Менің әжем Гүлсара Данекерова жуырда 70 жасқа толды. Балалары үшін бар мейірімін салатын әжемнің мамандығы мұғалім. Бірақ ол өзінің саналы ғұмырын ауданның әлеуметтік саласына арнап, 20 жылға жуық сол салада меңгеруші қызметін атқарып, құрметті ардагер атанды. Атам мен әжем бес бала тәрбиелеп өсіріп, 13 немере мен шөберенің қызығын көрді. Өкінішке орай, атамыз бүгінде өмірде жоқ. Біз, немерелері, мейірімге бөлеп өсірген әжеміздің үмітін ақтау үшін сабақтарымызды жақсы оқып, тәрбиелі болуға бар күш-жігерімізді салып жүрміз. Бауырым Нұрсұлтан және мен мектепті үздік бітіріп, жоғары оқу орындарында оқып жүрміз. Ал өткен жылы «Үздік оқушы» байқауына қатысып, «Елорда дарыны» атағына ие болдым.
Әжем ақыл-парасаттың ордасы секілді. Себебі балаларының да, немерелерінің де жетістікке жетіп, қоғамнан орындарын табуға үлкен үлесін қосқан жан. Ол үнемі біздің сабағымызды бақылап, қай пәнге қызығушылығымыздың барын қарап, оны дамытып, ұлттық салт-дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды санамызға құйып отырады. Сондай-ақ үлкен жанұямыздың басын біріктіріп, ауызбіршілікке, бауырмалдыққа, сыйластыққа шақырып отырады. Әжемнің үлгі етер өнегелі істері туралы тоқтаусыз айта беруге болады. Балалық жүрегімнен шыққан өлең жолдарын әжеме арнағым келеді:
Әжетайыма
Айналайын, асыл әжем ардақты,
Сіздей жанды кезіктірмес бармақты.
Жетпіске де жеттіңіз-ау аман-сау,
Құттықтайды немереңіз бұл сәтті!
Аман болып, ұзақ өмір сүріңіз,
Әрқашан да шуақ шашып жүріңіз.
Өміріме үлгі болар мәңгілік,
Бар ардақтым, асылым да өзіңіз.
Махаббатқа бөлеп бізді өсірген,
Ертегі айтып, әлдилеген тербеген.
Ақ шашыңа қарыздармыз біз сіздің,
Ақ жаулығың ардан биік, мәртебең!
Дильназ МҰХАНБЕТШӘРІП, Қандыағаш қаласы