БҮГІНДЕ БАУЫР ЕТІ БАЛАЛАРЫМЫЗДЫҢ АРАСЫНДА АТЫ БЕЙТАНЫС, ЗАТЫ ҚОРҚЫНЫШТЫ АУРУДЫҢ ТҮРІ КӨБЕЙДІ. ӨМІРГЕ ЖАҢА КЕЛГЕН СӘБИДІҢ ӨЗІ БІР БАСЫНА БІРНЕШЕ ДЕРТТІ АРҚАЛАП ТУУЫ ДА БЕК МҮМКІН. ӘСІРЕСЕ, БАЛАЛАР АРАСЫНДА ҚАЗІР КӨП ҚОЙЫЛАТЫН ДИАГНОЗДЫҢ БІРІ – «БАССҮЙЕК ҚЫСЫМЫ» ДИАГНОЗЫ. БҮГІНГІНІҢ АУРУЫНА АЙНАЛҒАН БҰЛ ДЕРТ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ ЖАЛПЫ? АЛДЫН АЛУ ҮШІН НЕ ІСТЕМЕК КЕРЕК? ЕМІ ҚАНДАЙ? ОСЫ СҰРАҚТАРҒА ЖАУАП ІЗДЕП, АУДАНДЫҚ АУРУХАНАҒА АРНАЙЫ БАРЫП, ДӘРІГЕРЛЕРМЕН ТІЛДЕСІП ҚАЙТТЫҚ. СОНЫМЕН…
Бірнеше сұрақты алдыға тартқан бізге аурухана басшылығы «Балалар аймақтық бөліміне» қарай жол сілтеді. Сол бөлім меңгерушісі Зоя Еркінова біраз нәрсенің басын ашып берді.
— Бұл ауру көп жағдайда аналардың жүктілік кезінде ашу-ызаға қатты беріліп, беймаза күй кешсе, қаны аз болса, тұмау тиіп дәрі қолданса, инфекциялық аурулармен ауырса, пайда болады. Сондықтан жүктілік кезінде аса сақ болып, күтініп, дәрігердің нұсқауынсыз ешқандай дәрі ішуге болмайды. Нәрестелерді, балаларды түрлі нейроинфекциялардан сақтау керек. Жүкті әйелдерді және нәрестелерді скринингтік ультра-дыбыстық зерттеуден өткізу қажет, — деп сөзін бастады Зоя Бегалықызы.
Дәрігердің айтуынша, аурудың бастапқы белгілері баланың бойынан бірден көрініп тұрады. Егер бала мазасызданып жиі жылайтын болса, жылаған кезде иегі мен қол-аяқтары дірілдесе және еріндері көгерсе, жиі құсатын болса, онда балада орталық — жүйке жүйесінің перинатальдық зақымдалуы болуы бек мүмкін екен. Мұндай жағдайда ай сайынғы тексеріс барысында дәрігер белгілерін анықтағаннан кейін баланы невропатолог дәрігерге жібереді.
— Бала 1 айынан бастап бізден медициналық тексерістен өтеді. Жергілікті учаскелік дәрігер баланың басын, бойын, салмағын, ұйқысын, жалпы даму барысын жан-жақты тексереді. Егер анадан балаға қатысты қандай да бір шағымдар болса, ол шағымдары осы аталған аурудың жоғарыда айтылған алғашқы белгілеріне дөп келетін болса, онда міндетті түрде невропатологқа және басын арнайы УЗИ аппаратына түсіруге жібереміз. Ол жерде бәрі анық көрінеді. Сол бойынша невропатолог арнайы ем шарасын жүргізеді, — дейді ол.
Сұхбат барысында кабинетке келген балалар дәрігері Мария Достанова да осы дертке қатысты өз пікірін қосты.
