетістіктерге қол жеткізіп үлгерген. Айта кетсек, 2023 жылы қаланың коммуналдық саласының қалыпты жұмыс жасауына өзіндік үлесін қосып жүргені үшін Алғыс хат, 2023 жылы «Mugaljar awards-2023» премиясынан «Үздік жас жұмысшы» номинациясын, биыл аудан әкімі Дархан Ермағанбетовтың қолынан мезгіл мен ауа райы жағдайларына қарамастан қызметке адалдық танытып, қарсы келген қиындықты ерлікпен еңсергені үшін Алғыс хат алған.

Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

АУЫЛ ЖОЛДАРЫНА АСФАЛЬТ ТӨСЕЛУДЕ

admin_mugalzhar

АЭС – келешектің ұтымды жобасы

admin_mugalzhar

КЕРУЕНДІК ТУРИЗМ КӨЛІКТЕРІ ҚАНДЫАҒАШҚА КЕЛЕДІ

admin_mugalzhar

1 Пікір

Көрші 02.11.2024 at 21:39

Сәттілік

Жауап

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.