«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Ақтөбе облысында былтыр 33 жаңа білім беру нысаны салынды

Бұл туралы халықпен есептік кездесу кезінде Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин мәлімдеді. Өңір басшысы 2016-2019 жылдарға арналған ғылым мен білімді дамытудың мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асырудың қорытындысы бойынша барлық көрсеткіштерге қол жеткізілгенін атап өтті.

«2 мың орындық 21 балабақша пайдалануға берілді. Бұл 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100% қамтуға мүмкіндік берді. Балабақшаға тіркеу және жолдама беру электрондық форматқа ауыстырылды. Мектепке дейінгі ұйымдарда атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларының тамақтануына 70% жеңілдік төлеу мәселесі шешілді. Сондай-ақ, пайдалануға берілген 12 мектеп 5 үш ауысымды, 7 ескі және апатты жағдайдағы мектептер проблемасын шешуге мүмкіндік береді»,- деді өңір басшысы.

Апатты жағдайдағы мектептердің ғимараттарын қайта жаңартуға, күрделі жөндеуге және жаңғыртуға, сондай-ақ оларды заманауи жабдықтармен жарақтандыруға көп көңіл бөлінеді. Үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептерді, сонымен қатар, оқушы орындарының жетіспеушілігін жою үшін1 880 орындық 5 мектеп пайдалануға беріледі. Ағымдағы жылы Батыс-2 ауданында жеке инвестициялар есебінен 1800 орындық екі мектептің құрылысы жүргізілуде.

2020 жылы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік механизмі арқылы Ақтөбе қаласының автожол, медициналық және политехникалық колледждерінің 500-ден астам студентін жатақханамен қамтамасыз ету жобаларын іске асыру жоспарлануда. Облыста денсаулық сақтауды дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Жаңа медициналық мекемелер салынып, жұмыс жасап тұрған емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасы нығаюда, халыққа медициналық қызмет көрсету сапасы жоғарылауда.

«Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы облыс тұрғындары үшін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік берді. Соңғы 3 жылда өңірде жалпы құны 11 млрд.теңгеден астам 30 медициналық мекеме салынды. Олар жедел медициналық жәрдем станциясы, «Дару жарығы» офтальмологиялық клиникасы, 12 дәрігерлік амбулатория, 4 фельдшерлік – акушерлік пункт, 6 медициналық пункт сынды ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау нысандары. Медициналық мекемелерді заманауи инновациялық медициналық жабдықтармен жабдықтау жылдан жылға жақсарып келеді. Осының барлығы облыстың негізгі демографиялық көрсеткіштерінің жақсаруына әкелді. Соңғы 3 жылда облыста халықтың күтілетін өмір сүру ұзақтығы 72-ден 73,4 жасқа дейін, бала туу – 4,9%-ға өсті, жалпы өлім-жітім 5,7%-ға төмендеді»,- деді Оңдасын Оразалин.

Облыс әкімі сондай-ақ, спорт нысандарының да салынып жатқанын атап өтті. Мәртөк ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталды. 2020 жылы Ырғыз, Қарғалы, Әйтеке би, Байғанин, Темір және Хромтау аудандарында бұрын басталған дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің, Ақтөбе қаласындағы ипотерапия әдісімен дене мүмкіндіктері шектеулі балаларды оңалту және емдеу үшін ат қорасы бар жабық манеж құрылысын аяқтау жоспарлануда.

Ұқсас ақпараттар

Қазақстанда 50 мыңға жуық адам коронавирустан емделіп жатыр

admin_mugalzhar

90 ЖЫЛ ОҚЫРМАНЫМЕН БІРГЕ…

admin_mugalzhar

САҒАШИЛІ АУЫЛЫНЫҢ КІРЕБЕРІС ЖОЛЫ ЖӨНДЕЛДІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.