«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ: ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРҒА ЕРЕКШЕ ҚАМҚОРЛЫҚ

Бүгінде елде ерекше назар аударуды қажет ететін ерекше балалардың саны көбейген. Ресми деректерге сүйенсек, соңғы 3 жылда мүгедектігі бар балалардың саны 11 пайызға өскен. Әсіресе, балаларда көп кездесетін ауру түрлері — жүйке жүйесінің аурулары, туа біткен ақаулар және психиканың бұзылуы. Осындай диагноз қойылған балалар саны біздің ауданда да көбеймесе, азаймай тұр. Аудандық білім бөлімі мамандарының берген мәліметіне көз жүгіртсек, ауданда ерекше білім беруді қажет ететін 300-ге жуық бала бар. Олардың 50-ден астамы мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиеленуде. Осы орайда «Ерекше балалар тиісті деңгейде білім алып жүр ме? Оларға қандай жағдай жасалған?» деген заңды сұрақ туары сөзсіз. Бұл туралы бүгінгі мақаламызда тарқатамыз. Сонымен…

АУДАН МЕКТЕПТЕРІНДЕ 257 ЕРЕКШЕ БАЛА ОҚИДЫ

Инклюзивті білім беру туралы ереже 2006 жылғы 13 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясымен мақұлданған «Мүгедектердің құқықтары туралы» БҰҰ конвенциясына енгізілген. Инклюзивті білім берудің негізгі мақсаты — даму мүмкіндігі шектеулі балаларды қалыпты балалармен бірге оқыту және білім беру. Аталған бағдарлама аясында білім ордаларының жанынан инклюзивті білім беру және оларды қолдау кабинеттері жасақталуда. Аудандық білім бөлімінің әдiстемелiк кабинетінің меңгерушісі Медет Шарипов инклюзивті кабинеттер Қандыағаш қаласы бойынша №2, 3, 4 және Ембі қаласындағы №2, 4 орта мектептерде барын айтты.

Соңғы жылдары денсаулығында түрлі ақаулары бар ерекше балалардың саны артып жатқаны жасырын емес. Бұл еліміз үшін де үлкен мәселе болып отыр. Бүгінде ерекше балаларды қай жағынан болмасын қолдауға бағыт — талған түрлі бағдарламалар қабылдануда. Қазіргі таңда ауданның білім беру ұйымдарында жалпы саны 257 бала қалыпты деңгейдегі балалармен білім алуда. Жалпы білім беретін мектептерде оқитын 210 баланың 140-ы инклюзивті кабинеттерде, 42- сі үйден, 28-і коррекциялық сыныптарда оқиды. Ал мектепке дейінгі ұйымдарда 47 бала тәрбиеленуде. Олардың – 10-ы мектепалды даярлық топтарында, 37-сі бөбекжай бақшаларда, — деді Медет Шарипов.

Оның сөзінше, бүгінде жоғарыда аталған мектептердің барлығына қажетті жағдайлар жасалып, жас ерекшелігіне сай көрнекілік құралдармен қамтылған. Инклюзивті кабинеттерде балалардың тынығу бұрышы, логопед, дефектолог мамандардың да бұрыштары қарастырылған.

Психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссиясының қорытындысы бойынша, ауданда 9 логопед, 6 дефектолог, 2 педагог-ассистент қызмет атқаруда. Олар ПМПК-ның қорытындысы бойынша тағайындалған бағдарламалар негізінде жұмыс жасайды. Яғни, ерекше балаларды ортаға бейімдеп, ерекше қамқорлық көрсетеді. Осы орайда ауданда бұл мамандық иелерінің әлі де жетіспейтінін айтқым келеді. Облыстық білім басқармасына арнайы мамандар бойынша штат бірлігін сұрап, сұраныс хаттар жазылды, — деді Медет Жалғасұлы.

МАҚСАТ – БАЛАНЫ ОРТАҒА БЕЙІМДЕУ

Біз, газет журналистері, инклюзивті қолдау кабинетімен жасақталған аудан орталығындағы мектептердің бірі — №3 Қандыағаш қалалық мектеп-гимназиясына бардық. Ол жерді көзбен көріп, балалардың жағдайын біліп, арнайы мамандармен де тілдестік. Мамандар бұл жерде тәрбиеленетін балалардың денсаулығындағы ең түйіткілді мәселе – тілдің кеш шығуы, психикалық дамудың кешігуі, ақыл-ойдың баяу дамуы екенін айтты. Сондай-ақ, эмоционалды-ерікті санасы бұзылған балалар да бар екен.

