«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

АУДАН ӘКІМІ ДЕПУТАТТАР АЛДЫНДА ЕСЕП БЕРДІ

АУДАН ӘКІМІ ДАРХАН ЕРМАҒАНБЕТОВ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТТАТТАРЫ АЛДЫНДА ОСЫ ЖЫЛЫ АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАРЫ ЖӨНІНДЕ ҚОРЫТЫНДЫ ЕСЕБІН БЕРДІ.

Есептік кездесу «AMANAT» партиясы Мұғалжар аудандық филиалында 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге» атты Жол картасының сайлау алды бағдарламасының орындалуы бойынша өтті. Жол картасында 91 тармақ бекітілген. Аудан басшысы аталған тармақтардың 83 тармағын осы жылы орындау жоспарға алынғанын, дегенмен 10 айдың қорытындысы бойынша тармақтардың 65%-ы орындалып, 35%-ы орындалу сатысында екенін жеткізді.

Аудан әкімі есебінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталып, өнеркәсіп саласы 95,3 пайызға, тартылған инвестиция 95,8 пайызға, ауылшаруашылық саласы 102 пайызға, тұрғын үймен қамтамасыз ету 77,2 пайызға, құрылыс саласы 133,1 пайызға, бөлшек сауда 103,2 пайызға орындалғанын жеткізді. Сонымен бірге осы жылы аудан аумағында үш жаңа мектептің құрылыс жұмыстары аяқталып, оқушылар үшін мектеп есіктері айқара ашылғанын, Жарық ауылына көгілдір отын тартылғанын, Қандыағаш қаласында көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары абаттандырылғанын, көшелерге асфальт жолдары төселгенін айтты.

Биылғы жыл барша ақтөбеліктер үшін оңай болмады. Көктем кезіндегі төтенше жағдай елді есеңгіретіп жібергені рас. Біз осы жағдайды ел болып еңсеріп шықтық деп есептеймін. Ауданда су тасқынының салдарын жою бойынша ауқымды іс-шаралар атқарылды. Тасқын кезінде су басқан Жағабұлақ ауылында бүгінде жаңадан 9 үй, Бірлік ауылында 5 үй салынды. Тасқын кезінде барлығы 76 үй мен 3 коммерциялық нысанға зақым келіп, 8 шаруа қожалығы шығындалды. Су тасқынынан зардап шеккендерге жалпы көлемі 26 миллион теңгеден астам біржолғы көмек берілді. 55 отбасыға дайын үй сатып алынып берілді. Сонымен қатар аудан бойынша 7 үйге жөндеу жүргізілді, осы мақсатта 17 миллион теңге берілді, — деді аудан әкімі.

Дархан Ермағанбетов Жол картасы бағдарламасындағы 2024 жылы орындалмау қаупі бар тармақтарды да атап көрсетті. Олар — Қандыағаш қаласы «Самал» мөлтек ауданындағы 600 орындық мектеп құрылысы, Жарық және Құмсай ауылдарындағы ауыз су мәселесі, Сағашилі -Талдысай, Қаракөл-Ащысай ауыларалық жолдары, Мұғалжар ауылындағы мәдениет үйінің құрылысы мен Ақкемер ауылындағы ангар типті спорт ғимараты.

Бүгінде бұл аталған жұмыстардың бірқатарын жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

Н.ТІЛЕП

Ұқсас ақпараттар

Қаңтардағы ҰБТ-ға қатысу үшін өтініш қабылдау жүріп жатыр

admin_mugalzhar

Ақтөбеде есірткі заттарын дайындаған притон табылды

admin_mugalzhar

Дүниежүзілік банк Қазақстан Үкіметінің жұмысына оң баға берді

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.