Жыл сайын миллиондаған жолаушы ел ішінде сапар шегеді, теміржол машина жасау кәсіпорындары жаңа жұмыс орындарын ашып, өңірлерді дамытып, Қазақстанның экономикалық әлеуетін арттыруда.
Елдегі теміржол желісінің ұзындығы 21 мың шақырымды құрайды. 2024 жылы осы желілер арқылы шамамен 21 миллион жолаушы және 430 миллион тоннадан астам жүк тасымалданды.
Ақтөбе облысында есептік кезеңде теміржол көлігі қызметін 1,7 миллионнан астам адам пайдаланып, 37,1 миллион тонна жүк тасымалданды. Сонымен қатар, Ақтөбе облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы әлеуметтік маңызы бар «Ақтөбе-Шалқар» теміржол бағытын ұйымдастырды. Қазіргі таңда бұл бағыттағы пойыз билеттерінің құны облыстық бюджеттен субсидиялануының нәтижесінде басқа жолаушылар пойыздарымен салыстырғанда 55%-ға арзан.
Аймақта теміржол қызметінің сапасын арттыру бойынша жұмыстар жалғасады. Бұған отандық теміржол машина жасау кәсіпорындарының қарқынды дамуы ықпал етуде.
Қазақстан Республикасы Индустрия және құрылыс министрлігінің мәліметінше, 2024 жыл Қазақстанның теміржол машина жасау зауыттары үшін өндіріс көлемі бойынша рекордтық көрсеткішке жетті: 124 локомотив, 2 565 жүк вагоны және 122 жолаушылар вагоны шығарылды. Өндірістің артуы жылжымалы құрамды жаңартуға және импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік берді.
Жалпы, соңғы 10 жылда Қазақстанда 600-ге жуық вагон жаңартылды. 2024 жылы 143 жаңа вагон, соның ішінде отандық өндірістегі вагондар пайдалануға берілді. Бұл «Қызылорда-Семей», «Астана-Көкшетау», «Павлодар-Алматы», «Павлодар-Түркістан», «Жезқазған-Алматы», «Ақтөбе-Атырау» және «Маңғыстау-Атырау» бағыттарындағы тасымал сапасын арттыруға септігін тигізді. 2025 жылы тағы 226 жаңа вагон әкелу жоспарланып отыр, бұл вагон паркінің тозу деңгейін 44%-дан 38%-ға дейін төмендетіп, жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасайды.
Теміржол машина жасау саласы көлік инфрақұрылымын дамытумен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге де әсер етеді. Қазіргі таңда бұл салада 8 000-ға жуық адамды жұмыспен қамтып отырған 60 отандық кәсіпорын жұмыс істейді. 2024 жылы Астана, Қостанай және Екібастұз қалаларында жаңа өндіріс орындары ашылып, 215 адам жұмыспен қамтылды.
Алдағы екі жыл ішінде Қазақстанда 12 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 3 000 жаңа жұмыс орны ашылады.