Арнайы жасақталған кабинетке балалардың қол моторикасын дамытуға арналған түрлі құрылғылар, ойын тақтайшалар, күнделікті өмірде қажет ететін бұйымдармен жұмыс жасауға арналған құралдар, табан жаттығуларына арналған арнайы жолдар, тірек қимылы бұзылған балалар үшін арнайы арба, құм терапиясына арналған жабдықтар қойылыпты. Мектеп директоры Данагүл Ибрашева бұл кабинет «Қазақстан халқына» ұлттық қоры бөлген қаржы негізінде жасақталғанын жеткізді. Аталған қор 250 млн теңге көлемінде мектепке қаржы бөліп, мектеп-гимназиясындағы барлық кабинеттерді қажетті құралмен қамтыған.

Біздің мектебіміз өткен оқу жылында «Қазақстан халқына» қоры және білім саласындағы тұрақты дамыту қоры жобасына енді. Соның нәтижесінде мектебіміздің техникалық базасы жаңартылып, түрлі пән кабинеттерімен қатар, жиһаздар алынды. Сонымен бірге өздеріңіз көріп тұрған осы инклюзивті кабинет те жасақталды. Бұл жерде балаларды дамытып, ортаға бейімдеу үшін барлық жағдай жасалған. Жалпы инклюзивті білім берудің негізгі мақсаты — даму мүмкіндігі шектеулі балаларды қалыпты балалармен бірге оқыту және білім беру. Соған сай психолог, дефектолог мамандар балалармен тығыз байланыста жұмыс жасап, қызмет атқаруда, — деді Дана Дулатқызы.

Оның сөзінше, ерекше білімді қажет ететін балалар мектепке ПМПК-ның қорытындысы бойынша шыққан арнайы анықтамамен келеді. Мамандар баланың анықтамада көрсетілген диагнозына байланысты оқу бағдарламаларымен жұмыс жасайды.

Әр баланың диагнозына байланысты оқу жүктемелері жасалады, яғни бала қандай сабақтар оқуы керек, оны қалай өту қажеттігі белгіленеді. Егер қосымша мамандар қажет болса, оларды да сағат бойынша бөліп береміз. Осылайша әр баланың сабақты игеруіне жағдай жасалады. Олар қалыпты сыныпта отырады, мектептің қалыпты оқушысы ретінде саналады. Себебі ерекше балалар барлық баламен бірге жүріп, ортаға бейімделуі керек, — деді ол.

Ерекше балалармен жұмыс жасайтын дефектолог-маман Сандуғаш Иманалина инклюзивті білім берудің негізгі принциптеріне тоқталып, инклюзивті бағыт арқылы мүгедектігі бар балаларды оқуда жетістікке жеткізіп, жақсы өмір сүру мүмкіндігін қалыптастыру қажеттігін жеткізді.

Бүгінде біздің мектепте ерекше білім беруді қажет ететін 27 оқушы бар. Біз, мамандар, балалармен жеке-жеке жұмыс жасаймыз. Осы кабинет ішіндегі барлық құралдар олардың дамуына үлкен мүмкіндік береді. Жалпы ақыл-есі тежелген балалармен жұмыс жасаудың алғашқы баспалдағы — қол моторикасын дамыту. Қол моторикасын дамытуға арналған жаттығуларды жасау арқылы баланың миын, ойлау қабілетін дамытамыз. Айталық, құм терапиясы балалардың тынышталып, ойын бір жерге қалыптастыруда үлкен көмегін тигізеді. Сондай-ақ осы жерде ұйымдастырылған театр арқылы балаларға түсінік қалыптастырып, түрлі мамандықтарды бейнелейтін кейіпкерлер арқылы болашақта кім болатынына бағдар беріп, армандау, аяушылық, қамқорлық секілді сезімдерін оятуға тырысамыз, — деді дефектолог Сандуғаш Ерсайынқызы.

Ұзақ уақыт бастауыш сыныпқа сабақ беріп, дефектолог мамандығын қатар меңгерген ол соңғы жылдары мектеп табалдырығын аттаған балалардың арасында ерекше балалардың көбейгенін тілге тиек етті.