—Мұндай науқаспен туылған балаларға жоғары күтім қажет. Оларды көп жылатуға, секіртіп, шайқауға болмайды. Мұндайда баланың миы бос болғандықтан, ми жарақатын алуы мүмкін. Ол баланы дәрігерге уақытылы көрсетіп отыру керек. Дәрігердің айтуынша, қазір аталған ауру балалар арасында жиі кездеседі. Бұның басты себебі — қоршаған ортаның қолайсыздығы, жүктілік кезіндегі күтінбеуінде. Өмірге келетін балалар құрсақта жатқан кезден ақ түрлі келеңсіздіктерге тап болады. Жүктілік уақытында отбасындағы атмосферадан бастап, тамақтануына дейін дұрыс болғанда ғана дені сау ұрпақ туылады. Әрине, аурудың мұнан өзге де бірнеше себептері бар. Дені сау ұрпақтың өмірге келуі ата-анаға тікелей байланысты. Әйел жүктілік кезеңнен бастап, бала өмірге келгеннен кейін де оның әрбір қадамына жауапкершілікпен қарайтын болса, емін уақытылы қабылдап отырса, ауруды түбегейлі жоюға болады, — деді Мария Мінбайқызы.
Дәрігерлердің сөзіне сүйене отырып, бұдан кейін біз аталған диагнозбен ауыратын балалармен тығыз жұмыс жасайтын невропатолог дәрігердің кабинетіне де бас сұқтық.
—Бас сүйек қысымын «гипертензия» деп те атайды. Бұл — бас сүйегінің шектеулі кеңістігінде ми-жұлын сұйықтығы немесе қан қысымының жоғарылауымен сипатталатын жағдай. Заманауи медицинадағы диагностикалық шаралардың кеңеюінің арқасында балаларда осы аурумен сырқаттанушы балалар саны күрт өскені анықталып отыр. Жаңа туылған нәрестелердегі интракраниальды қысымның қалыпты деңгейі 2-6 мм аралығында болады. Егде жастағы балаларда — 3-7 мм, ал бала өсіп келе жатқанда, оның көрсеткіштері де артады және ересек жаста олар 7-15 мм көрсетеді. Егер сандар әлдеқайда жоғары болса, онда баланың бассүйекішілік қысымы жоғарылағанын айта аламыз, бірақ бұл балалардағы бас сүйегінің анатомиялық ерекшеліктеріне байланысты салыстырмалы тұжырымдама ғана. Егер басқа белгілер болмаса, олар қалыпты дегенді білдіреді, — дейді невропатолог Ағиба Кереева.
Тарқата айтсақ, ауру белгілері бір жастан асқан балалар мен жасөспірімдерде ерекшеленеді. Себебі нәрестелерде басында еңбегі болғандықтан бас сүйегінің үлкеюі байқалады. Ал ересек балаларда еңбектің болмауына байланысты басының өсуі болмайды. Жалпы негізгі ортақ белгі — бас ауруы, балалардың 92%- ы осы бас ауруымен шағымданады екен. Сол себепті дәрігер ата-аналарға балаларында жиі құсу, жүрек айну, сананың бұзылуы, ашуланшақтық, агрессия, ойыншық пен ойындарға қызығушылықтың жоғалуы, бас айналу, құрысулар, көзінің көруі төмендеп, көз алдында дақтар пайда болса, осы аурудың салдары болуы мүмкін екенін айтты.
Интракраниальды қы-сымның жоғарылауы өте қауіпті жағдай. Егер ауру дер кезінде емделмей, ұзаққа созылып кетсе, кішкентай науқастың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіреді. Оның салдарынан психика бұ-зылады, көру, есте сақтау қабілеттері күрт төмендеуі мүмкін, сондай-ақ тыныс алу, жүрек және қан тамырларының бұзылуына әкеп соғады, баланың ақыл-ойы дамымай, артта қалады, — дейді невропатолог.
