«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Фарида КУЖАТОВА: МҰҒАЛІМ МАМАНДЫҒЫН ТАҢДАҒАНЫМА ӨКІНГЕН ЕМЕСПІН

БАЛАНЫҢ ТАЛАНТЫН ҰШТАП, ТАЛАБЫН ШЫҢДАУ ОҢАЙ ЖҰМЫС ЕМЕС. ОЛ ҮШІН СҮЙІСПЕНШІЛІК ПЕН ЕҢБЕКҚОРЛЫҚ ҚАЖЕТ. ОСЫ ОРАЙДА КӘСІБИ ҚҰЗЫРЕТІН СӘТ САЙЫН ДАМЫТЫП, ӨЗ ІСІН АБЫРОЙМЕН АТҚАРЫП ЖҮРГЕН МҰҒАЛІМДЕР АЗ ЕМЕС. СОНЫҢ БІРІ ӘРІ БІРЕГЕЙІ — ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ РУХАНИ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ДАМУЫ ЖОЛЫНДА ҚОЛ ЖЕТКЕН ТАБЫСТАРЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ГҮЛДЕНУІНЕ ҚОСҚАН ЗОР ҮЛЕСІ ҮШІН ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІНІҢ ҚҰРМЕТ ГРАМОТАСЫМЕН МАРАПАТТАЛҒАН ФАРИДА КУЖАТОВА.

Ең алғашқы еңбек жолын өзінің туған жері Атырау облысында бастаған ол 1984 жылы аудандық білім бөлімінің жолдамасымен Лабай сегізжылдық мектебіне бастауыш класс мұғалімі болып орналасады. Кейін 1986 жылы Қандыағаш қаласының жігітіне тұрмысқа шығып, содан бері осында тұрып, еңбек етіп келеді.

Мен өзім Атырау облысы Құрманғазы ауданы, Сүйіндік совхозында дүниеге келдім. Сол жақта Сүйіндік орта мектебінің 10-класын бітіріп, Гурьев (қазіргі Атырау облысы) педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, «Жалпы білім беретін мектептің бастауыш класын оқыту» мамандығы бойынша бітірдім. Қандыағашқа қоныс аударғаннан кейін 1988 жылы №3 мектеп-гимназиясына бастауыш қласс мұғалімі болып жұмысқа орналастым, — дейді Фарида ұстаз.

1991 жылы Қандыағаш қаласында №4 орта мектебінің ашылуына орай тұрғылықты мекен жайына байланысты қазақ кластары осы аталған мектепке көшіріледі. Содан бері кейіпкеріміз де аталмыш білім ордасында үздіксіз еңбек етіп келеді. Осы аралықта білімін шыңдап, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын да алып шығады. 1998 жылдан бастап қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп келеді. 2011-2017 жылдар аралығында оқу-тәрбие ісінің орынбасары қызметін де атқарған.

Ұстаздық — дара жол, даңғыл жол. Бұл жол табандылықты, қажырлы еңбек пен үнемі ізденімпаздықты талап етеді. Ұстаз болуды бала кезімнен армандадым. Әкем совхоз директоры болды, анам бала бақшада жұмыс жасады. Отбасында 6 қыз, 1 ұлмыз. Өзімнен үлкен апам қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді, қазіргі кезде еңбек демалысында. Өзімнен кейінгі сіңлім де бастауыш класс мұғалімі, — деп әңгімесін жалғастырды ол.

Ұстаздық жолы 1986 жылдан бастау алған оның ұстанымы – үнемі жаңалыққа ұмтылып, әр оқушының бойынан жақсылық тауып, бұлақтың көзін ашу арқылы биік мақсаттарға жетелеу. «Жақсы ұстаз – бұл қай кезде де ең алдымен кәсіби деңгейі жоғары, интеллектуалдық шығармашылық қабілеті мол тұлға» дегенді ұстанатын кейіпкеріміздің шәкірттері бүгінде әр саланың мамандары атанды.

Кейіпкеріміздің де, оның шәкірттерінің де жетістіктері аз емес. Қазақстан Республикасының Оқу-Ағарту министрінің Құрмет грамотасымен, облыстық және аудандық деңгейдегі Алғыс хаттармен марапатталған. Ал шәкірттері үнемі байқау, олимпиадаларда жүлдесіз қалмаған. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың алдынғы қатарларында. Шәкірттерінің жетістіктерін тізбектеп жазсақ, таусылар емес.

Қазіргі таңда оқушыларға бар ақпаратты жеткізе білудің өзі өнер. Ол үшін әрдайым ізденіс үстінде болу керек. Сонда ғана заман талабына сай білікті де, білімді азаматтарды тәрбиелеп шығуға болады. Бүгінгі заманауи сабақты жаңа әдіс-тәсілдермен технологияларсыз елестету мүмкін емес, сонды қтан істәжірибемде әр оқушының өз бетінше жұмыс жасау қабілетін дамыту, жетілдіру жолдарын ескеремін, — дейді жұмысының да қыр-сырымен бөлісіп.

Мен мұғалім мамандығын таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін. Қайтадан мамандық таңдау керек болса, мен тек мұғалім болар едім. Мен де оқушы болдым. Үлгі тұтарлық ұстаздарым көп болды. Сол ұстаздарымның берген білімі мен тәрбиесі қазір өзіме көмектесіп жатыр. Олар осы білім саласының ең мықты мамандары десем, артық айтпағаным болар. Олар ұстаздық мансабымның шыңдалуына көп септіктерін тигізді. Бұрынғыдай оқимын деген бала оқиды, оқығысы келмейтін бала оқымайды. Десе де балалардың білімін арттыру мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, олардың білім алуға қызығушылығын арттыру мақсатында жұмыс істеп келеміз. Заман талабына сай ұстаз да, бала да өзгеруі керек. Себебі әр кезеңнің өзгешелігі болатыны хақ, — деп сөзін аяқтады Фарида Кужатова.

Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

Ел экономикасы 3,4 пайызға өсті – Тоқаев

admin_mugalzhar

Қатты жаңбыр және аптап ыстық – алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамы

admin_mugalzhar

ЖЕҢІС ПЕН ЖАНДОС АЗИЯ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.