Мен ұзақ уақыт балалармен жұмыс жасап келемін. Бірақ соңғы үш жылда осындай диагнозбен келетін балалардың қатары көбейгенін анық байқаймын. Біздің мектептің өзінде жыл сайын 4-5 баладан қосылып отырады. Бұндай балалардың көбеюіне кейбір ата-аналардың балаларына жауапкершіліксіз қарауы себеп. Олар шектеу қоймай, ұялы телефондарды пайдалануға береді. Балаларымен сөйлесіп, ортақ мәміле жасаймайды. Ал бұның соңы айналып барып, ақыл-ойдың тежелуіне, тіл мүкістігіне, цифрлы аутизмге алып келуде. Балалары ауыратын ата-аналардың ішінде баласының сырқат екенін мойындамайтындар көп. Тілінің шықпауын «әкесі кеш сөйлеген», зер салып, зейін қоймауын «тентектік» деп аса мән бермейді. Ал бұндай жағдайда баланың ортаға қалыптасуы өте баяу жүреді. Ата-ана бірлесіп жұмыс жасаған жағдайда балалардың сауығып кетуі тез болады. Біздің кабинетте мамандардың жүргізген жұмысының арқасында көптеген балалар жазылып, жақсы нәтиже көрсетуде. Бұл бізге үлкен қуаныш сыйлайды, — деді Сандуғаш Иманалина.

Ал психолог маман Жұлдыз Ахметбекова инклюзивті білім беруде педагог-психологтің рөлі зор екенін жеткізді. Оның айтуынша, мектепте ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмыс істеу үшін міндетті түрде психологиялық-педагогикалық қызмет қажет.

Психологтің міндеті — балаларды дамыту немесе түзету ғана емес, педагогтермен және атааналармен жалпы тәсілдерді, баламен жұмыстың бірыңғай стратегиясын әзірлеу кезіне тұрақты ынтымақтастық қалыптастыру. Баламен де, ата-анамен де тығыз байланыста боламыз. Ерекше білімді қажет ететін ерекше балалардың көпшілігінде сананың тұрақсыздығы, өзгеге назар аудармау секілді әрекеттер байқалады. Біз балалардың ыңғайына қарап, түрлі әдістер қолданамыз. Олармен әңгімелесіп, жеке психологиялық консультациялар жасап, психологиялық көмек көрсетіп, рөлдік ойындар ойнап, тренингтік жаттығулар жасаймыз. Бұл әдістерді пайдалану үшін біз алдымен баланың назарын өзімізге аудара білуіміз керек. Сонда ғана балаға бір нәрсе үйретуге мүмкіндік туады. Бұл жерде ата-ананың рөлі ерекше болуы керек. Олар да үй жағдайында балаларымен тұрақты жұмыстанғаны абзал, — деді психолог Жұлдыз Ахметбекова.

ДЕФЕКТОЛОГ — БАЛАНЫҢ ТАНЫМДЫҚ СФЕРАСЫН ДАМЫТАДЫ

Инклюзивті қолдау кабинетімен жасақталған мектептердің бірі — Ембі қаласындағы №2 орта мектеп. Бүгінде бұл мектепте 10 инклюзив бала білім алуда. Бұл ақпаратты мектеп дефектологі Жамила Өмірбаева айтты. Оның сөзінше, аталған қолдау кабинеті 2020 жылы толықтай жасақталып, пайдалануға берілген.

Инклюзивті білім беру — балаларға қатысты кез келген кемсітушілікті жоққа шығаратын, барлық адамдарға бірдей қарым-қатынасты қамтамасыз ететін, бірақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға ерекше жағдай жасайтын идеологияға негізделген. Бүгінде мектебімізде білім алатын ерекше балаларды дамытуға толықтай мүмкіндіктер жасалған. Инклюзивті кабинетте барлық құрал-жабдықтар бар. Біз ерекше балалармен аптасына екі мәрте қазақ тілі және математика сабақтарынан қосымша жұмыстанамыз. Кабинетте балалар жан-жақты дамиды. Дефектологтар танымдық сферасын, сенсорлы дамуын және ұсақ қол моторикасын дамыту жұмыстарын жүргізеді, — деді Жамила Өтебайқызы.

Оның сөзінше, мамандар балаларды психологиялық тұрғыда зерттеу және диагностикалау әдістерін қолдану арқылы бақылайды. Осындай жұмыстар кезінде баланың мінез-құлқында не болмаса сөздік қорында ерекшеліктер анықталса, көмек қажет болса, онда психолог, логопед, дефектологқа жүгінуге жолдайды.

Біз ата-аналармен бірлесе жұмыс жасаймыз. Әр балаға бекітілген бағдарламалар арқылы түрлі дамыту сабақтарын өткіземіз. Сондай-ақ, үлгерімі мен тәртібінде, даму үдерісінде жағымды өзгерістер болса, ата-анаға үнемі айтып отырамыз. Бала, ата-ана, арнайы маман әдемі үндестікте жұмыс жасайтын болса, баланың қалыптасуы тез жүреді, — дейді ол.