Сонымен балалар дәрігерлерінің дегендеріне ден қойсақ, дені сау ата-анадан, дені сау баланың өмірге келетіні айдан анық. Яғни, егер болашақ әкелер мен аналар алдымен өздерінің денсаулықтарына мән артып, күтінетін болса, болашақ сәбиінде де бәрі жақсы болуы мүмкіндігі жоғарылайды. Сол себепті тақырып аясында біз ата-аналарды да әңгімеге тарттық…
Айгерім МҰХИТОВА, Қандыағаш қаласының тұрғыны:
—Менің алғашқы сәбиіме 1 айлығында осы диагноз қойылды. Өзім жаңа ана болған сәтім, алғашқы сәбиім болғандықтан, қатты қорықтым. Барлық интернетті ақтарып, емін дұрыс алса, кететінін білдім. Солай учаскелік дәрігерімнің және невропатологтың айтуымен барлығын орындап, толыққанды емін алдым. Қазір қызым 5 жаста. Ешқандай есепте тұрған жоқпыз. Дәрігерлерге алғысым шексіз.
Жеңісбек ИХСАНҒАЛИЕВ, Ембі қаласының тұрғыны:
-Менің ұлыма осы диагноз қойылғанын келіншегім айтқанда, өзім де, оның да мән бермеуін талап еттім. Бірақ уақыт өте келе балам тынымсызданып, түнімен жылап, ұйықтамайтынды шығарды. Ауруханаға апарғанымызда тағы да сол диагноздың белгілеріне келетіндігін айтып, УЗИ аппаратына түсіруге жіберді. Ақырында дәрігерлердің айтқаны дөп келіп, сол диагноз анықталды. Бүгінде қажет деген дәрілерін, барлық ем-шарасын алудамыз. Түсінгенім, балаға бей-жай қарамау керек, дертіне ертеден мән беріп, емді бастау қажет екен.
Жұлдыз ӘУЕЛХАНОВА, Қандыағаш қаласының тұрғыны:
-Менің 4 ұлыма да осы диагноз қойылды. Барлығы өзімнен деп ойлаймын. Себебі күтінбейміз, уақытылы дәрі, витаминдерді ішіп те жарытпаймыз. Жұмыс, жұмыс деп шапқылаумен боламыз. Бала өмірге келгеннен кейін ғана дерттерін біліп, өкінетіміз бар. Бірақ балаға келгенде жанымызды қоярға жер таппай, бірден еміне кірісіп кетемін. Жасқа жетпей бірден аурудан толыққанды жазылып боламыз.
БАС ҚЫСЫМЫНЫҢ КӨТЕРІЛУ СЕБЕПТЕРІ:
- Мидағы ісік. Ісік белгілері пайда бола бастағанда, мидыңжұмысы бұзылады. Соның салдарынан бастағы қан айналымы бұзылады, ми сұйығы шамадан тыс көбейеді.
- Мида туа пайда болған су. Бұл босану кезіндегі зақымның салдарынан пайда болады.
- Баспенмидағыжарақат. Мұндайжарақатқаұшырауға бас сүйекке тиген соққы әсер етеді. Соның салдарынан мида ісік түзіледі. Сырт көзге біліне бермейтін осы ісіктің салдарынан бас қысымы көтеріледі. Зақым миға шапқан жағдайда ісік бұрынғыдан бетер ұлғая түседі. Мұндайда миға қан құйылып кетуі әбден мүмкін.
- Энцефалит, менингит секілді басқа, миға қатысты кеселдер. Осы инфекциялық сырқаттардың салдарынан мида қабыну пайда болады, қысым көтеріледі.
- Жүректің, өкпенің аурулары, тамырдағы түйнектер, бастағы жарақат та бас ішіндегі қысымның көтерілуіне әсер етеді. Өйткені мұндай жағдайда көктамырдың бойымен қанның жүруі нашарлайды. Бұл миға тасымалданатын оттегіні тежейді. Осылайша бас қысымының көтерілуіне себеп болады.
Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