«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

«DAMDY-нің» ДӘМДІ ӨНІМДЕРІ

Кез келген мемлекеттің, облыс пен қаланың әлеуметтік-экономикасын алға сүйрейтін негізгі күш – ол орта және шағын бизнес. Яғни өз-өзін және өзгелерді де жұмыспен қамтып, әрі мемлекетке салық төлеп, халыққа қажетті бұйым мен азық-түлік өндіретін кәсіпкерлік нысандар экономиканың басты қозғаушы күші болып табылады. Бүгінде Қандыағаш қаласында тұтынушының талаптарын баса назарға алып, тиімділігін ескере отырып, өз өнімдерін ұсынып жатқан кәсіпкерлер саны артып келеді. Бәсекелестікке қабілетті бірқатар өнімдер де бүгінде аудан аумағында сатылымға шығарылып жатыр. Өткен аптада «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы аудандық филиалының төрағасы Көмекбай Бектұрғанов және кәсіпкерлер кеңесі мүшелері сондай өнімдерді сатылымға шығаруды қолға алған мұғалжарлық «Damdy» кондитерлік цехына барып, олардың жұмыс барысымен танысты. Кездесудің басты мақсаты кәсіпкерге мемлекет тарапынан жасалатын жеңілдіктерді насихаттап, қолдау көрсету және кәсіп ашқысы келетін жандарға бағыт-бағдар беру.

Жалпы кәсіп саласына 2018 жылы келдім. Ол кезде азықтүлік дүкенін ашқан едім. Ал 2023 жылдың қараша айында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 8 млн теңге несие алып, 2024 жылдың қаңтар айында осы іске кірістік. Қазір қарамағымда 8 жұмысшы қызкеліншектер бар. Жұмыс уақыты 9.00-17.00 аралығында. Алғашында торт, бәліш, жалпы дастарханға қойылатын түрлі ассортименттерден бастаған болатынбыз. Қазір жартылай өнімдерді де шығарудамыз. Бүгінде цехтан 54 түрлі өнім шығарылады. Қала бойынша жеке дүкенімізге және жарты жылдай болып қалды басқа да дүкендерге өнімдерімізді өткізудеміз. Жуырдан бастап елді мекендерден де тапсырыстар келіп түсуде. Сондай-ақ жеке адамдардан да тапсырыстар қабылдаймыз. Мысалы, жаз бойы той үшін тәтті бәліштерге тапсырыстар көптеп түсті, — дейді кәсіп иесі Анаргүл Көпбаева.

Түсінгені, үйдегі хоббиі кәсіби кондитер болуға аздық етеді екен. Дайындаған өнімдері тұтынушы көңілінен шығуы үшін біліктілік керек. Бәсекеге қабілеттілік сын көтермеген жерде шығынға батасың. Осының бәрін басынан өткізіп жатқан кәсіпкердің қасында бүгінде үнемі қолдаушысы болып жүрген туған сіңлісі бар. Ол да осы цехта жұмыс жасап, кәсіптің жүріп кетуіне барынша атсалысуда. Өзінің тұрақты жұмысы бола тұра, бауыры үшін бәрін тастап, Ақтөбе қаласынан уақытша келген екен.

Мен өзім технолог мамандығын бітіргеннен кейін апама кәсібіне шамалы болсын көмектескім келді. Себебі кез келген кәсіпке жан-жақтан тексерістер келетіні белгілі. Осы орайда құжат болсын, құрал-жабдықтар болсын, тағамдардың дайындалудағы процестердің барлығынан менің хабарым болғандықтан, бар білгенімді көрсетіп, есеп-қисаптары бойынша бар жұмысты өз мойныма алдым, — дейді сіңлісі Жадыра Мейірманова.

Анаргүлдің дәмі тіл үйіретін, сүйсініп жейтін тәттілеріне тапсырыс берушілер қатары бүгінде күн санап артып келеді. Бармағынан бал тамған кондитердің өнімдеріне ауыл тұрғындарынан ғана емес, көршілес елді мекендер мен шалғай ауылдардан да сұраныс бар. Бүгінде кәсіпті дөңгелетуге әлеуметтік желілердің де көмегі көп. Заман ағымына ілескен кәсіпкер де арнайы парақшасын ашып қойған. Әсем өрнектелген бәліштері мен дәмді тәттілерінің бәрін әлеуметтік желі арқылы жарнамалап отырады. Тапсырысты да осы арқылы қабылдайды.