ЕМБІДЕН ТҮЗЕУ КАБИНЕТІН АШУ – ЖОСПАРДА

Бірнеше жылдан бері ерекше балалармен жұмыс жасап келе жатқан аудандық психологиялықпедагогикалық түзеу кабинетіне бүгінде 90-нан астам ерекше бала келіп, кешенді ем қабылдайды. Оның 69-ы ер бала болса, 22-сі қыз бала. Меңгеруші Перуза Аяпова түзеу кабинетінің мақсаты — ерекше білім беруге қажеттіліктері бар балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу және түзеп-оқыту, жеке тұлға ретінде қалыптастыру, әлеуметтік ортаға бейімдеу екенін айтады.

Мекемеде баланы жанжақты зерттеп, кешенді көмек беру үшін материалдық-техникалық базасы жинақталған. Кабинеттеріміз талапқа сай безендірілген. Жоғарыда аталған ерекше баланың 32-сінің мүгедектігі бар, ал 41-нің психикалық дамуы тежелген, оның 6-уы жеңіл, орташа және ауыр ақыл-ой кемістігімен тіркелген, 2-уінің есту қабілеті төмен, сонымен қатар 19 баланың сөйлеу тілі бұзылған, 12 балада церебральды сал ауруы болма, 11-і аутизм сырқатына шалдыққан, — дейді Перуза Қуанышқызы.

Түзеу кабинетінде 12 қызметкер бекітілген бағдарламалар негізінде жұмыс атқарады. Олар — дефектолог, мұғалім-логопед, педагог-психолог, әлеуметтік педагог, тәрбиеші, музыкалық ырғақ педагогі, емдік дене тәрбиесі нұсқаушысы.

Біздің мекемедегі мамандар сабақтарды жеке және топтық түрде өткізіп, жаңа технологиялар қолданады. Әр оқушыға диагноздары мен жас ерекшеліктеріне сай жеке дамыту бағдарламалары құрылып, күнтізбелік жоспарға сәйкес сабақтар өткізіледі. Балалардың танымдық қабілеттері мен қызығушылықтарын арттыру мақсатында түрлі дидактикалық материалдар жасақтайды. Олар баланың көру және есту қабілеті арқылы қабылдау түйсігін дамытып, ой-өрісін кеңейтіп, ойлау қабілетін жақсартуға жұмыстанады. Балаларды өз бетімен еңбектенуге, сөздік қорын дамытуға, сөздерді байланыстырып сөйлеу қабілетін арттыруға бар тәжірибелерін салады. Мамандар ата-аналарға кеңестер беріп, психологиялық қолдау көрсетіп, дөңгелек үстелдер өткізеді. Үй жағдайында баламен қалай айналысу керектігі жөнінде шеберлік сағаттарын да ұйымдастырады, — деді Перуза Аяпова.

Кабинет меңгерушісі осы жылдың аяғына дейін Ембі қаласынан психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің ашылатынын айтты. Бүгінде ол жақтағы ерекше білім беруді қажет ететін 120 бала үшін ашылатын кабинеттің ғимаратына күрделі жөнде жұмыстары жүргізілуде.

ОҚУШЫЛАР ЖЕТІСТІГІ ҚУАНТАДЫ

Аудан аумағындағы мектептердің бірқатарында демеушілікпен ерекше балаларға арналған психологиялық қолдау кабинеттері бар. Оның бірі — Ақкемер орта мектебі. Мектеп директоры Асел Бүркіталина өткен жылы Ақкемер жалпы білім беретін орта мектебінде инклюзивті балаларға арналған психологиялық-педагогикалық қолдау кабинеті ашылғанын тілге тиек етті. Аталған кабинет «Туған жерге тағзым» акциясы аясында әр жылдарда мектепті бітірген 1999, 2004, 2009 жылғы түлектер және ауыл азаматтары Қайрат Алмағамбетов пен Ізгілік Тлесовтің демеушілігімен жүзеге асырылған. Сонымен бірге кабинет оқу мен үйренуге қажетті құралжабдықтардың барлығымен дерлік қамтылған.

Ал Еңбек ауылдық округінің орталығындағы Сағашилі жалпы білім беретін орта мектебінде инклюзивті білім беру 2013 жылдан бастап жүргізіле бастаған. Мектеп директоры Қайрат Сәрсенбаев сол жылы алғаш рет 1 сыныпқа ПМПК қорытындысы бар ерекше оқушының келгенін тілге тиек етті.

