«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

БАЛАНЫ ДАМЫТУ КАБИНЕТІ — АНАНЫҢ КӨМЕКШІСІ

БҰЛ КАБИНЕТ — ӘРТҮРЛІ ЖАСТАҒЫ БАЛАЛАРДЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫН ЖАН-ЖАҚТЫ БАҚЫЛАУҒА ЖӘНЕ ҚОЛДАУҒА АРНАЛҒАН АРНАЙЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ КАБИНЕТ. ОНЫҢ МІНДЕТІНЕ БАЛАНЫҢ ФИЗИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ДАМУЫН БАҒАЛАУ, ӘРТҮРЛІ АУРУЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖӘНЕ ЕМДЕУ, СОНДАЙ-АҚ АТА-АНАЛАРҒА АРНАЛҒАН КЕҢЕСТЕР МЕН ҰСЫНЫСТАР КІРЕДІ. БҮГІНДЕ МҰНДАЙ ҚЫЗМЕТ ТҮРІНІҢ БАРЫН КӨП ТҰРҒЫНДАР БІЛЕ БЕРМЕУІ МҮМКІН. СОЛ СЕБЕПТІ ЖУЫРДА ОСЫ КАБИНЕТТІҢ ЖҰМЫСЫМЕН АРНАЙЫ ТАНЫСЫП, КӨЗБЕН КӨРІП ҚАЙТТЫҚ. ЕНДЕШЕ…

Кабинетке кіргеніміз сол еді, кішкентай бүлдіршіннің ойыншықтармен ойнап отырған сәтіне дөп түстік. Осы жерде жылы шыраймен қарсы алған медбике Рита Шарафутдинова бірден дәрігермен таныстырып, ал өзі бала мен ананың қасына кетті. Бұл кабинет — баланың әлауқаты мен дамуын қамтамасыз етуге көмектесетін отбасылық дәрігер мен отбасы арасындағы көпірдің бір түрі. Ол ата-аналар мен олардың балалары үшін бірқатар негізгі функциялар мен мүмкіндіктерді ұсынады. Көрсетілетін қызметтер шеңберінде баланы тұрақты тексеру жүргізіледі, оның ішінде — физикалық тексеру, талдаулар, өлшеулер және ықтимал мәселелер мен ауытқуларды анықтауға бағытталған диагностикалық процедуралар. Сонымен қатар кабинетте әртүрлі инфекциялар мен аурулардан қорғауды қамтамасыз ету үшін профилактикалық егулер ұсынылады. Баланы дамыту кабинетінің негізгі функцияларының бірі — атааналарға арналған кеңестер мен ұсыныстар. Кабинетте жұмыс істейтін дәрігерлер ата-аналарға бала күтімі, тамақтану, физикалық белсенділік, психологиялық және эмоционалдық даму мәселелерін түсінуге көмектеседі. Олар сондай-ақ басқа мамандармен өзара әрекеттесу бойынша ұсыныстар бере алады. Егер балаға ортодонттар немесе логопед сияқты мамандардың тексеруі қажет болса, учаскелік дәрігеріне ескертіп, әрі қарай ем-шара алуына ықпал етеді.

Мен осы кабинетке 2020 жылы келдім. Олкездекабинет «Дені сау бала кабинеті» деп аталды. Ал қазір «Баланы дамыту кабинеті» болып өзгертілді. Біздің жұмысымыздың маңызды бөлімдерінің бірі – ана сүтімен емізуді насихаттау. Бұлай емізудің тиімді және ұзақ болуыүшінананыңпсихологиялық көзқарасы мен баласын ұзақ уақыт тамақтандыруға деген ықыласы, емізудің маңыздылығын сезінуі, кеудегедұрыс қоюықажет. Осы мәселелердің барлығын шешуде учаскелік медбикелер жетекші рөл атқарады, бірақ біздің кабинеттің медбикесі оларға үлкен көмек көрсетеді. Баланы дамыту кабинетіндегі медбикенің еңмаңызды іс-әрекеті — тамақтануды бақылау және жас ананың кеудеге дұрыс бекітілуіне көмектесу, — дейді кабинет дәрігері Ақсауле Құрантаева.

Барлық ата-ана баласының дені сау, көңілді болғанын қалайды. Бұл тұрғыда қазір әрбір емханада ұйымдастырылған арнайы қабинет ата-аналарға үлкен көмек көрсете алады. Баланың дені сау болуы үшін ең алдымен ананың дені сау болуы керек. Болашақ ана бала туылғанға дейін 12 және 32 апталығында осы кабинетке келеді. Онда ол «Емшекпен емізу» тақырыбында дәріс тыңдайды, кішкентай балаларды тәрбиелеудің негізгі ережелерін және кеудеге қалай дұрыс бекіту керектігін, қосымша тамақтандыруды қалай дұрыс қосу керектігін үйренеді. Бала өмірге келген сәттен 6 жасқа дейін осы жерден тексерістен өтеді.