Тынымсыз ізденіс, еңбекқорлық күткен межеге жеткізетініне көзім жетті. Әрбір тұтынушы дәмді бәліштің, ыстық тоқаштар мен мерекелік тәттілердің дәмді екенін білдіріп, алғыстарын айтқанда, қуанып қаламын. Атам қазақ «алтын алма, алғыс ал» деген ғой. Мен үшін алғыстан асқан байлық жоқ. Бүгінде кондитерлік өнер қыз-келіншектер арасындағы ең ауқымды, бәсекеге толы бизнес екендігі белгілі. Сондықтан да өзгенікінен өзіңдікі өтімді болуы үшін әр тапсырысты шынайы ықыласпен дәмді етіп жасау қажет. Сонда ғана бәсекелестерден бәсің жоғары болмақ. Бүгінде байқап жүргеніміздей, тойда да, мерекелік дастархандарда да көпшілік тек қолдан пісірілген, табиғи өнімдерді ғана аса талғампаздықпен таңдап жейді. Өнімің өтімді болуы үшін барынша сапалы, дәмді етіп жасауға барымды саламын, — дейді кәсіпкер.

Сұраныстың артып отырғаны да сол сапаны бірінші орынға қойғандықтан болар. Тәтті бизнесті тәуекел етіп бастап, көркейтіп отырған кәсіпкер өнімдерінің өз өзгешелігі де бар.

Біз өнімдерімізге ешқандай химиялық қоспалар қоспаймыз. Бәрі табиғи болғандықтан өнімдеріміздің сақталу уақыты да тек қана 2 күн. Иә, біз түрлі қоспалар қосып, уақытын ұзақ мерзімге созсақ болатын еді, бірақ біз тек адал нанымызды тауып, соның жемісін көрсек дейміз. Егер дүкенге тапсырған өнімдеріміз 2 күнде өтпесе, кейін қайтып аламыз, бірақ ондай жағдай әлі кездеспеді, — дейді Жадыра Махамбетқызы.

Тағы бір айта кететін жайт, аталмыш цех жұмысшыларына барынша жағдай жасалған екен. Таңғы астары мен түскі астары тегін және алыс маңда тұратын жұмысшыларын машинамен апарып немесе жалақыларын төлеп отырады екен. Сонымен қатар балаларын балабақшадан алуға үлгеретіндей етіп жұмыс уақытын кешкі 17:00-ге келтірген екен. Алдағы уақытта кәсібін кеңейтуді жоспарлап отырған кәсіпкер келіншек болашақта тағы да жұмысшылар алатынын жеткізді. Бүгінде аталмыш цех ескі ғимаратты жалға алып, жұмыстарын жүргізіп отыр. Анаргүл Көпбаева қазіргі бір ғана мәселесі осы ғимарат екенін де жасырмады. Айтуынша, жергілікті әкімдіктен қаланың орталық аймағынан сатып алуға жер сұраған екен. Бірақ бос тұрған ашық алаңдардың барлығының дерлік иелері бар болып шыққан. Енді «ғимарат салу үшін осы жер мәселесі бойынша қолдау көрсетілсе екен» дейді. Себебі қазіргі отырған орындарын иесі сатылымға шығарып қойған, сондықтан кез келген уақытта далада қалулары мүмкін.

Мемлекет тарапынан кәсіпкерге қолдау бар. Осы істі бастауым да сол қолдаудың арқасы. Енді жер мәселесін шешуге көмектессе екен. Өз қаражатыма сатып алатын жер болса, сол жерге цех салып, кәсібімді кеңейтсем деймін, — дейді Анаргүл кәсіпкер.

Өз кезегінде «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы аудандық филиалының төрағасы Көмекбай Бектұрғанов жалпы бүгінде кәсіпкерлерге қай жағынан болса да қолдау көрсетілетінін жеткізді. Кәсіп иелерінің алдағы уақытта сертификат пен лицензияға «Атамекен» палатасы арқылы қол жеткізе алатынын, ол үшін қандай құжаттар қажеттігін айтып түсіндірді. Ал Анаргүл Көпбаеваға алдағы уақытта инвестор арқылы кәсібін үлкейтуге мүмкіндігі барын айтып, өздеріне шыққан инвесторға «DAMDYні» ұсынатынын жеткізді. Ол үшін бірнеше талаптың барын да жасырмады. Алдымен кәсіпкер талапқа сай жұмысшылар санын арттырып, цех көлемін үлкейтуі қажет. Бұл сұрақтарды әлде де түсіндіру үшін «Атамекен» палатасына жолығу қажеттігін айтты.

Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

Казахстан с 26 апреля сократит число авиарейсов в Турцию

admin_mugalzhar

Ақтөбе облысында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы жалғасуда

admin_mugalzhar

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ — АРДЫҢ ІСІ…

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.