Ол кездері сүйемелдеуге байланысты нақты нұсқаулық, бұйрықтар болмады, дегенмен ұжымның қолдауларының арқасында оқушымен толық жұмыс жасай алдық. 2016 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының «Білім беру ұйымдарындағы психологиялық-педагогикалық консилиум» туралы ережесі шығып, әрі қарай сол ереже басшылыққа алынды. Ережеге сәйкес құжаттар жинақталып, жұмыстар жүргізілді. Ата–аналардың келісімі бойынша мамандар, пән мұғалімдері, сынып жетекшілері жұмыстанды. Үздіксіз еңбек пен жауапкершіліктің арқасында оқушыларда алға жылжулар байқалып, нәтижесінде ПМПК есебінен де шығардық. Бұл дегеніміз үлкен нәтиже еді. Ерекше білім беруді қажет ететін оқушыларға арналған «Шексіз шығармашылық» байқауында оқушымыз ауданнан және облыстан 1 орын иегері атанды. Дәл сол сияқты осындай оқушыларға арналған халықаралық, республикалық олимпиадаларға жыл сайын мектеп оқушылары қатыстырылып отырады. 2019 жылы директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары З.Байланова Астана қаласына «ЕББҚ оқушылармен жұмыс жасау алгоритмі» тақырыбындағы республикалық семинар-практикумға қатысып, өз іс-тәжірибесімен бөлісіп келді. Сол секілді мамандар ерекше баламен жұмыс жасау барысында өздерін үнемі дамытып, тәжірибелерін толықтырып отырғаны абзал, — деді мектеп директоры Қайрат Жұмамұратұлы.

Мектеп директоры 2021- 2022 оқу жылында мектептегі педагогикалық ұжымының демеушілігімен ерекше балаларға ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арнап шағын кабинеттің жасақталғанын жеткізді. Бүгінде аталған кабинетте логопед, психолог, әлеуметтік мамандар ерекше о қушылармен түзету-дамыту сабақтарын өткізеді.

2023-2024 оқу жылында мектебімізде арнайы педагог штаты беріліп, қазіргі таңда маман ПМПК қорытындысы мен ұсынысы негізінде оқушылармен жұмыстануда. Мектеп бойынша ерекше білім беруді қажет ететін 8 бала білім алуда. Бүгінде арнайы педагогтың кабинеті бар және өз қаражатымен талапқа сай жайлап жасақтап алды. Сонымен бірге ата–ананың келісімімен арнайы мектепте оқып жатқан балалар да бар. Ол ата-аналар қазіргі таңда өз балаларының жақсарып, ортаға бейімделгенін айтып, көмек қолын созған және дер кезінде ұсыныс берген мектеп мамандарына алғыстарын білдіруде. Ал инклюзивті кабинетке арнайы жағдайлар жасалу үшін «Мектепке дейінгі, орта білім беру ұйымдарын, сондай-ақ арнайы білім беру ұйымдарын жабдықтармен және жиһазбен жарақтандыру нормаларын бекіту туралы» ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 22 қаңтардағы №70 бұйрығына сәйкес алдағы уа-қытта мемлекет тарапынан қаражат бөлініп, қажетті құралжабдықтармен жасақталып, бұйрықпен бекітілсе деген үмітіміз бар, — деді ол.

Мектеп директоры Қайрат Жұмамұратұлы мектеп ұжымының ұйымдастыруымен өткен оқу жылында «Мектептегі психологиялық-педагогикалық қолдау жұмыстарын ұйымдастыру» тақырыбында мектепішілік психологиялықпедагогикалық қолдау жұмыстарын көрсету, мамандардың іс-тәжірибелерін тарату, аудан мектептеріне әдістемелік көмек көрсету мақсатында аудан көлемінде екі бірдей семинар өткізілгенін айтты.

Өткізілген семинарлардың мақсаты — ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды табысты оқыту, дамыту және әлеуметтендіру үшін әлеуметтік–психологиялық және педагогикалық жағдайлар жасау барысындағы тәжірибені тарату. Семинарлар жоғары деңгейде бағаланды, — деді ол.

Түйін

Мақала жазу барысында бірнеше атаананы сөзге тартып, баласының ауытқушылығы бар баламен бір сыныпта отырып, білім алуына қалай қарайтынын сұрадық. Көпшілігі қолдамай, тіксініп қалды. Сөз соңында баланы «ерекше немесе қалыпты» деп бөліпжармай, өзектен теппей, бауырға басып, қоғам болып көмектесу керегін айтқымыз келеді.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

МЕКТЕП ПРЕЗИДЕНТТЕРІ БАС ҚОСТЫ

admin_mugalzhar

БАУЫРЖАН — ӘЛЕМДІК АРЕНАДАҒЫ ТӨРЕШІ

admin_mugalzhar

Фермерлер несиеге өтінімді онлайн береді

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.