23 СӘУІР – ҰЛТТЫҚ КІТАП КҮНІ АЯСЫНДА ЖҰРЫН АУЫЛДЫҚ МОДЕЛЬДІ КІТАПХАНАСЫНДА МАЗМҰНЫ ТЕРЕҢ, ТӘРБИЕЛІК МӘНІ ЗОР «ӨЛКЕ ЖАНАШЫРЫ – ЕЛ МАҚТАНЫШЫ» АТТЫ ТАРИХИ-МӘДЕНИ КЕЗДЕСУ КЕШІ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ. БҰЛ ШАРА КІТАП ПЕН РУХАНИЯТТЫҢ ҚАДІРІН АРТТЫРЫП, ЕЛГЕ ЕҢБЕГІ СІҢГЕН ТҰЛҒАЛАРДЫҢ ӨМІР ЖОЛЫН ЖАС ҰРПАҚҚА ҮЛГІ ЕТУ МАҚСАТЫНДА ӨТКІЗІЛДІ.
Кештің басты қонағы – саналы ғұмырын ел қызметіне арнап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан, қоғамдық өмірде белсенділігімен танылған ардақты азамат Аманкелді Шунимов болды. Оның өмір жолы – табандылық пен адал еңбектің, елге деген шынайы қызметтің жарқын көрінісі ретінде көпші-лікке таныстырылды. Шара барысында қонақтың балалық шағынан бастап, еңбек жолындағы маңызды кезеңдері, мемлекеттік қызметтегі жауапты міндеттері мен жетістіктері кеңінен әңгімеленді. Оның әрбір жеткен белесі – туған жерге деген сүйіспеншілік пен ел мүддесіне адал қызмет етудің нәтижесі екені ерекше атап өтілді. Кездесу кеші еркін форматта өтіп, Аманкелді Қалиұлы жастармен ашық сұхбат құрды. Ол өз сөзінде өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, адал еңбек етудің, білім мен ізденістің маңызын, сондайақ туған жерге қызмет етудің – әр азаматтың қасиетті борышы екенін ерекше атап өтті.
Оның жүрекке жеткен тағылымды ойлары жас буынға үлкен әсер қалдырды. Кеш барысында жастар көкейлеріндегі сауалдарын қойып, еркін пікір алмасуға мүмкіндік алды. Қонақтың әрбір жауабы өмірлік тәжірибемен сабақтасып, жастарды ойландырған мазмұнды әңгімеге ұласты. Бұл кездесу қатысушылар үшін тек ақпарат алмасу алаңы ғана емес, рухани серпіліс сыйлаған тағылымды сәт болды. Шара барысында кітапхана ұжымы да кітап оқудың маңызына, рухани дамудың қоғамдағы орнына тоқталып, кітаптың адам өміріндегі рөліне ерекше назар аударды. Кітап – білімнің кілті, руханияттың темірқазығы екені тағы бір мәрте атап өтілді. Кештің түйіні – туған өлкенің дамуына үлес қосқан азаматтардың өнегелі өмірін насихаттау, ел тарихына құрметпен қарау, кітап пен білімге деген сүйіспеншілікті арттыру және жас ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеу болды.