Жалпы кабинет қызметкерлері баланың өмірге келген сәтінен бастап, алғашқы қосымша тамағына дейін 6 айлық балаларға қосымша тағамдарды қалай дұрыс қосу керектігі туралы, 2 жастан 6 жасқа дейінгі дамып келе жатқан балалармен дұрыс ойнау және 5 жасқа дейінгі баланың физикалық дамуын бағалау жайында ата-аналармен сөйлеседі. Сонымен қатар медбике жүкті әйелге дәріс оқып, әңгіме жүргізеді. Дәрісте жас аналарға баланы дұрыс қарау, мерзімінен бұрын босанудың алдын алу, салауатты өмір салты ережелері, рационалды тамақтану, жеке бас гигиенасы, дәрігердің тұрақты бақылау қажеттілігі, тұрғын үй гигиенасы, тұрмыс жағдайы, әке мен шешенің жаман әдеттері, отбасындағы созылмалы аурулар, бала тууға дайындық секілді тақырыптар қозғалады, — дейді дәрігер.

Жас аналарға кабинетте жүкті және бала емізетін ананың тамақтануы мен режимі, массаж және гимнастика кешендері, баланың физикалық және жүйке-психикалық дамуы туралы ақпарат беретін және баланы қабылдауға дайындау стенділері бар. Атааналар бұл ақпаратпен кез келген уақытта таныса алады. Сондай-ақ 6 жасқа дейінгі балаларға арналған барлық жағдай жасалған. Жұмсақ кілем, баланы дамытушы түрлі-түсті ойыншықтар, гигиеналық заттармен тамақты дұрыс дайындауды үйрететін бөлек ресурстық кабинет бар. Ол кабинетте медбике және дәрігер аптасына 2 рет аналарға арнайы уақыт арнап, баланың жас ерекшелігіне байланысты қандай тағамдарды беру керектігін үйретіп, дайындалу процестерін көрсетеді. Яғни, тағамдардың арнайы майсыз пісірілуі, қандай көлемде дайындалу керектігі, балаға қалай беру қажеттігі жайында егжей-тегжейлі айтылады. Ол кабинет барлық азық-түлік, ыдыс-аяқ, тіпті газ плитасымен қамтамасыз етілген.

Бұл жерде күніне 15-20 шақты баланы қабылдасақ, сол көлемде ананы да қабылдаймыз. Соңғы уақытта аналарда қан аздық көптеп кездеседі. Әсіресе, жүкті әйелде қан аздық болса, ол іштегі балағадаәсеретеді. Барлықауру сол қан аздықтан басталады. Сондай анадан туған балада да міндетті түрде қан аздық болады. Тіпті, соның кесірінен көптеген аурулар қозады. Қазіргі жаңа туылған балаларда гипоксия көп кездеседі. Гипоксия болған балада даму кеш болады. Тіпті, сөйлемеу, тілі шықпау, есіміне назар аудармау, аутизм, баланың құлақ естімеуі де көптеп кездесуде. Осының барлығыбаланың құрсақта жатқанынан бастау алады. Осыны үнемі айтып отырамыз, бірақжасаналаркөпмәнбермейді, жүктілікті жоспарлау деген тіпті аз кездеседі, — деп налыды медбике Рита Шарафутдинова.

Сондай-ақ жас аналар, жүкті және бала емізетін әйелдерді сұрақтары мен мәселелері болса, №208 кабинетке хабарласуға шақырды.

АНАЛАР НЕ ДЕЙДІ?

Айгерім Аденова, Қандыағаш қаласының тұрғыны:

«Мен бұл кабинетті 2015 жылдан бері білемін. Үнемі қабылдауда боламын. Бұл жерде барлығы толығымен түсіндіріледі. Әсіресе, айлық балаларға арналған тамақтарды дайындау туралы. Бұл жас аналарға пайдалы деп айтар едім».

Анар Кужанова, Елек ауылының тұрғыны:

«Бүгінгі күнге дейін бұндай кабинеттің барын білген емеспін. Учаскелік педиатрдің қабылдауында болғанымда, мені осы кабинетке жіберді. Дәрігермен сөйлесу барысында балам тып-тыныш ойыншықтармен ойнап отырды. Келесіде үнемі келіп жүретін боламын және таныстарыма да айта жүремін».

Меруерт Жоламанова, Ембі қаласының тұрғыны:

«Біз ауылдан тек баланы арнайы медициналық сараптамадан өтуге шақырғанда ғана бас сұғамыз. Екінші балам дүниеге келгеннен кейін ғана осындай кабинеттің барын білдім. Өте пайдалы кеңестер алып жүрмін. Баламды да өте жақсы қарайды».

Жансауле Симағамбетова, Қандыағаш қаласының тұрғыны:

«Мұндай кабинет туралы қызымды мектепке бергеннен кейін ғана білдім. Ауруханаға көп келмейтіндіктен біраз дүниеден бейхабар екенбіз. Қызым мектепке бармаса, медициналық сараптамадан өтпесек, білмейді де екенбіз. Сондықтан осылай көпке айтып, жариялап отыру керек деп ойлаймын».

Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

 

 

 

Ұқсас ақпараттар

«Ds theater studio» театрының режиссеры және жетекшісі Дәулет Серікбаевпен сұхбат

admin_mugalzhar

Pfizer Омикрон штамына қарсы 100 млн вакцина өндірмек

admin_mugalzhar

ОБЛЫС ӘКІМІ ГАЗОБЛОК ШЫҒАРАТЫН ЗАУЫТҚА БАРДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.